Қазақстандық әнші Қарақат Әбілдина «Қарақат салған қанатты ән» атты жаңа кітабын таныстырды, деп хабарлады turkystan.kz
Бұл — жетіген аспабында орындалатын әндерге толықтай арналған алғашқы басылым. Жетіген — көне қазақтың ұлттық музыкалық аспабы.
Кітапта Қарақат Әбілдинаның жетігенде орындаған 32 әні жинақталған. Онда ән мәтіндері, ноталары және QR-код арқылы қолжетімді аудио-нұсқалары қамтылған.
Әншінің айтуынша, бұл еңбек жетігенді үйренгісі келетін жас музыканттар мен ұстаздар үшін таптырмас оқу құралы болмақ.
«Бұл тек менің шығармашылығым емес – қазақ руханиятына қосқан бір тамшы үлесім деп білемін.
Өнер жолында өз үнімді, өз ізімді қалдыру – менің арманым еді. Осы туынды – көп армандарымның бірі, соның орындалған сәті…», - деп жазды әнші.