Ауғанстан университеттерінде әйелдер жазған кітаптарға тыйым салынды

Бүгін, 16:40 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ауғанстан билігі университеттік бағдарламалардан шариғатқа және «Талибан» қозғалысына қарсы саясатты насихаттайды деп танылған 680 кітапты алып тастады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Олардың ішінде әйелдер жазған 140 еңбек пен оқу құралы бар. Олардың қатарына «Химиялық зертханада қауіпсіздік» атты әдістемелік нұсқаулық та кірген.

Бұған қоса, «Талибан» 18 университеттік бағдарламаны оқытуға тыйым салды. Оның алтауы әйелдер мен гендер тақырыбына қатысты. Атап айтқанда, «Гендер және даму», «Коммуникациядағы әйелдердің рөлі» және «Әйел социологиясы» сияқты пәндер «шариғат пен жүйе саясатына қайшы» деп танылды.

Бұған дейін «Талибан» билігі әйелдерге жоғары білім алуға тыйым салған және қыздардың мектептегі оқуын алтыншы сыныптан кейін шектеген болатын.

Бірнеше күн бұрын «Талибанның» жоғарғы басшысы кемінде он провинцияда талшықты-оптикалық интернетті қолдануға тыйым салды, мұны «адамгершілікке жат қылықтардың алдын алу қажеттілігімен» түсіндірді.

Тэгтер:

Әйел Ауғанстан кітап университет шариғат Талибан