Смарт-сағаттар мен фитнес-білезіктер дәуірінде бірнеше сағат сайын қадамдар есептегішіне көз тастамай өту қиын, деп жазады turkystan.kz.
Салмақ тастау мен денсаулықты жақсарту үшін бір күнде нақты қанша қадам жасау керек? Зерттеушілер 111 мыңнан астам адамның медициналық жазбаларын жинап, денсаулыққа пайдасы болу үшін ең аз дегенде күніне 2000-3000 қадам жасау керектігін анықтады. Бұл шамамен күніне 1,6 шақырым жаяу жүру деген сөз.
АҚШ-тың Кардиология колледжінің журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, күніне 2000 қадам ғана жасайтын адамдармен салыстырғанда 2517-2735 қадам жүретін адамдар жүрек-қантамыр ауруларына 11 пайызға аз ұшырайды екен.
Сидней университетінің ғалымдары да күніне небәрі 2200 қадам жасаудың жүрек саулығына оң әсер ететінін және басқа себептерден болатын мерзімінен бұрын өлім қаупін төмендететінін анықтаған.
“Біз күніне 8-10 мың қадам жүруді ұсынамыз, бірақ отырықшы өмір салтын ұстанатын адамдар үшін бұл мақсат жетпестей көрінуі мүмкін. Ең бастысы — шынайы мақсаттар қойып, денеңіз физикалық белсенділікке бейімделген сайын қадамдар санын біртіндеп арттыру”, — дейді Сидней университетінің зерттеушісі Мэтью Ахмади.
Үш жыл бұрын 40-79 жас аралығындағы 78 000-нан астам британдықты қамтыған зерттеу күніне 3800 қадам жүру ми белсенділігін сақтау үшін қажетті ең аз қозғалыс мөлшері екенін көрсетті. Бұл мөлшерді күн сайын орындаған адамдарда деменция даму қаупі 25 пайызға төмен болған.
Күніне 7000 қадам — бұл денсаулыққа пайдасы айқын көрінетін шек. Бұл шамамен 4,8 шақырым жүруге тең және психикалық денсаулыққа айтарлықтай оң әсер етеді.
Соңғы зерттеу көрсеткендей, күніне 7000 қадам жасайтын адамдарда депрессия қаупі 31 пайызға төмен болады.
“7000 қадам — бұл белсенді өмір салтының көрсеткіші ретінде қарастырылады, ал 5000 қадамнан аз — отырықшы өмір салты. 7-10 мың қадам аралығы депрессиядан қорғаныс әсерін береді. Қазіргі уақытта 10 мың қадамнан артық жүру психикалық денсаулыққа қосымша пайда әкелетіні дәлелденбеген”, — дейді зерттеу авторы.
Сондай-ақ, күніне орташа есеппен 7126 қадам жүру — жүрек-қантамыр ауруларына шалдығу қаупін 51 пайызға төмендетеді.