Биыл бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы үшін тарихи жетістікке, жарқын жеңіске толы жыл болды. 2016 жылы елордада өткен әлем біріншілігінде 4 алтын, 2 қола медаль жеңіп алған құрама араға 9 жыл салып, биыл екі бірдей әлем чемпионатында атой салды. Наурызда Сербияның Ниш қаласында IBA ұйымдастырған әлем чемпионатында ел қоржынына 3 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль түссе, өткен аптада Ұлыбританияның Ливерпуль қаласындағы әлем біріншілігінде 3 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлде еншіледі. Көпшілік екі әлемдік жарыста да қарсылас шақ келтірмеген Алуа Балқыбекованың жұдырықтасу стиліне тәнті. Драмаға толы финалда Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегерінен айласын асыра білген Алуаға әлі күнге дейін тілекті қарша боратып, ақжарма лебізін жеткізіп жатқандар жетерлік. Осы ретте Мемлекет басшысымен кездесуге арнайы Астанаға жол жүргелі отырған Алуаға хабарласып, аз-кем әңгімелескен едік.
– Алуа, бағындырған биігің, кезекті алтын жүлде құтты болсын! Жарты жылда екі рет әлем чемпионы атағын алған қалай екен?
– Әлбетте, өте қуаныштымын! Аллаға шүкір деймін! Естен кетпес сәт! Бірнеше дүркін чемпион болуды баяғыдан мақсат еттік. Бұған дейін Назым Қызайбай әлем біріншілігінде үшінші рет жеңіске жетпей тұрғанда бокстан екі дүркін әлем чемпионы деген атақ Серік Сәпиев ағамыз бен Назымда ғана болатын. Сол кезде біз де осындай дәрежеге жетсек екен деп армандайтын едік. Биыл бірінші әлем чемпионатында топ жарып, чемпион атанған соң, бұл мақсатқа бір табан жақындадық. Араға жарты жыл салып, «Екінші әлем чемпионатына қатысасыңдар» деген соң бар күш-жігерімізді сарп етіп, күні-түні тағы да алтын жүлдеге қол жеткізуді ғана ойладым. Дегеніме, діттегеніме жеткеніме сансыз шүкір айтамын!
Шыны керек, бастапқыда бір жылда әлем чемпионаты екі рет өтеді, екеуін екі түрлі ұйым өткізеді дегенде, алдымен бар назар Сербияда өтетін әлемдік жарыста болды. Онда атой салып, жеңіске жеткен соң, екінші чемпионатқа қатысу-қатыспау туралы ойланып, екі ойлы болып жүрдік. Өйткені бірінші әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалдық. Кейін бапкерлер World Boxing ұйымының ұйытқы болуымен өтетін әлем чемпионатында боксшыларға ұпай берілетіндіктен, ол жарысқа да қатысуымыз керек екенін айтты. Осылай әлемдік жарыстарға қатысып, ұпай жинау жүйесі Олимпиада ойындарына дейінгі үш жыл аралықта біздің жеребемізге оң әсерін тигізеді. Оған қоса, World Boxing біздегі басты ұйым болғандықтан, Ливерпульдегі байрақты бәсекеге қатысуымыз міндетті еді.
– Әлемнің кіл мықтылары жиналған жарысқа осал ешкім бармайтыны анық. Десе де, екі түрлі ұйым өткізген екі әлемдік біріншіліктің қайсысын ерекше атап өтер едің?
– Екі чемпионат та оңайға соққан жоқ. Біріншісінде алғаш рет 50 келіде әлем чемпионатының рингіне шықтым. Әрі ол уақытта мен рейтингте де болмаған едім. Сондықтан ол сайыс психологиялық тұрғыда қиындау болғаны рас. Кешегі жарыста да біраз қиындық болды. Мұнда кілең мықтылар, Олимпиаданың жүлдегерлеріне қарсы жұдырықтастым. Финалдағы түрік қарсыласым Бусеназ Чакыроғлу – Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері. Сен тұр, мен атайын дейтін былғары қолғап шеберлерін жеңу оңай болмады.
– Бусеназ Чакыроғлудың бапкері төрешілер шешімінен кейін жанжал шығарып, ақыры Бусеназдың өзі бапкерінің ауызын жауып, сабырға шақыруға мәжбүр болған сәтін бәріміз көрдік. Түріктердің бұрышына қол алысуға бара жатқан сен ол сәтте не сезіндің?
– Көпшілік ол түрік бапкер маған қарсы сөйледі деп түсінсе керек. Негізі, ол бапкер маған ашуланған жоқ. Ол төрешілер мен бапкерлерге айқайлап жатты. Ол кісі үнемі осылай реакция танытса керек. Бусеназ Олимпиада ойындарының финалында Қытай боксшысынан жеңіліп қалғанда да, әлгі бапкер дәл кешегідей эмоцияға беріліп, айқай-шу шығарған болатын. Ливерпульде де олар жеңіліп қалғандарын мойындағысы келмеді. «Әділетсіздік болды» дегенге келтірді.
– Алайда есеп 5:0 болды ғой. Раунд арасында секунданттар ұпайды экран арқылы бізден бұрын біліп, үш раунд бойы шәкірттерінің жеңіліп жатқанын білді ғой.
– Дәл солай. Оған қоса, жекпе-жекті мұқият қарайтын болсаңыздар, олардың шәкірті рингте бокста біз «лас» деп атайтын қисынсыз әрекеттер жасап отырды. Басымды қысып алып, жібермей қойған сәттер болды. Олар мұндай нәтиже болады деп күтпеді. Өзі баптап әкелген қыздары жеңіске жетеді деп ойлаған соң, бапкерлерге жеңілісті қабылдау қиын болған секілді.
– Түрік бапкері ұрыс шығарып, сенің қолыңды алмай кеткен соң, ұнжырғаң түсіп кеткенін байқадық. Жеңісті сәтіңнің шырқын бұзып кеткеніне налыған жоқсың ба?
– Әрине, жеңісімді мойындамаған кезде көңілің түседі-ақ. Мен ол бапкердің қолын алып бір-ақ рингтен шыққым келді. Алайда олар бұрылып кетіп қалды. Ең бастысы, мен өзімнің қарсыласыма құрметімді көрсеттім. Ол да маған емеурін танытып, қолын беріп, ілтипат көрсетті. Менің бұрышыма барып, бапкерлерімнің қолын алып, бокс жанкүйерлеріне алғысын айтқан соң ғана рингтен шықты. Бусеназға көп рахмет! Өзінің бапкері секілді эмоцияға берілген жоқ.
– Кейін марапаттау рәсімінде Бусеназ екеуің бір-біріңді құшақтап, көңіл жібіп, тіпті көзге жас алғандарыңды байқадық. Әлгі бапкердің әрекетін есепке алмағанда, біздің боксшылар, әсіресе қыздар құрамасы түрік спортшыларымен етене араласады ғой, білуімше? Бірге жаттығып, бірге видео түсірген сәттеріңді жиі байқаймыз.
– Иә, түрік боксшыларымен арамыз тату. Астанада өткен әлем кубогінің алдында Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізген едік. Бар білетінімізді ортаға салып, өз тәжірибемізді алмастық. Сол кезде бірге жаттығып жатқанда Бусеназ «Сен өз еліңде өтетін кубокке дайындалып жатырсың ғой. Саған қандай көмек керек? Өзің айтып отыр» деп қамқорлық танытқан болатын. Менің оған құрметім айрықша. Мен құрметімнің ерекше екенін финал аяқталғанда да, сіз байқаған марапаттау рәсімінде де көрсеттім.
– Сербияда өткен бірінші әлем біріншілігінен соң әлеуметтік желідегі парақшаңа көп адам жазылғанын айтқан едің. Бұл жолы қолдаушылар тіптен көп. Ливерпуль рингіндегі жұдырықтасу стиліңе тәнті болып, сені енді танып жатқандар баршылық екен.
– Иә, жазылушылар саны күннен-күнге артып келеді. Алдыңғы әлем чемпионатынан соң біраз адам ыстық лебізін жазып, қолдау білдірген болатын. Одан бөлек, «Қызық таймс» бағдарламасынан соң да көпшілік тани түсті. Бізді рингтегі өнерімізден бөлек, былай да танып жатқандар жетерлік. Қазақстан бокс федерациясының баспасөз хатшысы Назерке Сұлтанбек федерацияның әлеуметтік желідегі ресми парақшасын керемет дамытып, боксшыларды заманауи трендтерге ілестіруге күш салып жүр. Бірінші әлем чемпионатынан соң, рингте белбеуімізбен тренд болып жатқан әуенге видео түсірген едік. Сол видео 4 миллионнан астам қаралым жинады. Көп адам бізді сол тренд видео арқылы танып, хал сұрасып жатады. Кешегі жарыстан соң да әлем жұртшылығы билейтін әуенге видео түсірдік. Осылайша, рингтен бөлек те танымалдығымыз артып келеді. Сол үшін Назерке мен оның командасына көп рахмет! Олар бізді таныту үшін әр жарысымызға, тіпті оқу-жаттығу жиындарына келіп, көңілімізді көтеріп, видео түсіріп кетеді.
– Кешелі бері отандық БАҚ-тың көбі әкеңе көлік сыйлағаныңды жарыса жазып жатыр. Ол көлікті осы әлем чемпионатынан соң сыйлаймын деп әдейі күттің бе, әлде реті солай келіп қалды ма?
– Мен – әкемнің ерке қызымын. Есейсем де, әлі күнге дейін еркелеймін. Наурызда Сербияда өткен әлем чемпионатынан түсетін сыйақыма әкеме көлік тарту етемін деп алдыма мақсат қойғанмын. Одан соң Бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп ағай бізге қаржылай сыйақы берген соң, дереу Оңтүстік Кореядағы зауытқа көлікке тапсырыс бердім. Ол елден бізге келгенше 4 айдан астам уақыт өтті. Оған қоса, елге келген соң ол көліктің барлық құжатын «қазақыландырып», рәсімдеуге де ұзақ уақыт кетеді екен. Бұл сыйлығым мен әлем чемпионатының жартылай финалына шыққан кезде дайын болған-тын. Сол кезде тапысырыс бергендер құттықтап, әлеуметтік желіге мені тіркеп, салған болатын. Алайда ол кезде ешкім ештеңе байқамай қалды. Көпшілік кеше ғана байқап, жылы сөздерін қарша боратып жатыр. Көбі сіз секілді әлем чемпионатында топ жарған соң сыйлады деп ойласа керек. Мен оны алдын ала жоспарлап қойғанмын. Әкеме көлік кілтін табыстаған кезде мен Ливерпульде болдым. «Сабақты ине сәтімен» деп бекер айтпаса керек. Бәрі өз уақытымен.
– Көпшілік әкеңе темір тұлпар сыйлағаныңа ризашылығын білдіріп, «Қыз деген Алуадай-ақ болсын!» деп ақжарма тілегін жазып жатыр. Арасында анаң туралы сұрайтындар да бар. Осы ретте сені енді танып-біліп жатқандарға ол кісі туралы айта кетсең.
– Анамның өмірден өткеніне 4 жыл болды. Ол – Тараз мемлекеттік университетінде профессор, декан болған жан. Кандидаттық пен профессорлық атақты әйгілі Мәскеу мемлекеттік университетінде қорғаған. Кейін зейнетке шыққан соң, ауырып қалды. Академик боламын деген асқақ арманы бар-тын. Өкініштісі сол, соған жете алмай кетті. Еліне өз еңбегін қалдырып кеткісі келді. Бірнеше кітап жазып үлгерді.
– Анаңның орнына оның өмірінің жалғасы ретінде сенің еңбегің елге сіңіп, мемлекетіміздің мерейін асқақтатып жүрсің.
– Аллаға шүкір! Асқақтата беремін де! Десе де, анамның біраз еңбегі сіңді деп ойлаймын. Көп шәкірті анам жазған кітаппен оқып, көп нәрсені білді.
– Ендігі меже қандай? Алда Семейде өтетін Қазақстан чемпионатына қатысасыңдар ма?
– Алдағы мақсат – жақсылап тынығу. Содан соң жаттығу жұмысына кірісеміз. Жуырда Туризм және спорт министрімен, сосын Мемлекет басшысымен кездесу өтпек. Әзірге бапкерлер «Мынадай жарыстарға барасыңдар, босамаңдар» деп жауапкершілік артып жатқан жоқ. Жоспар әлі айтылған жоқ. Ал 20 қазанда Семейде басталатын Қазақстан чемпионатынан 5 қыз босатылдық. Бұйырса, одан кейінгі жарыстарға тыңғылықты дайындалмақпыз.
– Әңгімеңе рахмет!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ