Бүгін Астана қаласындағы №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде салтанатты іс-шара өтті. Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов елордалық азаматтық қорғау органдары бөлімшелерінің қызметкерлеріне жаңа пәтерлер мен қызметтік автокөліктердің кілттерін табыс етті, - деп хабарлайды turkystan.kz тілшісі.
Жаңа қоныс иелерінің қатарында құтқарушылар, жүргізушілер және бөлімше командирлері бар. Сонымен қатар қызметтік техника паркі жаңартылып, бұл төтенше жағдайларға ден қою жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ведомство басшысы жеке құрам алдында сөйлеген сөзінде қызметкерлерді тұрғын үймен және заманауи техникамен қамтамасыз ету — бұл ТЖМ қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізілетін жүйелі жұмыстың бір бөлігі екенін атап өтті.
«Тұрғын үймен қамтамасыз етілу – ертеңгі күнге деген сенімділік, басты іске – адам өмірін құтқаруға толық көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Тұрғын үй мәселелерін шешу – қауіпсіздіктің алдыңғы шебінде тұрған адамдарға жасалған қамқорлық, біздің басты басымдығымыз», – деді Шыңғыс Әрінов.