Әдеби интерьер: Заттар не айтады?

9 мамыр, 2025 / Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ
сурет: istockphoto.com

Әдеби шығармадағы әр деталь, әр зат шығарманың мазмұнын байытып, айтар ойын айшықтай түсетін құнды құрал. Әдеби шығармада бос кеңістік, орынсыз заттар әлемі болмауы тиіс. Кейде бір шығарманың өзекті ойын елеусіз бір зат көрнекілендіре түсе­ді. Қазақ әңгімелерінде сандық, қара шәугім, қамшы, ошақ жайында жазылса, оқырман міндетті түрде оның кейіпкермен тығыз байланысы бар екенін сезінуі керек. Символдық мәнінен бөлек, оқиғаға тіке қатысы бола­тынын да ұмытпаған жөн. Егер көркем әдебиетте заттар өз орнында тұр­маса, өз мағынасында дұрыс қолданылмаса, ол шығарманың құнын әлсі­ретеді. Әдеби интерьер дегеніміз – әдеби шығармадағы кеңістікті тол­тырушы заттар әлемі.

 

Көркем әдебиеттегі заттар әлемін, әде­би интерьерді зерттеу – қазіргі әде­­биеттану ғылымындағы өзекті мәсе­ле­ле­рінің бірі. Шетелдік және отандық ға­лым­дар әдеби интерьерді көркем шығарманың ажы­рамас бөлігі ретінде қарастырып, оның қан­дай қызмет атқаратынына мән беру ке­рек екенін зерделей түсті. Адам бала­сы­ның айналасын қоршап тұрған әрбір за­т­тың біздің таным-түсінігімізде қалыптасқан мәні мен мағынасы, өзіндік атқарар қыз­меті бар. Біз қолданатын заттар әлемі адам­ның өмір сүру салты мен мәдениетінен, пси­хологиясынан хабар береді. Заттар әле­мі адамзат тарихының терең қатп­ар­ла­рын ашуға, кейіпкер мен оның айналасында өр­біген түрлі оқиғаларды өз биігінде су­рет­теуге, адам жанының құпия сырларына үңі­луге мүмкіндік береді. Яғни, шығармада кездескен әрбір заттың жазушы қиялымен ұштасқан белгілі бір мақсаты болады. Адам ба­ласының өз қолынан шыққан тұрмыстық зат­тар, мәселенки, үй кеңістігінде орна­лас­қан жиһаздар мен құрал-саймандар шы­ғар­ма­дағы кейіпкермен байланысып, оқыр­ман­­ға өзгеше әсер қалдырып, жұмбақ әлем­­нің есігін ашады. Әдебиеттану ғы­лы­мында шығарманың осындай баяндау бір­лі­гін «Әдеби интерьер» немесе «Заттық әлем» деп атайды.

Әдеби шығармаларда бұл кейіпкерлерді қор­шап тұрған кеңістікті қайта құрудың бір түрі. Пейзаж сияқты, интерьер де әр­түр­лі бөлшектерден құралады және іс-әре­кет­тің бағытын көрсетеді, сол үшін де қаламгер үшін маңызды бөлшектерді таңдай білу аса қажет.

Интерьер сөзі француздың «interieur» сө­зінен шыққан, «ішкі» деген мағынаны біл­діреді. Бүгінгі таңда әдеби интерьердің көр­кем үлгісін арнайы категория ретінде қа­растырып, шығармадағы қызметін жан-жақ­ты саралау турасындағы зерттеулер то­лық жүйеленіп біткен жоқ. Десе де, шет­елдік, отандық әдебиеттану ғылымында әде­би интерьердің өзгеше белгілері мен өзін­дік ерекшелігін анықтайтын нақты тұ­жырымы толық қалыптаспады десек те, ин­терьердің қолданысы, көркем мәтін ұйым­дастырудағы қызметін бірқатар ғы­лыми зерттеулерден байқауға болады. Біз өмір сүретін ортада көріп жүрген жануарлар мен түрлі тұрмыстық реалиялар, орындар, бұйым­дар, адам қолынан пайда болған зат­тық әлем әдебиетте ерекше маңызды.

Жаңадан жарық көріп отырған «Қазіргі қа­зақ прозасындағы интерьердің қызметі мен көркемдік поэтикасы» атты моног­ра­фия­лық еңбекте заттар әлемінің әдебиеттегі маңызын талдаған. Филология ғылым­дары­ның кандидаты, М.Өтемісов атындағы уни­верситеттің қауымдастырылған про­фессоры Рита Сұлтанғалиева мен әде­биет­танушы жас ғалым, магистр Балнұр Рыс­қа­лиеваның бірігіп жазған еңбегі әдебиеттегі ин­терьер әлемін жете түсінуге жол ашқан деуге болады.   Шығармада кездескен бір ғана зат кейде тұтас шығарманың көркем­дік-эстетикалық мәнін күшейтіп, оқырман санасында қалыптасқан мән-мағынаны одан әрі арттырып жіберуі мүмкін. Әде­биет­тегі интерьер кейде көркемдік деталь қыз­ме­тін атқарып қоймай, адам болмысын ашу­ға қызмет етеді. Біз өмірімізге өрнек бер­ген әрбір затқа жасампаз көзқарас тұр­ғы­сынан қарап, осы уақытқа дейін жинақ­тал­ған пікірлерімізді қайта електен өткі­земіз.

Авторлар орыстың әдебиеттанушы ға­лы­мы И.Судосева «интерьер» ұғымын алғаш әде­би категория ретінде қарастыра келіп, оның сәндік, бейнелілік, мекеншақтық не­гіз­гі қызметтерін айқындағанын айтады. Шы­ғарма кейіпкерінің образын айқын­дау­да, характеріне үңілуде, қоғамның әлеу­мет­тік-тұрмыстық, мәдени-адамгершілік тұс­тарын саралауда интерьердің атқарар қыз­меті бөлек. Демек, интерьерсіз, заттық әлем­сіз белгілі бір кезеңді, уақыт бейнесін елес­тету мүмкін емес. Мысалы, Шыңғыс хан өмір сүрген кезеңдегі адамдар қолданған зат­тар, киіну үлгісі, тұрмысы, үй-жайы, қол­данған құралдары қазіргі адамдарға сол ке­зең жайлы хабар береді және біздің дәуір­ден мүлдем өзгеше екенін бірден байқайсың.

Еңбекте детальдердің қызметін анық­тауда көркем прозадағы заттар әле­мі­нің көркемдік қызметін жете зерттеген ға­лым Г.Пірәлиеваның бірқатар ғылыми пайым­дауларына да ерекше көңіл бөлінген. Ға­лым «Сөз өнеріндегі заттық әлемнің көр­кем­дік қызметі: Шығармадағы өмір шын­дық­тарын бейнелей отырып, көркемдік кеңіс­тік пен уақыт аясында көрініс табады. Көр­кем шығарманың барлық түрінде кез­десетін заттық әлем тарихи кезеңді, әлеу­мет­тік ортаны, мезгіл-мекенді бедерлейді. Зат­тық әлем – кейіпкерді қоршаған пси­хо­ло­гиялық ортаны, табиғатты, интерьерді дәл және нанымды береді. Заттық әлем – ең бастысы кейіпкердің табиғатын, талғамын, тұрмыс-тіршілігін, мінезін суреттеуде көп­теген көркемдік, психологиялық қызмет атқарады. Шығарма поэтикасын құрайтын пейзаж кез келген көркем шығарманың көркі десе болғандай, адам мен табиғат қан­дай тығыз байланыста өмір сүрсе, адам­заттың көңіл күйі де сол табиғат құбы­лы­сы­мен бірге өзгеріп отыратыны да табиғи нәрсе» деп анықтама береді.

Әдеби интерьердің атқаратын қыз­мет­тері бір-бірімен тығыз байланысты және бір-бірін толықтырып тұрады. Шығарма­ның өн бойында ұшырасатын интерьер де­та­льдары оқиғаның шырайын кіргізіп, әрі психологиялық ахуалды көрсетіп, әрі уа­қыт пен кеңістік тоғысындағы адам мен заттар әлемі арасындағы тамыры тереңге кет­кен байланыстың дәлелі болуы мүмкін. Бұл жөнінде монография авторлары Г.Пірә­лиеваның ойын айшықтай түседі. Көркем туындыда кейіпкердің киген киімі пси­хо­логиялық және философиялық, әлеуметтік қыз­метте ғана көрініс таппай, сонымен қа­тар кейіпкерге қатысты өткен оқиғаның куәгері, өмір естелігінің құпиясының алтын кілті ретінде де оқырманға әсер етеді. Мы­салы, кейіпкердің өткен өміріндегі, ба­лалық ша­ғындағы естеліктерінде бір зат ерекше ыс­тық болуы мүмкін. Оны еске түсіретін су­рет, киім немесе тағы басқа еріксіз ойға ора­латын заттарды да шығарма мәтінінде кез­дестіруге болады.

Адам баласы қоғамнан, өзін қоршаған та­биғи ортадан тыс өмір сүре алмайды. Ол өзі­нің талғамына сай киінеді, өз көз­қара­сы­мен жүріп-тұрады, дүниетанымына қа­рай адамдармен аралас-құралас болады. Әдебиеттің негізгі объектісі адам, ал адамзат ба­ласының өмірі айналасындағы заттық әлем­мен тығыз байланысты болғандықтан, су­реткерлер кейіпкердің қолданған затын, ки­ген киімін, тұрмыс жағдайын назардан тыс қалдыра алмайды. Ал олардың қол­дан­ған заттары өз кезегінде иесінің қандай жан екенін білдіріп тұратыны ақиқат.

Әдеби интерьердің мекеншақ қыз­ме­тін­де заттық әлеммен қатар кейіпкердің іс-әрекеті, мезгіл арқылы айқын анық­тала­ды. Бұл жайында монография авторлары нақ­т­ы шығармаларға талдау жасаған.

Жазушы Нұрғали Ораздың 2008 жы­лы жарық көрген «Тауда айды та­машалаған түн» атты шығармасы әде­биетсүйер қауым арасында кеңінен таны­мал болды. 16 жасар қыздың шығарманың бас кейіпкері Маратты таудан айды тама­ша­лауға шақырудан басталады. Екеуінің ара­сындағы оқиғалардан «Жерұйық» кафе­сі­не келгендегі мына әдеби интерьерлік су­рет­теулерді байқауға болады: «Киіз үйдің ішін­де қымыз иісі аңқиды. Төр жақтағы кө­не сандық ескінің көзі сықылды; ой­мыш­тап салынған ою-өрнегі мен аузындағы қа­ра құлыбынан бастап, жүк аяғына дейін талай жыл, талай заманаларды басынан өткергенін айтпай-ақ аңғарып тұр», «Қы­зық. Мына машина оның көзіне біртүрлі жы­лы ұшырап көрінді. Одан түскен ал қы­зыл жібек көйлекті, сұңғақ бойлы сұлу бой­жеткен бұған қарап қолын бұлғап, ескі та­нысын кезіктіргендей жымиып күлді». Шы­ғарма уақыты осы кезеңде суреттелсе де, ондағы заттық детальдарға «көне», «со­нау» сынды тіркестерін қолдану арқылы сол кездің қилы шақтарына сапар шек­тіре­ді. Тіпті, кейіпкерлер ондағы заттар мен адам­дардың байланысын көз алдарына елес­теді. Сол арқылы оқырман  санасында қа­ламгер шығармадағы болмысты, кейіпкер өмір сүретін ортаны, сол кезеңнің ақиқатын көр­кемдік детальдар арқылы жеткізуді мақ­сат тұтады.

Дәурен Қуаттың «Мүйіз тарақ» шығар­ма­сы да авторлардың зерттеу нысанына ілін­ген. Жазушының осы шығармасында әде­би интерьердің хронтоптық сипаты ай­қын көрінетініне тоқталады. Себебі шы­ғарманы оқи отырып, үш қоғамдық фор­ма­ция­ны көз алдыңызға келтіресіз дейді мо­нографияда. Олар бір-бірімен үйлесе жал­ғас­қан, ықпалдас бейнеленіп, кейіпкер өмі­­­рінің кезеңдері бойынша кестеленеді. Шы­ғарма басында кейуананың күндегі күй­бең тіршілігін суреттеуден бастаса, ав­тор оның туған ауылы мен бала күнін еске алуы­мен аяқтайды. Десе де, автор шығар­ма­дағы екі кезеңдік формацияға мән бер­мей, бірден сол оқиға өтіп жатқан уақыттың ағы­нымен жалғастыра түседі. Тіпті, кейіп­керлердің де қасиеттерін бағалап, оларды бөл­мей, тек іс-әрекеттері арқылы оқыр­ман­ға ой тастауды мақсат еткен. Зерттеуші ға­лымдар автордың кейіпкер мінезін зат­тық әлем арқылы ашуға тырысқанына мән бер­ген. Адам өмірінің жастықтан орта жас­қа, кейін қарттыққа ұласуын, қоғамдағы өзге­рістер мен қысылтаяң шақтарды, адам бала­сының адамгершілік таразысындағы оң және сол қадамдарын төрт деталь арқы­лы сипаттайды. Монография авторлары күміс тараққа баса мән берген. Күміс тарақ ар­қылы оқырман Рымкеш кейуананың жас­тық шағына сапар шегеді. Қытайдағы қаз­ақтардың тұрмысына назар аудартады. Кү­міс тарақ – кейіпкер санасында жасты­ғы­ның, жан-жағындағы адамдарға деген се­німі, аға мен қарындас арасындағы сүйіс­пеншіліктің, туған жерге махаббатының белгісі ретінде көрінеді. Қаламгер шығар­ма­да көрініс тапқан екі қоғамдық жүйенің бір-біріне идеялық тұрғыдан ұқсастығын, қа­рапайым халықтың содан шеккен зарда­бын бір ғана тарақтың қасиетіне сыйдырып жібереді.

Монографияда Мақсат Мәліктің «Құ­дық басындағы екеу», «Ағаш адам», Жадыра Шамұратованың «Сандық», Досхан Жылқы­бай­дың «Қазан түйнектері» және басқа ав­торлардың шығармаларын талдай отырып, әде­би интерьердің қасиеттері мен ерек­ше­ліктерін жан-жақты ашып көрсеткен. Мо­ног­рафия ХХ ғасыр әдебиеті мен бүгінгі әде­биетті салыстыра отырып, әдеби шығар­ма­­­лардағы заттар әлемінің қолданылу ба­ры­сындағы ерекшеліктерге де мән берген. Ұлы жазушы Бейімбет Майлин әдеби ин­терьерді өте орнымен қолдана білген сурет­кер. Оның әр шығармасының поэтикалық қуаты шығармаларында кейіпкер әлемін ашып көрсететін заттарды боямасыз қабыс­тыра алуында десек те болады.

Әдеби интерьердің сәндік қызметі хронологиялық тұрғыдан шығар­малар­да көрініс табуында бірінші болып ерекшеленбек. Кез келген шығарма авто­ры­ның айналаны талғамға сай, әдемі сурет­теуі­нің өзі де бір шеберлік. Оқырманның са­насы, талғамы жоғарылаған сайын, әдеби ин­терьерді қолданудың да талабы жо­ға­ры­лай түспек. Авторлар сөз қылып отырған ин­терьердің қай-қай қызметін алып қара­саң да, қазіргі қазақ прозасының негізінде талдап түсіндіруге болатынын алға тартады. Көркем мәтін негізіне жаңаша леп беріп, адам өмірі мен характерін, жекелеген зат­тар арқылы кейіпкер образын ашып көр­сетіп, интерьердің көркемдік қызметін одан әрі зерделей түскен.

Авторлардың пайымынша, әдеби ин­терьердің сәндік қызметі көркемдік тұрғы­сы­нан өзіндік бірнеше мақсатты көздейді: шы­ғарма оқиғасының орнын безендіру; шы­ғарманың әрекеті өрбитін орынға лайық­ты декорацияларды қолдану; оқыр­ман санасына шынайылық бейнесін қа­лып­тастыру.

Әдеби интерьер қызметін зерттеу­ші­лердің ойы шығармада сәндік интерьерді қол­дану арқылы оқиғаның шынайылығын, эсте­тикалық құндылығын арта түседі деген пікірге жанасады. Тұтас оқиғаны әсем зат­тар­мен бірге қарастырып, оны шығармаға ар­қау ете білу – оқырман үшін ерекше эс­те­ти­калық ләззат алудың көзі ретінде қа­был­данады.

Шығармадағы уақыт пен кеңістікті зерттеу арқылы жазушының дү­ниені қабылдауы, жеке авторлық жазу сти­лі, шығарманың композициясын анық­тауы, көркем образдарды ашуы жайында кең мағлұмат табуға болады. Жазушы өз шы­ғармасында оқиға өтетін белгілі бір кеңіс­тікті жасайды. Ол кеңістіктің ауқымы кеңейіп, оқиғадан да тыс көп дүниені қам­туы мүмкін. Авантюралық, саяхаттық не­месе фантастикалық, модернистік роман­дарда оқиға жерден тыс басқа әлемдерде өтуі мүмкін. Сонымен қатар оқиға бір бөл­менің ішінде ғана немесе бір күн, бір сағат ішінде өтуі де ықтимал. Кеңістіктің «географиялық орта» ретінде нақты, реалды түрі болады.

Бір сөзбен айтар болсақ, «адам мен зат» бір-бірінен ажырағысыз ұғым. Заттың әде­биетте бейнеленуінің тәсілі де сан-салаға ұласып, жылдан-жылға олардың көркемдік қызметі мен міндеті де күрделене түсті. Шы­ғаратын түйін біреу, ол – шығармадағы оқиға өтер орын мен кеңістік, уақыт, инте­рьер­лер мен заттар, бәрі де кейіпкердің та­би­ғатын, көңіл күйін, мінез-құлқын, ру­хани әлемін ашуда эмоционалдық, психо­ло­гиялық, көркемдік қызмет атқарады.

Адам өмір сүретін ортада заттық әлем­нің рөлі ерекше. Сол үшін де ұлттық про­замызды зерттеу үдерісінде әдеби интерьер қыз­метін әлі де зерделеу  өзектілігін жой­мақ емес. «Қазіргі қазақ прозасындағы ин­терьер­дің қызметі мен көркемдік поэти­касы» аталған монографиясы туралы осын­дай қорытынды жасауға болады. Мұн­дай монографиялар қаламгерлердің өз шы­ғармасының көркемдік деңгейін жетіл­діруі үшін маңызды дер едік.

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

Тэгтер:

әдебиет заттар шығарма көркем шығарма интерьер