Шымкентте пәтерлердің бірінен қария өлі табылды
Оқиға орнында тағы үш адам болған. Олар сол сәтте ауруханаға жеткізілген
Зейнеткер иіссіз газға уланып көз жұмған. Полиция аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғады.
"Аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық Кодексiнің 306-бабы бойынша іс қозғалды. Тиісті сараптама тағайындалды", - деп хабарлады Шымкент полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға орнында тағы үш адам болған. Олар сол сәтте ауруханаға жеткізілген.
Науқастардың бірі тіпті жансақтау бөліміне жатқызылған.
"Қабылдау бөліміне үш 3 науқас жеткізілді. Кейуана және екі немересі. Әйелдің жағдайы ауыр болған соң реанимацияға жатқызылған. Келесі күні токсикология бөлімшесіне ауыстырылған. Жағдайы жақсы болуына байланысты немересі мен екеуін үйіне шығардық", - деді дәрігер-токсиколог Асылбек Мыңбосынов.