2024 жылдың үздік кітаптары
Жазушы Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» тарихи романы «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Роман жазушының атын көпке жайып, сатылымы алдыңғы қатардағы кітаптардың қатарына енді. Қазір кез келген кітап көрмелерінде «Жошы ханға» сұраныс жоғары екенін білеміз.
Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының өмірін, Алтын орда хандығының түп негізі қаланар уақытты арқау еткен шығарма нақты деректерге сүйеніп жазылғаны бірден байқалады. Автор тарихи зерттеулерді, Жошы мен Шыңғыс хан өмірінің хронологиялық тізбектерін кеңінен пайдаланғаны көрініп тұр.
Жазу мәнері ежелгі дәуір романдарына, шығыс әдебиетінің тәмсіл аралас тәсілдеріне келеді.
Автор ежелгі сөздерді, хандықтағы лауазым атауларын, жер-су аттарын, тарихи оқиғаларды нанымды суреттейді. Шыңғыс ханның өмірінің соңғы кезі мен Жошының қалыптасу кезеңі, қосын бастап, Орталық Азия қалаларын жаулауы, ақыр соңында жұмбақ жағдайда қаза болуы көптеген мәліметтер арқылы баяндалады. Бұл шығарма тарихи бестселлер болуға да сұранып тұрғандай. Өйткені, мұндай романдар кез келген ұлт әдебиетінде бар, болуы да заңдылық. Анығы, тарихи шығарма жазу оңай емес. Мұндай тарихи дерек-дәйектер шығарманың көркемдігіне қашанда селкеу түсірмей тұрмайды. Автор көркем мәтін тудырудан бұрын, сюжеті шымыр, оқылымды шығарма жазуды көздегендей көрінеді.
«Абыл мен Қабыл»Жазушы Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» романы мүлде бөлек тақырыпты арқау еткен. Мұнда қоғамдағы оқиғалар кейіпкердің тағдырымен емес, ойымен өрілген. Сөйлемнің нақтылығы, оқиғаның дәлдігі, артық пафос, орынсыз суреттеудің жоқтығы – оқырманын бірден шығарма кеңістігіне тартады.
Абыл мен Қабыл, Бекторы, қарға және Дәруіш атты шағын ғана кейіпкер құрамынан тұратын, негізінен сиам егіздерінің тағдырын арқау еткен, сөйте тұра шағын кеңістіктегі оқиғаға тұтас қоғамның бет-бейнесін қашаған шығарма зерделі оқырманды елең еткізбей тұрмайды.
Беймәлім жағдайда жүкті болған студент қыз Бекторы өмірге сиам егіздерін әкеледі. Бұл жайттан тек пәтер иесі мен дәрігерлер ғана хабардар. Содан кейін Бекторының тағдыры ауызға алынбайды, сырлы күйінде қалады. Абыл мен Қабыл деген есімді оларға дәрігерлер береді. Олар балалар үйінде ержетеді. Кейін әкімшілік бақылауында, жатақханада тұрады. Сиам егіздері тумай жатып тағдырдың тарғалаң соқпағына түседі. Балалар үйіндегі қорлық, жатақханадағы қатаң бақылау, мемлекеттің қамқорлығында бола тұра, сол мемлекеттің ақпараттық пропагандасының көзірі болып өмір сүру, бірденедегі екі түрлі болмыстың тартысы шебер қиюласқан. Әсіресе, сиам егіздерін Мәдениет министрлігі түрлі шоуларға қатыстырып, елдегі түрлі саяси науқандардың үгіттеушісіне айналдыруы, ақыр соңында бәріне керексіз болған сиам егіздерінің ажал құшуы – бұл романның негізгі сюжеттік сорабы.
Бірақ роман тек осы оқиғалардан тұрады десеңіз, қателесесіз. Мистика мен абсурд элементтерін, психологиялық иірімдерді де еркін пайдаланған.
Роман туралы жазушы Жүсіпбек Қорғасбек: «Түнде өшіріп қойған радионы қақсатып, таң азаннан қосып қоятын кім болды сонда?» деген сұрақ қойдық. Өйткені, романда бірінсіз бірі қозғала алмайтын Абыл мен Қабыл есімді сиам егіздері осы үшін азап шегеді. «Таңертең ұйқымыз бұзылмасын» деп өшіріп тастаған радио, күн шықпай өзінен өзі саңқылдап қайта қосылып кетеді. Абыл барып өшіріп тастайын десе, тәтті ұйқы құшағындағы Қабыл қозғала қоймайды. Былай қарасаң, осы қарапайым нәрседен-ақ конфликті басталып тұр», – дейді. Романда мұндай оқырманын айран-асыр ететін штрихтар өте көп.
Бекторының Желтоқсан оқиғасында зорланып, содан жүкті болуын ишаралайтын тұсы да көп ойдың ұшығын шығарып тұр.
Қалай десек те, Мақсат Мәліктің жаңа романы оның шығармашылық әлеуетінің зор екендігін айғақтайды.
«Ағыраптағы аты жоқ адам»Жазушы Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» романы «Алқа» баспасынан жарық көрді. Роман кітап болып басылмастан бұрын оқырмандарға сатыла бастады. Автордың парақшасына зер салсақ, бірінші басылымы 500 данамен тез сатылып кеткендіктен, екінші рет қайыра 2000 данамен шығарды. Қазір бұл басылым да бітуге тақау болу керек.
Шығарма бүгінгі өмірді, дәл осы біз ғұмыр кешіп жатқан уақыт пен кеңістікті сөз етеді. Тез әрі жылдам оқылатын шығармаға сыншылар да, әлеуметтік желідегі оқырмандар да жоғары баға берді. Өйткені, роман 2006 жылы Алматыда болған Шаңырақ оқиғасын арқау еткен еді. Туындыдан нақты сол оқиғаның орнын кезіктірмейсіз. Қала аты, көше, адам аттары түгелдей өзгерген. Бірақ осы оқиғаны жазып отырғанын қоғамдық жағдайдан хабары бар кез келген оқырман бірден түсінеді. Қазіргі жас буын, енді мектеп бітірген оқырман болса, «елімізде осындай да оқиға болып па еді?» деп таңдануы да мүмкін. Себебі, оқиғалар көмескіленеді, бірақ сол сәттің куәгерлерінің, сол тауқыметке түскен отбасылардың жан жарасы ұмытылмайды.
Әлдебір қиырдағы түрмеден шыққан аты жоқ адам Ағырапқа, өзі есейген қалаға пойызбен жолға шығады. Пойыздағы әрбір сәттер оның көкейіне өткендегі оқиғалар тізбегін жаңғыртады. Кейіпкермен бірге ілесіп, бірде өткен шаққа, бірде осы шаққа сапарлайсыз. Аты жоқ адаммен бірге қамырықты күйге түсіп, оның, әулетінің, туыстары мен махаббатының ауыр михнатын сіз де бастан кешесіз. Әкесінің дінге бет бұрып, жат ағымға ілесуі, інісінің жындыханаға түсуі, дәрменсіз ғашығының әкесін құтқару үшін өзге жолды таңдауы, шешесінің басқа біреудің етегінен ұстауға мәжбүр болуы – бәрі де ауыр тағдырдың меншікті тұтқындары. Қоғамдағы барлық қасірет-қайғы аты жоқ адамның отбасынан айналып өтпеген.
Оның осыншалықты сергелдеңге түсуінің себебі – отбасын, шаңырағын қорғауы еді. 14 жыл түрмеге кесіліп, жер аударып, ұланғайыр даладағы түрмелерді адақтап жүріп бір жылт еткен үмітке жолығар дейсіз. Жоқ. Өткенінің бәрін ойрандаған. Бүгінгісінің бәрі бұлыңғыр.
Автор оқырманын ширықтырып, бір оқиғадан екінші оқиғаға жеңіл өтеді. Сюжеттік құрылымы тарқатылмастай берік. Автордың жоспарлы түрде жұмыс істегені, көп ізденгені көрініп тұр. Әрине, қара бояу, мұңды, қасіретті сарын тым көп құсап та көрінеді. Бірақ, әлеуметке де, әдеби ортаға да өтімді шығарма жазған жазушының қарымы қуантарлық.
«Мұтылған»Жазушы, драматург Әлібек Байболдың «Мұтылған» атты метароманы «Жас қаламгер – жаңа роман» жобасындағы үшінші роман. Бұл алдыңғы екі роман секілді ашық текстке құрылмаған, құрылымы да, жазылу мәнері де өзгеше туындының бірі. Роман текст ішіндегі тексті пайдаланғандай көрінеді. Бірақ оқырманын еліктіріп әкетпегенін әлеуметтік желідегі пікірлерден де аңдадық. Кәсіби әдебиеттанушылар осы романның бәсін биік қойған мақалалар да аздап кезікті.
Бұл романда тарихи оқиғалар, бұрынғы шығармалары сілтемелер, тіпті тұтас көшірілген тексттер көп кезігеді. Әр тарау сайын шағын сюжеттер және оған қосылған Мұтылған пайымдары және бұрынғы текстерге нұсқаулықтар берілген. Барынша күрделі құрылым жасауды таңдаған автордың өзі діттеген мақсатын толық игере алмағанын да байқау қиын емес секілді.
Қалай десек те, бұл шығарма оқырманмен пікірталасқа түсетін туынды. Өйткені, романды барлық қауым түсінуі, бәрі бірдей қабылдауы қажет емес.
«Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?»Жас жазушы Әлихан Жақсылықтың романы биыл көп сатылған, үш мәрте басылған роман болды. Англиядан ағылшын тілінде басылып шықты. Карл есімді жігіттің өмірін суреттеген туындыны оқып, пікір жазғандар қарасы мол. Қоғамдағы түрлі келеңсіздіктерге жаны төзбеген Карлдің ақырында аңдуға түсуі, жындыханаға қамалып, құрсаулы жүйенің ой ойлау мүмкіндігінен де бас тартқызуға тырысуы – шығарманың өзекті ойы.
Жеңіл әрі тез оқылатын роман қоғамдағы түрлі оқиғалардың дерт-дербезін Карлдің басынан өткерген оқиғалар мен ойлар арқылы береді. Қоғам азса, барлық құндылықтар күйреп, жабайы инстинктер алға шығады. Адамдар арасында сатқындық, безбүйректік салтанат құрып, оны жетістік деп дәріптеу қалыпты жағдайға айналады. Міне, осының бәрі Карлдың басынан өтеді. Тұтас қоғам бір адаммен, өзгеше ойлайтын бір пендемен күреседі.
Оқырманын ойландырған, сұрақ қою мүмкіндігін қалдырған шығарманың айтар ойы аз болмаса керек.
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ