Астананың арғы тарихы: Жамбыл Артықбаевтың «Қараөткел құпиялары» кітабы оқырманға жол тартты

20 маусым, 2025 / Ербұлан Қайрат
коллаж: turkystan.kz

20 маусым күні Астана күні мерекесіне орай Ұлттық академиялық кітапханада тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаевтың «Қараөткел құпиялары» атты тарихи-танымдық кітабы таныстырылды. Іс-шараны Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, Астана қаласы мемлекеттік архиві ұйымдастырды. 

Іс-шараны Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп жүргізді. Жаңа туынды – елордамыз Астананың арғы тарихына үңілуге, елорданың жешіресін түгендеуге мүмкіндік беретін тарихи-танымдық еңбек. Кітапта Сарыарқа төсіндегі ежелгі Қараөткел өңірінің, Есіл мен Нұра бойындағы тарихи атаулардың (Тайтөбе, Ормамбет тамы, Мортық және т.б.) сыры ашылады. Қала тарихының көмескі беттерін парақтай отырып, оқырман Астананың сан ғасырлық мәдени-тарихи тамырымен таныса алады.

Кітаптың негізгі аудиториясы – тарихқа қызығушылық танытатын жалпы оқырман мен жастар, әсіресе мектеп оқушылары мен студенттер. Тарихи таным мен отаншылдықты ұштастыра отырып жазылған бұл еңбек – елорда жайлы тың мағлұматтарға толы құнды дүние.

– Бұл кітапты мен 2009 жылы Астанаға көшіп келгенде бастадым деуге болады. Астананың тарихы тереңде жатыр, көне ескерткіш деген бір тақырып бар. Ол жерде Керуен сарай туралы айтылады. Керемет ұлы кітап жаздым деп есептемеймін. Бірақ, соған бірінші қадам жасадым деп ойлаймын. Соны бәріміз бірге жалғастырайық, – деді кітап авторы, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев.

Тұсаукесерге мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихшылар, әдебиет өкілдері мен зиялы қауым өкілдері қатысып, сөз сөйледі, құнды еңбекке баға беріп, өз ұсыныстарын да жеткізді. Соның ішінде, Астанадағы көне шаһар орнын аспан асты музейіне айналдырып, белгі қою сияқты бастамалар да айтылды. 

Бұдан бөлек, іс-шара аясында «Шаһар шежіресі» атты фотоқұжаттар көрмесі ұйымдастырылды.

Тэгтер:

Астана тарих кітап оқырман Қараөткел Тайтөбе Қараөткел құпиялары Жамбыл Артықбаев