«Шығын – 1 млрд теңге»: Шымкентте «Аяла Голд» қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды

Бүгін, 12:12 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қаржылық мониторинг агенттігі Шымкентте «Аяла Голд» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зергерлік бұйымдарды сататын компания ретінде жасырынып, күдіктілер азаматтарға ай сайын 50–60% көлемінде кепілдендірілген табыс уәде етіп, инвестиция салуды ұсынған. Сонымен қатар, салынған қаражаттың сақталатынына сендірген.

Алайда, төлемдер нақты пайда есебінен емес, жаңа қатысушылардан түскен қаражат есебінен жүзеге асырылған.

Нәтижесінде қаржылық пирамидаға 400-ден астам салымшы тартылып, олар 1 миллиард теңгеден астам қаражат салған.

Күдіктілер қылмыстық жолмен алынған табысқа бой көтеріп жатқан тұрғын үй кешенінен екі пәтер сатып алған. Сот санкциясымен бұл пәтерлерге тыйым салынды.

Бұдан бөлек, күдіктілер өз туыстарын қаржылық схемаға тартып, оларды «дроппер» ретінде пайдаланған — яғни басқа салымшылардан түскен қаражатты олардың банк реквизиттері арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған.

Қаржылық пирамиданың ұйымдастырушысы екі ай мерзімге қамауға алынды.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.

Тэгтер:

Шымкент Қаржы пирамидасы