ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті «Matic Basket» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, деп хабарлады turkystan.kz.
Агенттіктің ақпаратынша, ұйымдастырушылар өздерін «YouTube», «WhatsApp» және «Telegram» әлеуметтік желілері арқылы жарнамалап, азаматтарды «Matic Basket» жобасына ақша салуға шақырған. Олар криптовалюта биржасында майнинг пен трейдинг арқылы жоғары пайда уәде еткен.
«Салымшылардың салған ақшалары 5 000 теңгеден 1 100 АҚШ долларына дейін жеткен. Алайда салымшыларға ақша салғанын растайтын ешқандай құжат берілмеген, әрі олармен келісімшарт немесе ресми келісімдер жасалмаған.
Жаңа қатысушыны тартқан жағдайда әрбір қаржылық операциядан 10% көлемінде кіріс түсетіні айтылған.
Нәтижесінде қаржы пирамидасына Қазақстан мен ТМД елдерінің 1900-ден астам азаматы тартылып, жалпы сомасы 80 млн теңгеден астам қаражат салынған», - делінген хабарламада.
Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде елден шығуға тыйым салынды.
Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.