Көкшетауда паралимпиада чемпиондарына пәтер берілді

Бүгін, 09:00 / Алуа Арман
видеодан скриншот

Паралимпиада ойындары 2024 жылғы тамыз айының соңында – қыркүйек айының басында Париж қаласында өтті. Ақмола облысынан бұл жарыста пауэрлифтингтен Давид Дегтярев пен нысана көздеуден Еркін Ғаббасов медаль иеленді. Дегтярев Қазақстан тарихында алғаш рет екі дүркін паралимпиада чемпионы атанды. Ол бұған дейінгі алтын медалін Токио Паралимпиадасында жеңіп алған.

2025 жылғы 25 маусым күні Давид Дегтярев пен Еркін Ғаббасов жаңа тұрғын үй кешенінен үш бөлмелі және екі бөлмелі пәтерлерге ие болды. Жөндеуі жасалған бұл пәтерлер жаңадан салынған Джандильдинов көшесіндегі үйден берілді. Спортшыларға пәтер кілттерін салтанатты түрде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов табыс етті. Оның айтуынша, бұл үйдегі 86 пәтер кезекте тұрғандар мен әлеуметтік осал топтарға арналған.

Паралимпиадашылар бұл үлкен шараға атсалысқан барлық азаматтарға алғыстарын білдірді.

«Маған екі бөлмелі пәтер берілді – өте керемет, жайлы, отбасымызға қатты ұнады. Барлығы жедел ұйымдастырылды. Бұл – үлкен қолдау және жаңа жеңістерге берілген күшті мотивация. Шексіз қуаныштымын. Алда – әлем чемпионаты мен Азия ойындары, барымды салып жаттығамын», – деді Ғаббасов.

Ал Қазақстан тарихындағы алғашқы екі дүркін паралимпиада чемпионы, пауэрлифтинг спортшысы Давид Дегтярев те алғысын білдірді.

«Бүгін менің көңіл күйім керемет – үш бөлмелі пәтердің кілтін алу мен үшін үлкен қуаныш әрі мәртебе. Заң бойынша алтын медаль иегеріне үш бөлмелі баспана беріледі, осы уәде орындалғанына шын жүректен ризамын. Еңбегіңнің еленгенін сезіну – өте қуатты ынталандыру», – деді екі дүркін паралимпиада чемпионы.

Тэгтер:

Чемпион Давид Дегтярев пәтер кілті Паралимпиада Еркін Ғаббасов