Енді авторлық қоғамдарға 20%, ал авторларға 80% гонорар төленеді – депутат

Бүгін, 15:10 / Дана Ізтілеуова
ашық дереккөзден

Бүгін Мәжіліс екінші оқылымда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады. Осыған орай Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков елімізде авторлық құқықты қорғау саласында маңызды қадам жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Осы бір құрғақ сөздердің астарында біздің, Мәжіліс және Сенат депутаттарының, Әділет министрлігінің, сондай-ақ шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің, авторлардың, және авторлық қоғамдардың ауқымды жұмысы тұр.

Бұл өзгерістердің қабылдануының арқасында елімізде Бірыңғай Цифрлық Платформа құрылатын болады, ол біздің ойымызша, барлық авторлық құқық объектілерін пайдаланудың толық ашықтығын қамтамасыз етуге, процесске қатысушылардың барлығының – құқық иеленушілердің (авторлардың), пайдаланушылардың және, әрине, еліміздің аумағында авторлар мен құқық иеленушілердің мүліктік құқықтарын қамтамасыз етудің кепілі ретіндегі мемлекеттің өзара қарым-қатынастарына тәртіп орнатуы тиіс", – дейді депутат.

Ерлан Стамбековтың мәліметінше, аталаған заңда авторлық қоғамдар мен авторлар арасындағы гонорарларды бөлу пропорциясы бойынша норма бекітілді. Енді ол: авторлық қоғамдарға 20% және авторларға 80% төленбек. Бұған дейін ол 30/70 болған.

"Бұл заң жобасын ілгерілету кезінде біз осы өзгерістерді қаламайтын, ескі әдіспен, «жасырын», авторларымыздың құқықтарын бұза отырып жұмыс істеуді жөн көретін күшті қарсылықтарға тап болдық. Бірақ бұл – әлі де құқық қорғау органдарының бейтарап тексеруін күтіп тұрған бөлек әңгіме. Әділдік үшін айта кету керек, заңдағы өзгерістер авторлық қоғамдардағы авторлық гонорарларды бөлудің тамыр жайған ашықтығы мен әділетсіздігіне қатысты авторлардың, пайдаланушылардың көптеген өтініштеріне жауап ретінде де болды.

Бүгінде Парламент Мәжілісі қабырғасында «Креативті индустриялар туралы» заң жобасы да бар, оның бірлескен авторларының бірі мен де боламын. Негізінде, онымен жұмыс істеу де авторлық құқық туралы заңға өзгерістер енгізуге катализатор болды. Өйткені, авторлық құқық – еліміз үшін дамудың жаңа қозғаушы күшіне айналуы тиіс креативті индустриялар негізделетін фундамент болып табылады. Бұл туралы біздің Президентіміз де бірнеше рет айтқан және айтып келеді. Әрине, алда Әділет министрлігі мен Зияткерлік меншік ұлттық институтының алдында елімізде Бірыңғай цифрлық платформаны енгізу бойынша үлкен міндеттер тұр. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, авторлық құқық саласындағы ашықтық бағытын қолдайтын барлық авторларды, пайдаланушыларды осы процеске белсенді қатысуға шақырамын. Бірге біз осы өте маңызды іске нағыз тәртіп орната аламыз. Жұмыс енді ғана басталды!", – дейді депутат.

Тэгтер:

авторлық құқық авторлық қоғам Ерлан Стамбеков