Массачусетс технологиялық институтының зерттеушілері ұйқысыздықтың ми жұмысына әсерін жаңа деңгейде ашып көрсетті. Nature Communications журналында жарияланған зерттеу нәтижесіне сәйкес, ұйқы қанбаған кезде ми қысқа уақытқа «өзін-өзі тазалау» режиміне ауысады, бұл кезде адамның назары мен концентрациясы төмендейді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеу барысында 26 ерікті екі жағдайда тексерілген: толыққанды ұйқыдан кейін және бір түн ұйықтамай өткізген соң. Олардың ми белсенділігі электроэнцефалография мен функционалды МРТ арқылы бақыланған. Сонымен қатар қатысушылардың тыныс алуы, жүрек соғысы және қарашығының (көздің) диаметрі өлшеніп отырған.
Нәтижесінде ғалымдар назардың қысқа уақытқа «өшу» сәттерінде мидан жұлын сұйықтығының толқыны кетіп, кейін қайта оралатынын байқаған. Әдетте мұндай процестер ұйқы кезінде жүреді және ми күн бойы жиналған метаболикалық қалдықтардан осылай тазарады. Бірақ ұйқы жетіспеген кезде ми бұл процесті ояу күйде іске қосуға мәжбүр болады, оның салдары назардың уақытша жоғалуы мен ойдың шашырауына әкеледі.
Бұл сәттерде адамның тынысы мен жүрек соғысы баяулап, қарашықтар кішірейеді, ми мен дене қысқа уақытқа «ұйқыға ұқсас» күйге өтеді. Ғалымдар мұны назар, қан айналым және жұлын сұйықтығының қозғалысын бір жүйемен реттейтін ортақ нейрондық контурмен байланыстырады.
Мамандардың пікірінше, бұл контурдың негізгі бөлігі, норадренергиялық жүйе. Ол ми белсенділігін, назар мен физиологиялық көрсеткіштерді норадреналин арқылы реттейді.
Зерттеу нәтижесі ұйқының маңызын тағы бір дәлелдеді: ми ұйқы жетіспеген жағдайда өзін қорғау үшін «автоматты тазалау» режимін қосады, бірақ бұл қысқа мерзімді зейіннің жоғалуына және когнитивті шаршауға әкеледі.