Шілденің үшінші жексенбісінде елімізде металлургтер күні тойланады. Ел экономикасының іргесін шайқалтпай ұстап тұрған өндіріс майталмандарының кәсіби мерекесі – адал еңбек, жауапкершілік пен табандылыққа көрсетілген құрмет. Биыл да әр аймақта мереке қарсаңында өтетін іс-шара легі басталып кетті. Қостанай облысындағы Қарсақбай, Жітіқара және басқа да өндіріс ошақтарында мереке иелеріне құрмет көрсетіліп, салтанатты жиындар мен спорттық шаралар ұйымдастырылып жатыр.
Тарихқа тағзым
Қарсақбай кентінде өткен мерекелік іс-шараның мазмұны ерекше болды. «Қазақмыс корпорациясы» жанындағы Ардагерлер кеңесінің бастамасымен Қарсақбай зауытының ардагері, Құрметті металлург Мұзаппар Жүсіпов атында садақ атудан спорттық жарыс ұйымдастырылды.
Мерекелік іс-шара аясында М.Төрегелдин атындағы Жезді музейі мен академик Қаныш Сәтбаевтың музей-үйі бірлесіп «Металлург жолы» тақырыбындағы жылжымалы көрме өткізді.
Көрмеде Қарсақбай зауытында тер төккен атақты металлургтер – М.Жүсіпов, О.Мейрамов, Ж.Жеңсікбаев сияқты тұлғалардың орден-медальдары, құрмет грамоталары мен жеке заттары жұрт назарына ұсынылды.
Сонымен қатар музей қорындағы тарихи фотосуреттер, зауыт тарихы туралы құжаттар мен көркем туындылар көпшілікке
ерекше әсер қалдырды. Бұл көрме ай соңына дейін Қ.Сәтбаев музей-үйінде жалғасады.
Еңбек мерекесі
«Комаровское тау-кен кәсіпорны» Жітіқара қаласында металлургтер күніне орай ауқымды бағдарлама әзірлеп, қала тұрғындары мен еңбек ұжымдарына мерекелік көңіл күй сыйлады. Таңертең спорттық жарыстармен басталған күн шағын футбол, волейбол және жеңіл атлетика бойынша жолдастық кездесулермен жалғасты. Ойындарда «Комаровское тау-кен кәсіпорны» және «Варваринское» кәсіпорындарының қызметкерлері күш сынасып, үздіктер марапатталды.
Бамперболдан балалар арасында өткен турнир ерекше әсерлі өтті. Әзіл-қалжың мен бәсекеге толы ойыннан соң балалар өз әсерлерін бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғыс айтты. Сонымен қатар осы күні 98,3 млн теңгеге жаңартылған спорт стадионының тұсаукесері өтті. Бұл әлеуметтік жоба кәсіпорын мен жергілікті әкімдік арасындағы меморандум аясында жүзеге асты.
Кешкі салтанатты жиында аудан әкімі Аслан Жаныспаев пен кәсіпорын басшылары металлургтерді кәсіби мерекемен құттықтап, үздік қызметкерлерді салалық және корпоративтік марапаттармен марапаттады. Олардың қатарында «Еңбек даңқы», «Кенші даңқы», «Еңбек ардагері» төсбелгілерінің иегерлері, құрмет грамоталары мен алғыс хаттарға лайық деп танылған қызметкерлер бар. Сонымен қатар үздік еңбек ұжымдары да анықталды.
Кештің шарықтау шегі – жергілікті және танымал әртістердің қатысуымен өткен концерт пен әсем отшашу болды. Мысты қала тұрғындары бұл мерекені отбасымен бірге атап өтіп, бірліктің, еңбекке деген құрметтің шынайы үлгісін көрсетті.
Үздіктерді үлгі етті
Қостанай облысындағы «МехЛитКом» жауапкершілігі серіктестігі де металлургтер күніне орай ауқымды іс-шара ұйымдастырды. Кәсіпорын концерттік бағдарлама ұйымдастырып, жылы лебізді мен алғысын жеткізіп, еңбегімен ерекшеленген мамандарды марапаттады.
Ұзақ жыл бойы металлургия саласына адал еңбек сіңірген Анатолий Петрович Мальцевке «Еңбек ардагері» атағы берілсе, өндірістегі белсенді қызметкерлер түрлі номинация бойынша марапат алды. Сонымен қатар дене шынықтыру мен спорт саласына қосқан үлесі үшін де бірқатар маман марапатталды.
Ел дамуына қосқан металлургтердің өлшеусіз еңбегі қандай құрметке де лайық. Еңбек адамын ұлықтау – мемлекеттің өз-өзіне деген құрметі, ал металлургтер қа-
уымына зор шабыт беретін, жас буынға өнеге болатын игі іс.
Д.Жанатқызы