Кітаптан ертегі оқу мен смартфоннан ертегі қосып қою баланың дамуына түрліше әсер етеді – зерттеу

29 сәуір, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Developmental Science журналында жарияланған жаңа зерттеу нейробиологтардың көптен бері айтып жүрген тұжырымын нақтылады: балалардың миы ертегі-әңгімелерді кітаптан оқыған кезде бір бөлек, экраннан көріп-тыңдаған кезде бір бөлек жұмыс істейді.

Зерттеушілер функционалды жақын инфрақызыл спектроскопия әдісін қолданып, мектепке дейінгі жастағы балалардың ми белсенділігін бақылаған. Олар жанды дауыспен кітап оқылып жатқан сәттерде балалар миының оң жақ жарты шарында – әсіресе әлеуметтік түсінікке жауап беретін аймақтарда – белсенділік жоғары болғанын байқаған. Ал экран арқылы әңгіме тыңдаған кезде мидағы белсенділік екі жарты шар арасында салыстырмалы түрде тең бөлінген.

Мамандар бұл айырмашылықтардың маңызына ерекше назар аударып отыр. Кітап оқу – бала тілінің дамуына, сөздік қорын байытуға, сөйлем құрап үйренуге және ересектермен әлеуметтік байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Ал экран алдында ұзақ уақыт отыру тілді меңгерудің кешеуілдеуімен және оқу-сауаттылыққа жауапты ми аймақтарының әлсіз байланыстарымен байланысты екені бұған дейінгі зерттеулерде айтылған.

Бұған дейін де кітап оқу мен экран алдындағы уақыттың баланың дамуына түрліше әсер ететіні белгілі болған. Алайда мида нақты не болып жататынын тікелей салыстырған зерттеулер аз еді. Біз осы олқылықтың орнын толтыруға тырыстық, – дейді зерттеу авторлары.

Бұл зерттеу мектепке дейінгі балалармен жұмыс істейтін ата-аналар мен мамандарға маңызды тұжырым береді: тірі дауыс, көзбе-көз оқу – экрандағы әңгімелерден әлдеқайда пайдалы.

Тэгтер:

кітап мультфильм әсер экран бала даму