Бала алғашқы қадамын қашан жасайтынына генетикалық факторлар әсер етуі мүмкін, дейді ғалымдар. Nature Human Behaviour журналында жарияланған жаңа зерттеу сәбидің өз бетінше жүре бастайтын уақытына табиғи факторлар мен тәрбиенің бірлесіп әсер ететінін көрсетті.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, сәбилердің 9 айлық па, әлде 15 айлық кезде жүре бастайтыны – олардың генетикасына, дене бітіміне, дүниеге ерте немесе кеш келуіне, жаттығу мүмкіндігіне және тамақтануына байланысты. Зерттеушілер 11 генетикалық маркердің сәби жүрісі уақытының шамамен 25%-ын түсіндіре алатынын анықтады.
«Ата-аналар қолайлы орта құрып, балаларына қолдау көрсете алады, бірақ бұл процесті 100 пайыз бақылауда ұстай алмайды», – деді зерттеу авторларының бірі, Ұлыбританиядағы Суррей университетінің психология және генетика профессоры Анжелика Роналд Euronews Health-ке берген сұхбатында. «Бұл уақытты гендер де анықтайды».
Зерттеу Норвегия, Нидерланды және Ұлыбританиядағы 71 000-ға жуық баланы қамтыған. Ғалымдар сәбидің жүре бастау жасына әсер ететін гендер мидың көлемі мен сыртқы қыртысындағы қатпарлар санына да байланысты екенін анықтады. Бұл қатпарлар когнитивті (танымдық) қабілеттермен тығыз байланысты. Сонымен қатар, ерте жүре бастаумен байланысы бар гендердің назардың жетіспеушілігі мен гиперактивтілік синдромына (ADHD) да қатысы болуы мүмкін.
Ғалымдар белсенді және зейіні тұрақсыз сәбилер көбірек қозғалып, жүруді ерте үйренуі мүмкін деп болжайды. Ал басқа зерттеулер 18 айдан кейін ғана жүре бастаған сәбилердің интеллектуалдық дамуы баяу болуы мүмкін екенін көрсеткен.
«Бұл тұжырымдар жүре бастау жасына әсер ететін гендердің баланың дамуының әртүрлі салаларына орталық рөл атқаратынын көрсетеді», – деді профессор Роналд. Оның командасы алдағы уақытта ген мен ортаның өзара әрекетін зерттеуді жалғастырып, сәби дамуы үшін ең қолайлы жағдайларды анықтауды мақсат етіп отыр.
Профессор Роналд ата-аналарға алаңдамауға кеңес береді: «Біз кейде балалардың даму кезеңдеріне жетуін асыра бағалаймыз. Бірақ ерте жүретін де, кеш жүретін де балалардың өзіндік артықшылықтары болуы мүмкін».