Қандас қаламгерлердің кітаптары жарық көрді
Бұл жобаның мақсаты – шетелдегі қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығын қолдау, олардың еңбектерін қалың аудиторияға таныстыру және қазақ мәдениетінің бірегейлігін сақтау. Тұсаукесер рәсіміне Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, кітап авторлары, Қазақстан Жазушылар одағының өкілдері мен «Отандастар қорының» басшылығы қатысты. Іс-шара барысында шетелдегі қазақ ақын-жазушыларының шығармашылық еңбектері оқырман назарына ұсынылды. Кітаптар қазақ әдебиетінің байлығын көрсетіп, шетелдегі этникалық қазақтардың ұлттық бірегейлігін сақтауға бағытталған.
2024 жылы байқау жеңімпазы атанып, жарыққа шыққан кітаптар: 1. «Қобданың қоңыр желі» – Рысбек Зұрғанбайұлы (Моңғолия). 2. «Үркер ауып барады» – Зүлкәпіл Мәулітұлы (Моңғолия). 3. «Тәжікстандағы қазақтар» – Әбдусаттар Нуралиев (Тәжікстан). 4. «Ақиқаттың дәмі ащы» – Жарасқан Мырзамұратов (Өзбекстан). 5. «Кімді кінәларсың...» – Ербақыт Нүсіпұлы (Моңғолия). 6. «Ұрпағың үзілмесін» – Мұхтасыров Пионер Солтанұлы (Ресей). 7. «Қарасу жырлары» – Лала Жүнісқызы Жұманова (Өзбекстан). 8. «Өрікті көл» – Елеусіз Мұқамәдиұлы (Моңғолия). 9. «Айтағалы салт атты» – Баман Құрманханұлы (Моңғолия).
Данияр ҚАДЫРОВ, «Отандастар қорының» президенті:
Ұлттық кодымызды сақтап қалуға қажет жоба
– «Ұлы дала» кітаптар сериясының жобасы 2023 жылы басталған-тын. Сол уақыттан бері көптеген тиражбен 20-дан аса кітап жарық көрді. Өткен жылы Жазушылар одағымен бірлесіп, арнайы комиссия құрып, шеттегі ағайындарымыздың прозалық-әдеби шығармаларын шығаруға бел будық. Қатысушылардан 100-ден астам ұсыныс келіп түсті. Алайда оның ішінде комиссия шешімімен 9 автор таңдап алынды. Міне, қазір 9 кітаптың тұсаукесері өтті. Ресей, Өзбекстан, Моңғолия және Қытайдағы ағайындарымыздың кітаптары комиссияның егжей-тегжей сараптауынан өтті. Ұлттық болмысымыз бен бірегейлігімізді, ұлттық кодымызды сақтап қалуды көздеген бұл кітаптарды Қазақстан кітапханаларына тегін таратамыз және мектептерге береміз. Сонымен қатар шетелдегі қандас бауырларымызға да жеткізіп, қазақ тілі мен әдебиетін дәріптеуді мақсат етіп отырмыз. Бұл жоба алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Жарасқан МЫРЗАМҰРАТОВ, «Ұлы дала – 2024» байқауының жеңімпазы:
Атажұртта кітабымның жарық көргеніне қуаныштымын
– Мен Өзбекстан Республикасы, Науаи облысына қарасты Кенимех ауданында тұрамын. Бала күнімнен шығармашылыққа жақынмын. Жоғары білімімді Шымкент қаласындағы Халықтар достығы университетінде қазақ тілі және әдебиеті мамандығы бойынша алдым. Еңбек жолымды өз ауылымдағы мектепте қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі қызметінен бастадым. 2013 жылдан бастап аудандық «Кенимех таңы» газетінде журналист болып жұмыс істеймін. Осыған дейін бірнеше кітабым Өзбекстанда жарық көрді. Атажұртымызбен әрдайым тығыз байланыстамыз. Қазақстанға бірнеше рет жыр мүшәйраларына қатысып, жүлделі орындарды иелендім. 2024 жылы «Ұлы дала» халықаралық байқауына қатысып, өз бағымды сынап көрдім. 9 кітаптың ішінде менің де еңбегім еленіп, кітап болып шығып жатқанына қуаныштымын. Жоба ұйымдастырушылары – «Отандастар қоры» мен Қазақстан Жазушылар одағына айтар алғысым шексіз. Байқау жалғасын тауып, шетелдегі қазақ ақын-жазушыларының еңбектері атажұрттағы қалың оқырманның қолына жете берсін.