Жаңалықтар

Астанада қаржы пирамидасының жетекшілерінің бірі сотталды

istockphoto.com

Жалпы шығын сомасы 83,1 млн теңге.

Елордада М есімді азамат 2020 жылдан 2022 жылға дейін «Instagram» және «TikTok» әлеуметтік желілері арқылы «S-Group» қаржылық пирамидасының қызметін белсенді түрде жарнамалап, ол арқылы презентациялар, Zoom конференцияларын өткізіп, ҚР азаматтарын «S -Group» қаржы пирамидасының салымшысы болуға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, тартқан.

Содан кейін салымшыларды кеңсесіне шақырып, көп сыйақы уәде етіп, оларды тіркеп, қолма-қол ақша алған.

2020 жылдан 2022 жылға дейін тартылған қаражаттың (келтірілген шығын) жалпы сомасы 83,1 млн теңгені құраған.

Сотталушы өзінің іс-әрекетінде қылмыс құрамының жоқтығын алға тартып, тағылған айыпты мойындамады.

Сот үкімімен күдікті кінәлі деп танылып, оған азаматтардың қаражаты мен инвестициясын тартуға байланысты коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 7 жылға айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

52,6 млн теңге азаматтық талап-арыз қанағаттандырылды (қалғаны татуласуға байланысты талап қоюдан бас тартты).

Үкім заңды күшіне енген жоқ.