Өскеменде «Кітап сыйла» акциясы аясында жастармен танымдық кездесу өтті

14 ақпан, 2025 / Дана Ізтілеуова
14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні

Халықаралық кітап сыйлау күніне орай «Жастар Рухы» ЖҚ ШҚОФ ұйымдастыруымен жастарға арналған танымдық кездесу өтті. 14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні, яғни адамдар бір-біріне құрмет пен сыйластықтың белгісі ретінде кітап сыйлайтын ерекше мереке. Бұл күннің басты мақсаты – қоғамды кітап оқуға шақырып, жастардың рухани дамуына үлес қосу.

Кездесудің арнайы қонағы – ақын, драматург, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Әскерхан Хуанбай. Ол жастармен өз шығармашылығы туралы бөлісіп, кітап оқудың маңызы туралы ой қозғады.

«Кітап – адам жанының азығы. Оны оқу арқылы біз жаңа әлемдерді танып, ой-өрісімізді кеңейтеміз. Бүгінгі жастардың кітапқа деген қызығушылығы қуантады. Оқыған әрбір кітап адамның санасын сәулелендіріп, дұрыс бағыт береді. Сондықтан, жастарды кітап оқуға көбірек уақыт бөлуге шақырамын», – деді Әскерхан Хуанбай.

Кездесу барысында жастар өздері оқыған кітаптары жайлы ойларымен бөлісіп, өлең шумақтарын оқып, жылы тілектерін білдірді. Белсенділік танытқан жастарға ақын өз кітаптарын сыйға тартты.

Бұл іс-шара жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, рухани даму мен білімге деген құштарлығын қолдау мақсатында ұйымдастырылды.

Тэгтер:

кездесу жастар кітап