T-Newspaper

Тоқтарәлі Таңжарыққа жауап хат

TÚRKISTAN газетінің биылғы №1 санында ақын Тоқтарәлі Таңжарықтың «Жас әдебиетшіге хат» атты мақаласы жарық көрген болатын. Сол хатқа жас ақын Еламан Қабділәшім жауап хат жолдапты. Хаттың толық нұсқасын жариялап отырмыз. 

Тоқа, сіздің хатыңызды оқыдым, қадари-хәлімше жауап жазбақпын. Қаламды параққа сүйкей бергенімде... деп өтірік соқпайын, оң қолымның ортан терегі мен сол қолымның балаң үйрегі пернетақтаның «Т», «о», «қ», «а» деген әріптеріне кезек-кезек тиген бетте-ақ үнемі жанымда жүретін менменшілдігім: «Әй, ақымақ, мынау хат саған арналмаған. Қарасайшы, «Жас әдебиетшіге!» деп тұр. Студенттерге, енді-енді шығып келе жатқандарға айтылған сөз. Сен – отыздың ішіндегі, азды-көпті танылған ақынсың. Жауап жазғаның ұят болады», – деп жағаласа кетті. Менмендігімнен қалып қоюды ар санайтын ұятымның дауысы бұдан бәсең естіледі: «Жаз! Саған арналған!», – деді ол қысқа ғана. Иә, бұл хат маған арналған.

«...әдебиет майданында өз ізіңізді қалдыруды, атыңызды алысқа шарлатуды армандайтын боларсыз...», – деген сенімді сөзіңіз менің ішімдегі алай-дүлейді, бұрынғыларша айтсам, тамыршыдай, бүгінгілерше айтсам, диагноз қоятын білікті дәрігердей тап басты. Мен де, қанаттастарым мен қадамдастарым секілді, бала кезімнен жазуға құштар болдым. Балаң қызығушылықпен ертегі құрастырып, «L-999 ғаламшарының келімсектері» деген үш бөлімді қиял-ғажайып әңгіме жазғаным бар. Бұлардың ешбірі аудандық, облыстық газеттердің «Құлынтай», «Айналайын» секілді қосымшаларына шыққан жоқ. Жеке архивімде тұр. Сіздің «...том-том кітаптың сыртындағы әлдебір есімдермен іштей бәсекелеспеген болашақ қаламгер аз...» дегеніңізді оқығанда алыста-а-а қалған балалығымның бір естелігі – сол жазбаларды есіме алдым. Ұмытып та барады екем. Ескі қағаздарды қопарыстырып, тауып алдым. Менен жазушы шығар-шықпасын білмеймін, бірақ жазуға деген ынтам осылай оянған еді.

«...Егер ба­ла кезіңізде жөні дұрыс кітап оқы­ма­саңыз, күлдібадам дүниені пір тұтып, солардың желікпесімен кетсеңіз, ол Сіздің тұнық ойыңыз бен мөлдір эстетикаңызды лай­лайды...», – дегеніңізде, «Мен қандай кітаптарды оқып едім?» деп ойландым. Лайланып, лайланбағанымды қайдан білем. Бұл пайымыңыз мені кәдімгідей әбігерге салды, Тоқа. Басқалар секілді, менің де тізімімнің басында ертегілер, жыр-дастандар, Алдар көсе мен Қожанасыр хикаялары және «Сен білесің бе?» секілді танымдық кітапшалар тұр. Осылардың әсері – бастауыш сыныптағы кезімде, маған ертегі құрастыртқан. Одан кейін ше? Менің бала қиялымды ұштаған, қанаттандырған қандай кітаптар бар? Керемет болып көріну үшін өтірікке жол бермейін. «Абай жолының» 2 томын ғана оқыдым, ары қарай әлі күнге дейін тісім батпай жүргенін мойындаймын. Ж.Аймауытұлын, М.Дулатовты, С.Торайғыровты 5-сыныпта оқыдым алғаш. Бірақ жоғары мектеп бітірер жылы ғана түсіне бастадым. Алғаш түсініп, тамсанып оқығаным – Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күні». 6-сынып оқушысын бір шығармада үш түрлі оқиға айтылатыны таңғалдырған еді. Бір-бірімен байланыспайтын, бір-біріне қатысы жоқ оқиғалар – мәйітті жерлеу, ғарыш және Найман-Ана хикаялары адамзат баласына ортақ құндылықтарды арқау еткенін сол кезде түсінген едім. Әсіресе, мәңгүрт туралы әңгіме «Мен кіммін?» деген сауалды өз-өзіме алғаш рет қоюға түрткі болды.

Одан кейін, өзіңіз айтқандай «...өзіңізге ең қажетті кі­тапты табу өте қиын...» екенін ұға бастадым. Қазір кейде «Оқып жүрген кітаптарым маған қажет пе?» деп ойлап қалам. Бір ағаларым: «Мен кітап оқудан жалыққан адаммын» дейді. Неге жалыққанын «Тұщындырмайтын кітаптар көп, айызыңды қандыратын шығарма жоқ» екенімен түсіндіреді.

«..Бұ­рын­ғы классикалық шығармаларды ақта­рыңыз, оқыңыз, бірақ оған қатып қал­маңыз, томдықтардың түбінде жатып ұйық­тау – Сізге жараспайды...» Бұны қаперіме салғаныңыз қандай жақсы болды. «Бір қаламгердің сүйекті деген, сүбелі деген 4-5 шығармасын оқу жеткілікті ме? Әлде барлық шығармасын аударып-төңкеріп шығу қажет пе? Мысалы, М.Мағауиннің 26 томының барлығын оқу оны толық тануға көмектесе ме?...» Осындай сауал туындайтын менде. Жауап алғандаймын.

Бір ойым: «Егер тұлғатанушы болсаң, әрине, бір сөзін қалдырмай оқы» дейді. Бір ойым: «Сүйікті қаламгеріңді ғана түгендеп оқы» дейді.

Мысалы, мен бір кітапты бастаймын, повесть немесе роман делік, мейлі әңгімелер не өлеңдер жинағы болсын, оның жалықтырып жіберетін тұстары көп болады. Сонда да, автордың еңбегіне немқұрайлы қарамайын деп, кітапты жаба салуға дәтім бармайды. «Мүмкін жақсы дүние кездесіп қалар» деп соңына дейін оқимын. Бұл мінезім кейде өзіме ұнайды. Ұнайтыны – төзімділігім, ыждаһаттылығым. Әйтеуір бірдеңе табармын деген үмітті ойымның бары. Ұнамайтыны – талғамсыздығым. Іліп алар бір ой таппаған кезде, текке кеткен уақытымды аяп, өз-өзіме ұрсамын. «Оның орнына басқа кітап оқуым керек еді» деп, тым оқымысты болып көрінбейін, бірақ балаларыммен аз болса да бірге уақыт өткізер едім ғой.

Оқыған кітаптарым туралы аз-кем пікір білдіруді әдетке айналдырып келемін. Әрине, өзіме ұнаған, елең еткізген шығармалар туралы. Кейде оқып, ұнатсам да, ол туралы бір сөйлем жаза алмайтын кітаптар болады. Бірақ санам сайрап тұрады ол туралы. Ал кейде ұнатыңқырамаған шығармаларға да, автордың еңбегі, талпынысы үшін жақсы сөзімді арнайтыным бар. Әйтеуір, жас автор «Мені оқиды екен» деп ойлап, өз-өзін қамшыласын дегенім. Әлде бұл да – көңілшектігім бе, әлде жалпақшешейлігім бе, білмеймін.

Хатыңыздың кей тұсын өзіме керекті кеңес деп қабылдадым, Тоқа! Жеке түртіп те алдым. Мысалы, «...Қазір ақпараттың заманы. Сізге таңдау мен талғап оқудың қиындығы жоқ. Деген­мен осы таңдау құқы берілсе де, жарнамасы «жарып тұрған» түкке алғысыз шығармалар көп кезігеді. Олардың бәрінен айналып өт демейміз, оқы, дәмін тат, сырлас, бірақ «үй­рен де жирен» дегеніңізге құлақ асамын.

«...Кез келген адам – мәтін­дер жиыны. Оның қандай мәтін екенін ішіңіз білсін. Ішінде дұрыс мәтіні жоқ адам­нан аулағырақ жүрген жөн шығар. Болашақта дос таңдар болсаңыз, оған мәтін ретінде қараңыз...». Осы сөзіңіз – құшақ ашқанға туыс болған бабаларым секілді, жылы жымиғанның бәрін жақын тұтатын маған аса қажетті ақыл. Жылы жымиыстың ар жағында жымысқа ой жатқанын сезе алмай қаламын. Басқалар секілді менің де араласатын адамдарым көп. Біреулерімен футбол ойнау үшін, біреулерімен моншаға бару үшін, енді біреулермен жерлес, көрші, әріптес, таныс болғаным үшін... Болды. Олар да менімен солай қарым-қатынас жасайды. Олармен әңгімеміздің тақырыбы – күнделікті күйбең тіршілік. Мәнді мәтін жоқ.

Кейде бір азаматтармен сағаттап сөйлесіп, шер тарқатысқандай боламын. Қадау-қадау ойларын қадап-қадап айтқанда «Осы адамнан үйренерім көп екен» деп қаламын. Басқалар – қорқақ, жасық, босбелбеу, пәтуасыз да, ол өзі ғана – айбынды, күрескер, ақиқатшыл. Біреуді жамандауға болмайтыны бала кезімнен құлағыма құйылған. Бірақ бұл кісі жамандап отырған жоқ. Шындық айтып отыр (!)... Ол кеткен соң оңаша қалам. Жалғыздықтан шынайы сырлас жоқ екен. Бағанадан бері айналама оның көзімен қарап отыр екем. Оның бойындағы кейбір мінездер, айналасына деген наразылығы, жұртқа жеген жеккөрушілігі маған жұғып барады. Мен ғана жақсымын... Бірақ олай емес, жаман – мен. Солай сабама түсем.

Өзімді қажетті, керекті адам сезінетін кезім болады. Ондайда, расын айтайын, кеуделеніп кетем. «Сенің қолыңнан келеді, көмектесші» деп өтінгендей, жалынғандай сұрайтын адамдарға уақытымды қиып, қол ұшын созамын. Бірақ ісі тындырылғаннан кейін, мен керек адам емес, міндетті адам секілді, оның өтініші, өтініш емес, бұйрық секілді болып кетеді. Енді ондай адамдардан аулақ жүруім керек деп түйіп отырмын. Олардан мазмұнды мәтін таба алмаспын.

Мен әуелі адаммын ғой, одан кейін жазушы болғысы келетін жанмын. Қандай адам болсам, сондай шығарма жазамын. Сондықтан Тоқа, өзіңіз айтқандай «ішінде дұрыс мәтіні жоқ адам­нан аулағырақ жүрген жөн шығар». Жөн!

«...Әдеби орта – жас әдебиетшінің бо­ла­шақ тағдырының көрсеткіші...» дегеніңізге де келіспеске болмайды. Тоқа, өздеріңіз бас болып, айналаңызға біз секілді жастарды жинап, бастап жүрген сол бір студенттік дәуренді сағынып еске аламын. Адалдық та, арлылық та, тазалық та, аңғалдық та, шынайылық та, үміт те Алатаудың бауырында қалып қойған секілді. Оларға сол жақта жайлы сияқты. Мен қазір көріп жүрген әдеби ортаның өсек-аяңы, қызғаныш-қысастығы, есеп-дәмесі көп болып көрінеді.

Әдеби орта белгілі бір топтардың мүддесіне жұмыс істесе, немесе белгілі бір адамның көзқарасы шеңберінен шыға алмаса, ол тағдырдың көрсеткіші бола алмайды-ау?! Мысалы, мен білетін жастардың бір ортасы бар, олар сол ортаға «дем беруші» тұлғаны мойындап, қатты құрметтейді. Жазғандарын жариялап, кітаптарын насихаттап жүреді. Бірақ сол «дем беруші» тұлғаның айналасындағы жастарды пайдаланушы, оларды жұмсаушы ғана екенін көрдім. Айтқанымен жүргізеді, өз беттерінше іс-әрекет етуге тыйым салады. «Сендер әлі пісіп-жетілген жоқсыңдар» деп тыйып тастап отырады.

Тағы бірнеше әдеби ортаны, әдеби-мәдени бірлестіктерді білемін. Барлығының мақсат-міндеті – әдебиетті насихаттау, жастарды таныту-мыс. Бірақ бір-бірімен шығармашылық байланыс, шығармашылық бәсеке жасаудың орнына бақталастықтары басым. Бірінің іс-шарасына бірі бармайды, бірінің бастамасын екіншісі қолдамайды дегендей.

Енді бір орта аға тұтып, бетке ұстап жүрген қаламгерді екінші топтың  ақылшысы адам құрлы көрмейді.

Одан кейін «Анау жағымпаз, мынау ләпбайшыл, биліктің құйыршығы» деп, айналасын сынап-мінеп отыратын оппозициялық топтың өкілдері тағы бар.

Әдеби ортаны ақша жасаудың амалына айналдырғандар да жүр арамызда. «Біздің орта нағыз іскер, жанкешті, идеяшыл, креативті жастарға толы» деп, түрлі қаржылай қолдаулардан қалыс қалмайды олар.

Ру-руға, жер-жерге бөлінетін ортаны, «местныйлар» мен қандастар деп бөлінетін ортаны атамай кетейін деп едім, көз алдымдағы дүние тілімнің (саусағымның) ұшына өзі ілінді.

Біздің әдеби ортаның көрінісі, міне – осындай. Сондықтан ол «танымыңызды ұштаушы фак­торға» айнала алмай отыр.

Осыларды көргеннен кейін мен де «Әдебиетті топ жасамайтынын» мойындадым. Әттең, сіз секілді бағыт-бағдар беретін адам ертерек жолыққанда ғой. Мүмкін, жолыққан болар, ол адам айтқан да болар?! Өзім естімеген шығармын, даңғаза-дақпырттың, у-шудың ортасында жүріп. Өзім көрмеген шығармын, қызыл-жасыл жарқ-жұрқтың арасында жүріп. Өзім елемеген шығармын, мақтан мен марапаттың, сән мен салтанаттың ішінде жүріп...

«...Жиыр­ма жыл бұрынғы досыңызбен кезігіп қал­дыңыз делік, ол сол кездегі әңгімесін, сон­дағы көзқарасын тағы қайталап, соны жаңалықтай жарнамалап тұрса ше?» дегеніңізді оқып, өз-өзімнен, өзім үшін қорқып кеттім. Сол кездесуде жаңармаған ойларын орағытып отырған өзім болсам ше, ескі досым емес. Ескі досымның жаңа ойына, тың екпініне ілесе алмай қалсам ше мен?! Қандай қорқынышты. Мазаққа қалғаным сол болмақ... Ол үшін дамуым керек, ізденуім қажет. Тағы да жол сілтеп тұрсыз: «...Ең мықты сурет­шінің картиналарын көріңіз, ең ерек­ше музыканы тыңдаңыз, ең керемет кино­лар­ды іздеп, тауып, содан ләззат алуға ты­ры­сыңыз. Білмесеңіз, өз айналаңызда жүр­ген өзге өнер саласынан дос табыңыз. Солармен сұхбат құрыңыз. Өз ортаңызды өзіңіз жаратыңыз...». Қарапайым кеңес болғанымен, бұныңыз маған өте қажет ақыл. Жетпей жүрген ақыл. Басқасын айтпағанда, екі жарым жылымды рәсуа еткен адам ретінде, Тоқа, сіздің осы сөзіңізді бөгенай тұтуға тиіспін. Рас, кітап оқу керек деп, шұқшиғаным болмаса, олардан ұққаным не, олар өміріме қаншалықты әсер етер, оны уақыт көрсетер. Бірақ сіз айтқандай сурет, музыка, кино көру мәдениеті менде әлі қалыптаспаған екен. Комедияға қарқылдаудан ары аса алмай жүрмін.

Алмас Ақтасов дейтін ақын досым бар. Мектепте – әдебиеттен мұғалім. Сол шәкірттеріне бірінші шығарманы оқытады, сосын сол туралы жазылған талдау мақалаларды оқытады, арнайы жасалған бағдарламаларды көрсетеді. Соңында шығарма желісімен түсірілген киноны көрсетеді. Қазір «Жүз жылдық жалғыздық» сериялын көріп жүр екен шәкірті. Егер ол бала осы бағыт-бағдарға қызығушылықпен ілесе алса, өте пайдалы «методика» – бұл.

Жақында «Жансебілді» оқып, киносын көрдім. Ерекше әсерге бөленіп, әлеуметтік желіге салдым. Бір досым: «Енді көрдің бе?» деп әрі таңданып, әрі мазақтап жазып жіберіпті. «Бұрын да көргем» деп жауап бердім. Иә, бұрын да оқығам, бұрын да көргем. Бірақ дәл бұлай тебіренбеп едім. Мүмкін ол кезде ол шығарманы қабылдауға деңгейім жетпеген болар.

Тоқа, суреткерлік шеберлік туралы сөзіңізді тағы бір сауалыма жауап деп қабылдадым. Енді осы айтқаныңызды нақты іске айналдыруым керек!

«...Коммунистік жүйені жанын салып қор­ғаған және соны жырлаған қаламгер­лердің томдықтарын сілкісеңіз, көбі «тари­хи парақтар» деңгейінде ғана қалуы кәдік, өйткені Сізге, айналаңыздағы өзіңіз құрал­пылас жастарға оларды оқудың қажеті жоқ дер едім. Уақыт елегінен өткендері ғана болашақта оқыла бермек...». Уақыт елегінен өтетін шығарманы жазу – баршамыздың арманымыз. Қанша қиын, қанша ауыр болса да ол шығарманы, мен немесе менің замандастарым жазса екен деп тілеймін. Өзіңіз айтқандай, «Дүниеде заманамен бірге құндылық өзгереді». Болашақтың құндылығы қандай болатынын мен де, сіз де, басқа да біле алмаймыз. Болжауымыз мүмкін, әрине. Бірақ сол болжауымыз қаншалықты дөп келері, тағы белгісіз.

Мысалы, биыл жарияланған «Еңбек пен ерлік дастаны» байқауын алайық. Жылда өтетін Mecenat.kz сыйлығын алайық. Ірілерін айтып отырмын. Олардың мақсаты – жаңа дәуірдің бейнесін сомдайтын шығарма жазуға ықпал ету (Әрине ұлы шығарма байқау аясында жазылмайды). Кейін, елу жылда ел жаңарған соң, немесе бір ғасыр өткен соң біздің бүгінгі «Жаңа» әдебиетіміз ертең тым көне ұғым болып, пайдаға аспай қала ма деп күмәнданамын. Оны да уақытында көрерміз.

«...Қа­зір шағын романдар трендте. Жаспын де­меңіз, роман яки поэма жазып көріңіз. Құлаш сермеңіз. Машық жазу арқылы қа­лып­тасады...» дегеніңіз қандай жақсы болды, Тоқа. Мен бір шығарманың желісін ойлап жүр едім. «Соны жазсам ба, жазбасам ба; жазсам, оқырман қалай қабылдайды, жазбасам, ойым ішімде кетіп, тұншығып қалар ма?», – деп толғанатынмын. Бастауын бастап қойғам. Сіздің бұл кеңесіңіз де маған керектің бірі екен. Тәуекел еттім ендеше.

Жоғарыда айтқан рәсуа болған екі жарым жылымды ойласам, мен қатардағы «мәдени организатор» болып кете жаздаппын, «көрерменнің көңіл күйін көтеретін сайқымазақ-шоуменге» айналып кете жаздаппын. Соны ұққанда, өзіме 12 жасымда алғаш қойған сауалды қайта қойдым. Оқып, жазып, кім екеніңді ойлаудың өзі бойға күш береді екен. Сол күшті орнымен пайдалану керек енді...

Жауап хатым, әри­не, жүйелі шықпады. Сіздің жазғандарыңызды оқып отырғанда ойыма не оралды, соны тізіп шықтым. Менің бұл ойларым, біреуге ой сиқы жоқ шатпақ болар, оған да көнуге әзірмін. Сіз маған хат жаздыңыз. Мен оқыдым. Ал жауабым сізді ерекше қуанта алды ма, ол да маған беймағлұм. Ең бастысы, мен сіздің хаттан өзімнің кейбір күмәнді сауалдарыма жауап таптым. Рахмет, Тоқа!

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,

Павлодар қаласы