Психоаналитик Анна Құдиярова Қазақстанда психологтарға баратындарға қарағанда балгер, құмалақшы, көріпкел аралайтындар көп екенін айтады.
"Адам қай жерде өмірге келсе де, нәсіліне, ұлтына, жынысына, жасына қарамастан, ауырдың үсті, жеңілдің астымен өмір сүргісі келеді. Өйткені сәби өмірге келген сәттен бастап ол үшін бәрін үлкендер жасайды. Қарны ашса емізеді, ауырса дәрі береді, «кәк» етсе жөргегін ауыстырады. Осындайға үйренген бала өскенде де солай болғанын қалап тұрады. Алайда өмірде олай болмайды. Біздің қоғамда осы түсінікпен өмір сүретіндер, жасы жер ортасына келсе де айналасынан, мемлекеттен, қоғамнан бірдеңе күтетіндер көп. Сондықтан болар, психологтарға баратындарға қарағанда балгер, құмалақшы, көріпкел аралайтындар жүз есе көп шығар. Ал кәсіби психолог, психоаналитиктерге баратындар саны аз. Алайда бізге өмірін өзгертем деп шешім қабылдаған ересек тұлғалардың келетіні қуантады. Балгер, құмалақшы, инфосығанды іздейтіндер әлі бала көзқарасындағылар. Мысалы, экстрасенс «Маған бір рет қана келесің, 300 мың теңге бересің. Сосын бақытқа жетесің», «Күйеуіңді қайтарып беремін», «Нашақор балаңды емдеп беремін» дейді. Аяқ асты бәрі өзгеріп кетеді деп ойлайтындар осындай шарлатандарға сенеді. Мұндай жандар бізден де осындай сиқырлы таяқшаны күтеді.
Жақында маған 37 жастағы нашақор, лудоман жігіттің ата-анасы хабарласты. «Не сұрасаңыз да берейін, осы баламды емдеп беріңізші» деді. Ең алдымен, ол жігіт өзінің қалауымен келуі керек. Екіншіден, адамды аз уақытта өзгерту мүмкін емес. Оған жылдар қажет. «Мен балаңызбен танысайын, сөйлесейін. 3-4 жылда жақсы жаққа өзгерсе, сол үлкен жетістік» дедім. Шындық осы. Алайда тез нәтижеге жеткісі келетіндер бізді іздемейді. Тұлға ретінде қалыптасқан, ғылымға сенетіндер келеді негізінен. Мәселен, сіздің қанша ақшаңыз болса да бір күнде үй сала алмайсыз. Жерін тегістейсіз, іргетасын қалайсыз, қабырғасын өретін кірпішін аласыз, терезесін саласыз, шатырын жабасыз. Адамның тұлғалық дамуы да осылай жүреді. Ал біреудің тұлғасын екінші адам тіпті де жасап бере алмайды", – дейді білікті маман.
Ересектер, неке, отбасы мәселелері бойынша маңызды сұрақтарға жауап берген психоаналитик Анна Құдиярованың толық сұхбатын мына сілтеме арқылы оқиы аласыз.