Ақмола облысында 35 ауылда алкоголь өнімдері сатылмайтын болды

30 маусым, 2025 / Інжу Әлихан

Ақмола облысында 35 ауылда тұрғындар алкоголь өнімдерінен бас тартты. Аталған бастаманы ауыл ақсақалдары мен жергілікті тұрғындар көтерген, деп хабарлады turkystan.kz сайты "24kz" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сандықтау ауданына қарасты Красная Поляна ауылында алкоголь өнімдерін сатуға ақсақалдардың шешімімен 2006 жылы тыйым салынған. Жергілікті тұрғындар бұл бастаманы қолдап, спортпен айналысуға бет бұрған.

"Осы күнге дейін бізде қылмыс тіркелген жоқ. Бұл мәселе бойынша айтарлықтай келіспеушілік те жоқ. Жастар сақ жүреді, ақсақалдардың сөзін тыңдайды. Біздің учаскелік полицей кез келген уақытта ақсақалдарға жүгініп, ақылдаса алады. Ол солай істейді де. Мысалы, жастар жылдамдықты асырса немесе мал жайылымына қатысты мәселелер туындаса, ақсақалдарға жүгінеді. Біз ондай мәселелерді бірігіп шешеміз", – дейді Красная Поляна ауылының тұрғыны Магумад Умаров.

Ауыл округіндегі тәртіпті учаскелік полиция инспекторы Асылбек Есмағамбетов қадағалайды. Ол құқықбұзушылықтардың алдын алуға және түрлі мәселені шешуге ақсақалдар мен ауыл тұрғындары көмектесетінін айтады.

"Ақсақалдар кеңесі зор көмек көрсетеді. Өзекті мәселелерді өздері шешіп, құқықбұзушылықтардың алдын алады, өскелең ұрпақты тәрбиелеп, тұрғындарды спортқа баулиды. Сондай-ақ ауыл округінде алкоголь мен темекі өнімдері сатылмайды. Бұл қылмыстың алдын алуға айтарлықтай әсер етеді", – дейді учаскелік полиция инспекторы Асылбек Есмағамбетов.

Өңірде екі жыл бұрын "Зиялы қауым" атты пилоттық жоба іске қосылған. Осы жоба аясында полицейлер, қоғамдық кеңестер және ауыл шаруашылығы құрылымдары ауылдағы құқықбұзушылыққа қарсы бірігіп күресуде. Құқық қорғаушылар енді бұл тәжірибені жетілдіріп, кеңінен таратуға ниетті.

"Зиялы қауым" жобасы аясында 140 ауылда қоғамдық кеңестер құрылды, оның құрамына ақсақалдар мен беделді тұрғындар кірді. Олар проблемалық мәселелерді өздері анықтап, учаскелік инспекторлар мен шаруашылық субъектілерімен бірлесіп шешеді. Нәтиже айқын: бұл ауылдарда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Жалпы алғанда ауылды жерлерде қылмыс деңгейі төмендеп келеді", – деп атап өтті блыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Әбутәліпов.

"Біз мұны "жанды профилактика" деп атаймыз. Жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдары бірлесіп алдын алу жұмыстарын жүргізіп, тұрмыстық дау-жанжалдарды шешіп келеді. Соның арқасында ауылдағы өмір сүру жағдайы мен жалпы қауіпсіздік жақсарып келеді", – дейді Ақмола облысының прокуроры Руфат Құттықов

Бұған қоса ауыл қауіпсіздігін нығайтуға ірі ауылшаруашылығы құрылымдары да атсалысуда. Олар 18 елдімекенде шамамен 1250 бейнебақылау камерасын орнатқан. Полиция департаменті мәліметінше, соңғы екі жылда облыстың 98 ауылында бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

Тэгтер:

Ауыл Ақмола облысы ішімдік алкоголь