Мұстафа Өзтүріктің еш жерде шықпаған видеосы жарияланды

Бүгін, 10:30 / Інжу Әлихан

Әлеуметтік желіде қазақ таеквондосының негізін қалаушы, спорт шебері Мұстафа Өзтүріктің еш жерде жарияланбаған видеосы көпшілік назарына ұсынылды. Бейнежазбада оның 1995 жылы тарихи Отанына жасаған сапары бейнеленген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Видеоны Қуат Ахметжанов YouTube арнасында жариялаған.  

Кадрларда Мұстафа Өзтүріктің ата-бабасының кіндік қаны тамған жері бұрынғы Семей облысы, қазіргі Абай облысы Мақаншы ауданына алғаш рет келген сәті түсірілген. Ол сапар барысында Әсет Найманбаев музейіне бас сұғып, жергілікті тұрғындармен кездескен. Сондай-ақ бабалар рухына тағзым етіп, туған жердің топырағына табан тигізген.

Еске сала кетейік, Мұстафа Өзтүрік Түркияда өсіп, таеквондо өнерін меңгергенімен, тарихи Отанына ерекше іңкәрлікпен қарап, 1990 жылдары Қазақстанға келіп, аталған спортты дамытуға зор үлес қосты. Ол қазақ жастарына шығыс жекпе-жегін үйретіп қана қоймай, ұлттық рухты көтеріп, елдің спорт тарихында өшпес із қалдырды.

Сондай-ақ «Túrkistan» халықаралық газетінің тілшісі қазір Мюнхен қаласында тұратын спортшының қызы Неслихан Өзтүрік Кеклікке арнайы хабарласып, сұхбаттасқан болатын.

Тэгтер:

видео Мұрағат Мұстафа Өзтүрік Мақаншы