Жаңаөзенде бір минутта 5 000 сөз оқитын оқушы тұрады (ВИДЕО)

27 мамыр, 2025 / Өтей Торғайұлы
Видеодан алынған скриншот

Жаңаөзен қаласының оқушысы Әйгерім Бақыт ерекше қабілетімен ел назарын аударды. Ерекше оқушы жайында «Қазақстан» телеарнасы арнайы сюжет әзірлеген, деп хабарлады turkystan.kz.

Ол бір минутта 5 мың сөз оқи алады және бір кітапты небәрі жарты сағатта аяқтайды. Мұндай нәтиже жылдам оқу техникасын меңгерудің арқасында мүмкін болған. Қабілеті алғаш рет 4-сыныпта байқалған Әйгерім сол кезде минутына 700-800 сөз оқыған. Уақыт өте келе түрлі жаттығулар мен әдістер арқылы бұл көрсеткішті бірнеше есе арттырған. Бүгінде ол іштей оқып, мәтіннің мазмұнын толық түсініп, айтып бере алады.

Қазіргі уақытта 100-ден астам кітапты оқып үлгерген дарынды оқушы ағылшын тіліндегі әдебиеттерге ерекше мән беріп жүр. Дәрігерлердің айтуынша, жылдам оқу техникасы көздің көру қабілетіне де оң әсер етеді.

Білім министрлігінің мәліметінше, Әйгерімге тең келетін оқушы әзірге елімізде жоқ. Айта кетейік, әлемдік рекорд – бір минутта 163 333 сөз оқыған 16 жастағы украиналық қызға тиесілі.

Тэгтер:

Қазақстан оқушы телеарна Украина жылдамдық оқу кітап Жаңаөзен минут