Көп адам күндіз ұйқысы келіп, жұмысқа немесе оқуға толық көңіл бөле алмай қиналады. Ғалымдар мұны жай ғана шаршаудан бөлек, ағзадағы биологиялық процестермен байланысты екенін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Массачусетс университетінің (АҚШ) ғалымдары әріптестерімен бірге 6 мың адамның қан үлгілерін зерттеп, күндізгі шамадан тыс ұйқышылдыққа әсер ететін 877 түрлі молекуланы қарастырды. Нәтижесінде, жеті негізгі метаболит (ағзадағы табиғи заттар) бұл жағдайға тікелей ықпал ететіні анықталды.
Зерттеуде мынадай қорытындылар жасалды: омега-3 және омега-6 май қышқылдары (балық майында, зәйтүн майында, жаңғақтарда кездеседі) күндізгі ұйқышылдықты азайтады. Яғни дұрыс тамақтану адамды сергек етеді. Тирамин (ашытылған, тұздалған немесе қатты пісіп кеткен тағамдарда болады – мысалы, кей ірімшік түрлерінде, қақталған етте) керісінше, ұйқышылдықты күшейтеді. Бұл әсіресе ер адамдарда айқын байқалған. Гормондар да маңызды рөл атқарады. Мәселен, прогестерон сияқты жыныс гормондары ұйқыны реттейтін мелатониннің бөлінуіне әсер етеді.
Ғалымдар күндізгі ұйқышылдықты жай ғана ыңғайсыздық емес, денсаулыққа қауіпті құбылыс деп отыр. Себебі ол жүрек-қан тамыр ауруларының, семіздіктің және қант диабетінің даму қаупін арттырады.
Зерттеу нәтижелері беделді eBioMedicine журналында жарияланды. Енді ғалымдар омега-3 пен омега-6 май қышқылдарының нақты әсерін клиникалық сынақтарда тексеруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ күндізгі ұйқышылдыққа әсер ететін жаңа молекулаларды зерттеу жалғасады.