Зергерлік бұйымдар компаниясы ретінде жұмыс істеген бұл ұйым салымшыларға айына 40%-ға дейін табыс уәде еткен. Қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Шымкент қаласында «Nazira Gold» брендімен қаржы пирамидасын ұйымдастырып, басқарды деген күдікке ілінген тоғыз адамға қатысты тергеу аяқталды. Тергеу барысында компания зергерлік бұйымдарды сату бойынша заңды бизнес кейпінде жұмыс істегенімен, шын мәнінде бұл классикалық қаржы пирамидасы болғаны анықталды.
— Табыс тек жаңа қатысушыларды тарту арқылы қамтамасыз етілген. Ақшалай қаражат кәсіпкерлік қызметке пайдаланылмаған. Салымшыларға төлемдер алтын сатудан түскен пайда есебінен емес, кейінгі инвесторлардың жарналарынан төленген, — деп хабарлады қалалық прокуратура.
Тергеу барысында жалпы сомасы 2,1 миллиард теңге болатын активтерге тыйым салынды. Олардың қатарында 402 миллион теңге қолма-қол ақша, 52 автокөлік, жекеменшік тұрғын үй, элиталық тұрғын үй кешендеріндегі екі пәтер, сондай-ақ табиғи асыл тастармен безендірілген 17 кг алтын зергерлік бұйымдар бар.
Іс материалдары одан әрі қарау үшін сотқа жолданды.
Еске салайық, бұл іс келтірілген зиянның ауқымы мен жәбірленушілер санының көптігіне байланысты қоғамда кең резонанс тудырған еді.