Қаржы пирамидасына адам тарту үшін ұйымдастырушылары сән-салтанатты өмір салтын жарнамалаған

3 шілде, 2025 / Алуа Арман
istockphoto.com

Соңғы үш жылда Ақмола облысында қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілеріне байланысты 10 қылмыстық іс тіркелген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Олардың қатарында «Charoit», «Qnet», «Асар баспана», «Chai Tai», «S-Group», «Лайм Академия», «ChiaTai Tianging», «Buyers Union» қаржы пирамидалары бар.

Облыстың 9 тұрғынына қатысты әртүрлі қылмыстық жаза тағайындалған.

Мысалы, Көкшетау қаласында «Qnet» қаржы пирамидасын ұйымдастырғаны үшін 26 жастағы А.Киргабакова және 24 жастағы Қасымхан 5 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Киргабакова «Instagram» парақшасын белсенді түрде жүргізіп, жаңа қатысушыларды тарту мақсатында сән-салтанатты өмір салтын – саяхаттар, қымбат көліктер мен үлкен табыстарды көрсеткен.

Ұйымдастырушылар желілік маркетинг схемаларын қолданып, өз қызметін Малайзиялық компания арқылы жасырып, азаматтарды «QVI tripsaver» атты жалған туристік карталар мен зергерлік бұйымдарды сатып алуға шақырып, жоғары табыс беруге уәде еткен. Міндетті шарт – жаңа қатысушыларды тарту болған, себебі салымшыларға төлемдер тек жаңадан тартылған азаматтардың қаражаты есебінен берілген.

Нәтижесінде, сотталғандар 39 адамды қаржы пирамидасына тартқан, келтірілген шығын 40 млнтеңгені құрады.

Қылмыстық кодексінің 217-бабы бойынша қаржы пирамидасын құру және басқару үшін мүлікті тәркілей отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Тэгтер:

алаяқтық Қаржы пирамидасы