Елордадағы іргелі руханият ошағы – Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ театрына жиі барып тұрамыз. Әсіресе, жаңа туындыны қалт жібермеуге тырысамыз. Қойылымға қарап отырып, түрлі ойға берілеміз. Біз жалпы қазақ театрының көрермені болғалы қай заман?! Студент кезімізде әйгілі әкемтеатрдың сахнасынан баршаға танымал саңлақтардың ойынын қызыға көретінбіз. Жастар мен балалар театрынан жұрт жүрегін жаулаған талай тарланның өнерін тамашаладық. Былай қарасаң, бізді ешнәрсе де таңғалдыра алмайды. Бірақ осы Қаллеки театрының табалдырығынан аттаған сайын жас буынның тынбай ізденіп жатқанын аңғарамыз. Тек ізденіс емес, жанкешті жұмыс, төгілген тер, шыққан шер... Олар адам миына келмейтін өзгерістерді жүзеге асыруға талпынады. Сан түрлі эксперименттік тәсіл қолданады. Осыған келгенде өте батыл. Біздің дәуіріміздегідей «Аға ұрпақ қалай қарайды?» деген әсіресақтық бұлардың санасына мүлде сіңбеген сыңайлы. Бәлкім, соның өзі дұрыс шығар...
Бұл жолы Жәнібек Әлікен деген жас драматургтың «Махаббатым сен» деген қойылымына келдік. Әдепкі нұсқаларында «Жүрек сыры» деген жапсарлас тақырыбы бар еді. Режиссері – Бәзіл Сұлтанғазы. Ол да уыздай жап-жас. Сол баяғы «Нұрикамал» әнінің жазылу тарихының желісі бойынша әзірленген дүние. Қырық жылғы туынды. Белгілі бренд. Бірақ әлі өміршең. Ең бастысы, бұл әнді бүгінгі жас буынға дейін өбектеп отырғанын көрмейсің бе? «Ей, Ханбибі апа, қандай бақытты едіңіз!», – дейсіз мұндайда.
Ханбибі демекші, бұл спектакльді біз қаншама жылдан бері жұртты әсерлі әуенімен тербеп келе жатқан «Нұрикамал» әнінің сөзін жазған танымал ақын Ханбибі Есенқарақызы апайымызбен бірге көрдік. Қатар отырып тамашаладық. Ертеректе журфактың бесінші жатақханасындағы қабырға газетінен курстас бір қыздың әңгімесін оқып тұрған досымызға желке тұсынан келе қалған әлгі бойжеткен өз дүниесіне сүйсінгенін жасыра алмай, «Аянышты, иә?!», – деп тіл қатып еді. Ал Ханбибі апам екі бөлімнен тұратын пьесаны соңына дейін көріп біткенше міз баққан жоқ. Арқалы ақын болғанына қарамастан сабыр сақтады. Сабыр болғанда да, сары алтыннан ауыр сабырдың салмақты сауытын киіп отырды. Яғни, тектілік танытты. Жаңа буынның жаңа тәсіліне мойынсұнды.
Ал біздің санамызда сансыз ойлар сапырылысып жатты. Дәл осы сәтте Ханбибі ақын секілді сахнадан көз алмай қадала қараған біз пақыр да қиялымызбен қырық қырды шарлап кеттік. Өз басым осы драманың үш басты кейіпкерінің бірі – композитор Тұрдықылыш Ізтаевты өмірімде кездестіре алмаппын. Оттай жанған Оңтүстікке қанша барып жүрсек те, айбарлы ағамызбен жүздесудің сәті түспепті. Оның есесіне Нұрикамалды көрдік. Кәдімгі Нұрикамал Сейітжанова. Бір мезгілде қызметтес болдық. Бір мекеменің емес, бір саланың отын тұтатып, шоғын көседік. Етене араластық деп айта алмаймын. Бірақ аз-кем сұхбаттың өзі кейде айрықша әсер қалдырады ғой. Келбеті келісті адам-тұғын. Жаны жайсаң жан еді. Адамды тез баурайтын. Сөзі салиқалы болатын. Әйтеуір менің әсерім осындай-ды. Сөйтіп, баршаға белгілі бір әннің кейіпкеріне айналған әйгілі үштіктің екеуін біршама таныған екенбіз.
Сонымен, Ханбибі апам... Өз тағдыры туралы, өз шығармасы жайлы жаңа буын дайындаған спек-такльді көру оған әсте оңай емес екенін білемін. Баяғыда академик-жазушы Зейнолла Қабдолов «Менің Әуезовім» эссесінің кіріспе бөлімінде Айтматовтың жазу үстіндегі кескін-кейпі жөнінде «Апырмай, тура өліп-тіріліп отырады екен!», – деп жазып еді. Дәл осы жолы Ханбибі апамды соншалықты өліп-тіріліп отырды дей алмаймын, бірақ енді ғұмырының бір бөлігі сахналанып жатқан соң, ішкі толқынысы сыртқа теппей тұрмайтыны анық қой. Бірақ ол сыр білдірмеді. Өмір мен өнердің мүлде қабыспайтынын, өз тағдыры мен сахна қойылымының жер мен көктей айырмашылығын сезіне тұра үн қатқан жоқ. Себебі ол шығармашылық тәсіл дегеннің не екенін жақсы біледі. Қажет десе, өзі де мұндайдың жеті атасын қолдана алады.
Ол қырық жылғы туындысының қазіргі ұрпақтың кәдесіне жарағанына тәубе етті. Бірақ сан-мың сауал түрінде тұрды. Мен оны жан баласына білдірмей оқып отырмын. «Айналайын-ау, дәл мынау мен емеспін ғой... Біздің Тұрдықылыш ешкімге бас имеген қайратты адам еді. Мынауың енді... Біздің Қылыш мына Қылыш секілді еден жумақ түгілі... Жумай қалсын... Дәл мынадай оқиға біздің өмірімізде болған жоқ еді... Шетінеп кеткен перзенті несі, Құдай-ау?.. Балалар тым бояп жіберіпті, ә?». Мұның бәрін ол айтпады. Алайда біз сезіндік...
Сезінген себебіміз, жаңа буынның қашан да өз сөзін айтатынына әбден көндіккенбіз. Өзіміз де бір кезде сол жаңа буынның жалаңдаған өкілі болғанбыз. «Қаратаудан тайлақ емес, мен келдім!», – деп ақкөңіл ақын інім Азамат Есалы жырлағандай, біз пақыр да ертеректе ересектер тобына ежірейе қарағанбыз.
Ханбибінің ханбибілігінің арқасында өмірге келген, дүйім жұртқа таралған ән қанша жыл өтсе де, талай туындыға өзек болып жатыр. Былтыр Ернат Байұзақ түсірген «Нұрикамал» фильмі экранға жол тартты. Сценарийін жазған Қанат Рамазанның көп ізденгені көрініп тұр. Ернат мен Қанат ән мен әсерді, тағдыр мен табиғатты, сәт пен сезімді, өмір мен өлеңді шендестіре отырып, жұрт жаппай көретін туындыны экранға шығарды. Бұл енді – бүгінгі жас буынның жетістігі. Фильмге тартылған әртістер де жақсы іріктелген. Ханбибіні Гүлбаһрам Байбосынова, Тұрдықылышты Олжас Дәлелхан, Нұрикамалды Фариза Ескермес ойнады. Фильмнің музыкасын жазған актер Олжастың өзі де сазгерлігімен танылып жүр. Олжас-Тұрдықылыш өмірдегі Тұрдықылыштың атақты әнді шығарған тұстағы кезінен әлдеқайда жас көрінеді. Прототипінің сол мезгілдегі кейпінен төрт-бес жас кіші болуы керек. Тіпті, уылжып тұрған бет-жүзіне қарап, «Жастық шағым қайда менің?!» деген әйгілі өлең жолын оның езуіне қыстыруға да қимайсың.
Әрине, бұл да – әйгілі үштік хикаясының желісін бұзбай түгелдей сахнаға көшірген кинокартина емес. Бұлай болуы міндетті дей алмаймыз. Көркем дүниенің аты – көркем дүние. Фильм шыққан бетте жұрттың ықыласын аударды. Есепсіз көп көрермен жинады. Демек, тәуір туынды. Өмірде болған жайттардан аулақтап, еркін көсілгенімен, соңында прототиптердің бірнеше суретін ұсынып, өздері старт алған документализмге қайтып оралады. Мұны да тым әдемі шешім еді деп келісе қою қиындау. Көркем дүние дедің бе, бірыңғай көркем дүниенің көшесімен кету керек қой. Алайда әділін айту керек, актерлердің бәрі шебер ойнады. Адамның жан дүниесін бейнелей білді. Жұрттың ішкі әлеміне қозғау салды. Аса күрделі психологиялық тебіреністі қиналмай танытты. Қалың көрерменді кинозалға жіпсіз байлады. Қысқасы, олар экранға өз Ханбибісін, өз Тұрдықылышын, өз Нұрикамалын алып шықты.
Ал Қаллеки театры кинокартинадағы секілді «фильм шынайы оқиғаларға негізделген» деп айқайлатып айдар тақпай-ақ, «Махаббатым сеннің» поэтикалық сипаттамасын «Бір ән туралы толғаныс... «Нұрикамал» әні жайлы фантазия» деп жазып, бірден мәселенің басын ашып алды. Бұл – фантазия... Демек, қалай көсілгің келсе, солай көсіл... Өмірдегі және фильмдегі Ханбибі мен Тұрдықылыш сахнада Бибі мен Қылышқа айналды. Дұрыс. Айтуға ыңғайлы. Жаңа заманға да қолайды. Бибіні Айнұр Жетпісбаева ойнады. Жастығына қарамастан, Қаллеки театрына бір адамдай еңбегі сіңген өрелі өнерпаз. «Айман – Шолпандағы» Шолпан, «Ақан сері – Ақтоқтыдағы» Ақтоқты, «Ромео мен Джульеттадағы» Джульетта, «Кенесары – Күнімжандағы» Күнімжан рөлдері осы Айнұрдың үлесіне тиген. Ол сол рөлдердің бәріне жан-тәнімен берілді. Бірқатарын өзіміз де арнайы барып көрдік.
Айнұрдың бұл жолғы Бибісі сәтті шықты деуге болады. Актриса шаңырақ психологиясын мүлтіксіз танытты. Отбасылық кикілжіңге де бәрімізді сендірді. Ішкі дүниесімен егіле білді. Әлемі нұрлы жас әйелді әрлеп тұрып сахнаға шығарды. Оған еш талас жоқ. Бірақ Айнұр қарындасым бізді кешірсін, ол жерде ақын келіншек жарқырай көрінген жоқ. Барлық әйел бір төбе де, ақын әйел – бір төбе. Сол бір төбенің тұғырлы төбесін аңғара алмай қиналдық. Қаншама сабырлы деген ақын келіншектің бойынан қиял мен романтиканың белгілері бой көрсетіп қалуға тиіс. Өмір бойы ақын қыздармен бірге оқып, әлі күнге дейін ақын келіншектермен бірге жұмыс істеп келе жатқан біз мұны жақсы білеміз. Сондықтан талабымыз да, талғамымыз да сәл бөлектеу болар. Айнұр әйел болып толғанды, келіншек болып күйзелді. Бірақ ақын болып, өлең өлкесінде соншалықты құлаш ұрғаны байқала қоймады-ау. Бәлкім, біз байқамадық па екен?! Осы бағытта әлі де іздене түсіп, жыр жазатын қыздардың ғұмырын едәуір зерттеп қарауы қажет еді. Мәселен, «Нұрикамал» фильміндегі эпизодтық рөл арқылы жарқ ете қалатын Ажарлым Мағзұм деген жұдырықтай қыз (бәлкім, бізге солай көрінген шығар) ойнаған Фариза естеріңізде ме? Ол енді – нағыз ақын! Көзінде – от, жүрегінде – жыр... Оның үстіне кескін-келбеті де Фариза Оңғарсыновадан аумайды. Көзқарасы, мінезі, сөз саптауы, бәрі, бәрі... «мен ақынмын» деп тұр. Көп құрметіне бөленген Ханбибі ақынды да Қаллеки театрының сахнасында сөйтіп поэтикалық әлемнің образына ептеп жақындатуға болмас па еді.
Өзге нұсқалардағы серіктестері Бекарыс Шалқар мен Олжас Жақыпбектің қалай ойнағанын білмейміз, бірақ Қылыш рөліндегі Жанат Оспановтың нағыз сазгерді кейіптегенін айтпасақ, қиянат болар еді. Әрине, залда отырған Ханбибі апам сахнада сәл жұмсақтау көрінген Жанаттан оның прототипі Тұрдықылыш Ізтаевтың нағыз бейнесін байқай алмаған болуы мүмкін. Бірақ біз мінезі мың құбылған, қиялы алып-ұшқан, өзімен-өзі тілдесіп, мұңға малшынған композиторды таныдық. Жанат өз тізгіні өзінде кеткен еркін қазақты еркін ойнады. Ол да – Қаллеки театрының сахнасында тынбай тер төгіп, көп еңбек сіңіріп жүрген жастардың бірі.
Фильмнің мүмкіндігіне орай Бибі, Қылыш және Нұрикамал хикаясы ауыл мен аймақ, жота мен жайлау, дала мен табиғат панорамасы деңгейінде тәпсірленсе, сахнагерлер шешімі отбасы драмасы ретіндегі шағындау ауқыммен шектеледі. Қажығали Мұханбетқалиұлы ағамыздың «Тар кезең» романының басты кейіпкері Сырым батыр жүз бірдеңесінші бетке келгенде барып, оқырманмен бір-ақ жүздесетін еді. Сол сияқты қойылымның бірінші бөлімінде байқалмаған Нұрикамал екінші бөлімнің біраз жеріне дейін сахнаға шыға қоймады. Жұртты әбден үздіктіріп барып көрінеді. Мұны да көрерменді ширықтыруға негізделген жаңа тәсіл болар деп түйдік. Ал оған дейін Қылыш пен Бибінің күйкі тірліктегі талас-тартысы театр тілімен баяндалады. Тағы бір аңғарылған нәрсе, қойылымда әннен бұрын сөз дүниеге келеді. Әлі әуеннен хабар бола қоймай тұрғанда сөз оқыла бастайды. Әрине, ән әлемінде ондай жайт болып тұрады. Дегенмен «Нұрикамал» әнінің әуелі әуені шыққаны баршаға белгілі ғой.
Фильмдегі Нұрикамалға қарағанда сахнадағы Нұрикамал мемлекеттік қызметкерге көбірек келеді. Актриса Саида Сағынова әдемі арудың да, мәртебелі менеджердің де образын жасады. Нәзіктіктің нақыштарын, сондай-ақ кеңселік әдеп пен әйелдік әдетті қатар өрбітіп, төмен етектілер арасынан шыққан келбеті келісті ширақ шенеуніктің көркем кейпін шеберлікпен бейнеледі. Бұл енді өмірдегі Нұрикамалдың табиғатына жақындау.
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Гүлсина Мирғалиевамен тілеулес көрермен ретінде әңгімелесіп тұрамыз. Ол жас буынға ерекше еркіндік береді. Тіпті, олардың өзіндік максимализмін де бағалайтын сияқты көрінеді бізге. Әртістерін жанын салып қорғайды. Тіпті, қызғыштай қориды. Сондықтан кейінгі серпілістің болуы да заңды шығар.
Қайткенде де, Қаллеки театры тағы бір толымды дүниені көрерменге ұсынды. Киелі шаңырақтың кезекті табысы деуге болар. Үнемі аншлагпен өтеді. Жұрт залдың аузы-мұрнынан шығып отырады. Бұл жолы да солай болды. Сонымен, қаллекиліктер де өз «Нұрикамалын» биікке шығарды. Сол биігінен түспесін енді дейміз ғой.
Қойылым соңында Ханбибі Есенқарақызы сөз алды. Қысқа әрі нұсқа сөйледі. «Бүкіл ел болып қуана қол соғып жатыр ғой. Соған қарағанда жаман дүние болмауға тиіс деп ойлаймын», – деді риза кейіппен. Театр ұжымына сәт сапар тіледі. Басты рөлде ойнаған актрисаларға гүл шоғын сыйлады. «Аспандағы ай ма дедім, Жастық шағым қайда менің? Жүрегімді елжіреткен, Жаным, қандай жайдары едің?!», – деп ыңылдап тарасты жиылған жұрт.
Баршаға белгілі «Нұрикамал» әні қазір жер-жерде түрлі-түрлі туындыға айналып, көрерменмен қауышуда. Өңірлердегі бірқатар театрларда қойылды. Авторлары да мүлде басқа адамдар. Көңілдің қалауы. Жүректің нұсқауы. Онысы қандай «Нұрикамал» боп шықты, ол енді бөлек әңгіме. Тіпті, кейбір оқу орындарының өнерпаздары оны балетке айналдырыпты. Ханбибі ақын сабырдың сауытын киіп алып, оны да көріп қайтыпты. Сөйтіп, «Нұрикамал» Ханбибі апамның уысынан баяғыда шығып кетті. Шықса, шықсын... Елдің игілігіне жарағаны дұрыс. Жұрт жадынан өшпейтін халықтық туындыға айналса, несі бар? Бұл бір қазіргі көркем өнердегі нағыз нәзирашылықтың үздік үлгісі болып тұр. Тек көркемдік жағы ақсамаса дейміз де...
Әйгілі үштағанның жер басып жүрген жалғыз тірегі – Ханбибі апамызға амандық тілейміз! «Аспандағы ай ма дедім...» деп басталатын поэтикалық бренд-ті өмірге әкелу ақын атаулының бәріне бірдей бұйыра бермейтін бақ екені рас қой...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ