Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Премьер-Министр Олжас Бектеновке ауылда тұрғын үй салуды субсидиялау бағдарламасының жүзеге асуы туралы депутаттық сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, бағдарлама жақсы ниетпен қабылданғанымен, іс жүзінде халықтың нақты қажеттілігін өтей алмай отыр.
«Ауыл – халықтың арқауы, елдің ертеңі» деген ұстанымды алға тартқан депутат, 2023 жылы мемлекет ауылдық жерлерде қызметкерлерге тұрғын үй салып берген жұмыс берушілерге арналған шығындарды субсидиялау қағидаларын бекіткені туралы еске салды. Оның айтуынша, бұл бастама ауылдағы кадр тапшылығын шешіп, агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына ықпал етуге тиіс еді.
«Мемлекет тұрғын үй құрылысының 50%-ын өтеу мүмкіндігін ұсынады», – деді Жайымбетов.
Алайда, оның пікірінше, бұл қағаз жүзіндегі сәтті жобаның өмірде толыққанды жүзеге аспай жатқанын көрсетеді.
Депутат қазіргі талаптарға сәйкес кейбір ауылдар бағдарламадан тыс қалып отырғанын атап өтті. Мәселен, Батыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында фермерлік қожалықтар ресми түрде аудан орталықтарына қарағанымен, нақты тұрғыдан ауылдық жерде орналасқан.
«Мұндай жағдайлар олардың бағдарламаға қатысуына белгілі бір қиындықтар туғызады», – деді ол.
Бағдарлама бойынша әрбір пайдалануға берілген тұрғын үйге берілетін субсидия 5 млн теңгеден аспауға тиіс. Алайда, қазіргі құрылыс нарығындағы бағаны ескерсек, бұл сома нақты шығынның жартысын да жаппайды.
«Нақты қажеттілік ескерілмеген. Кейде бағдарламалар қағаздағы сәттілік пен өмірдегі сүреңсіздік арасындағы алшақтық болып жатады», – деді депутат.
Оның айтуынша, құрылыс материалдарының бағасы өсіп келеді. Мысалы, 2023 жылы Батыс Қазақстанда тұрғын үйдің бір шаршы метрі 284 136 теңгені құраса, ал 2025-2026 жылдары бұл көрсеткіш 340 000 теңгеге дейін жетуі мүмкін.
«Осылайша, ауданы 100 шаршы метр стандартты тұрғын үйдің жұмыс берушіге кететін жалпы құны шамамен 34 млн теңгеге жетеді», – дейді Жайымбетов.
Бұдан бөлек, жобалау-сметалық құжаттама шығындары да бар – шамамен 2,42 млн теңге.
«Қағазда бар, өмірде жоқ» деген мысал – дәл осы жағдайға тән», – деп түйіндеді ол.
Депутат бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін бірнеше нақты ұсыныс айтты. Атап айтқанда:
1. Субсидия мөлшерін арттыру – құрылыс шығындарының өсуіне байланысты.
2. Бағдарламаға ауылдық сипаттағы, бірақ ресми түрде аудан орталығына жататын елді мекендерді қосу.
3. Сараланған қолдау жүйесін енгізу, яғни әр өңірдің инфрақұрылымы мен құрылыс бағасына қарай субсидия көлемін реттеу.
Оның пікірінше, бұл қадамдар ауылдағы өмір сүру сапасын арттырып, жастарды ауылда қалуға ынталандырады.
«Егер бұл мәселе түбегейлі шешілмесе, ауыл – жайлы мекен емес, босап бара жатқан кеңістікке айналады», – деп ескертті депутат.