Балаларға Момо керек...
Әлемдік урбанизация қарқынды жүріп жатыр. Айналаңызға қарасаңыз, қала біткен қарбалас тіршілікке мойынсұнған. Ешкімде уақыт жоқ. Бәрі тырбанып, тірлік қамымен жүргендей. Бәрінің сіркесі су көтермей, ашулы, сұрғылт тірлікке еніп кеткен. Сондай кісілер көп арамызда. Өткенде жекеменшік мектептің бірінде бастауыш сыныпқа сабақ беретін мұғаліммен жолымыз түйісті. Ақылы мектеп болған соң балаларды күні бойы оқытады. Үй тапсырмасын орындатып жібереді. – Ата-аналар баласының не оқып, не үйреніп жатқанына назар салмайды. Оның үлгеріміне басын ауыртпайды. Дәптерін ашып та қарамайды. Тіпті біз жаттатқан тақпақтар мен үйреткен есептерді көрсетейін десе де, уақыты жоқ секілді. Тым құрыса кешке 20 минут әңгімелесіп, тапсырмаларын қадағалап, сабағын сұраңыз, – десек, «Онда сендерге неге бердік?» деп дүрсе қоя береді. 20 минут. Бар-жоғы 20 минут. Соған да уақыт таппайтынына қайранмын, – дейді. Айтуынша, ата-анасы сәл де болса көңіл бөліп, жаттағанын сұрап, білгенін қайталатып, балаларын арқадан қақса, оқушы да ертесі сабаққа көңілді келеді екен. Сабақ оқуға қызығушылығы арта бастайды. Сонда ойымызға түсті, баласына жиырма минутын қимайтындай неғылған алтын уақыт? Неғылған қарбалас? Кез келген ата-анамен сөйлесіңізші, бәрі де «бала-шағаның қамы үшін» қарекет етіп, қапылып өмір сүріп жатыр. Бәрі де елден қалмасам, ұрпағым жатақ жағалап, қала сағалап жүрмесе, өзінің жеке үйі болса, ешкімнен кем болмаса дейді. Дұрыс. Бірақ нені ұмыттық? Оларға қазір көңіл бөлмесек, олармен сырласпасақ, дос тұтпасақ, ойын білмесек, ойнамасақ, күлмесек, сонда Сіздің күндіз-түні шапқылағаныңыз ертең балаға қайырлы бола ма? Қолдарына бір-бір телефон беріп, не көріп, не істеп жүргенін барламай, барын кигізіп, алдына ішкісі-жегісі келгенін төсегеніңізбен, ол кімнен тәрбие, қайдан жылу алып жатқанын білесіз бе? Жоқ, білмейсіз. Өткенде ғана немістің классик жазушысы Михаел Энденің «Момо» атты балаларға арналған романын оқып шыққан едік. Балалар туралы ойлай бастасам болды, сол шығарма есіме оралатын болды. Автор: «Бұл шығарма 8 жастан 80 жасқа дейінгі балаларға арналады» депті. Әлемнің көптеген тіліне аударылған туындыны оқи бастағаннан-ақ бүгінгі өз өміріміз көз алдымызға келе бастады. «Уақытымыздың жоқтығы» есіме түсті. Шығарманың қысқаша ғана түйіні мынандай: Қарбалас ғұмыр кешіп жатқан нән шаһардың шетіндегі кирандыға айналған амфитеатрда Момо деген қыз өмір сүреді. Оның қайдан келгені, қашан келгені белгісіз. Қыз жайлы аңыз бүкіл қалаға тарайды. Адамдар оған қолда барын беріп, бірі қызықтап, бірі жаны ашып, баруды әдетке айналдырады. Күндер өте келе қала тұрғындары Момосыз өмір сүре алмайтын халге жетеді. Өйткені оларды тек Момо ғана тыңдайды, Момо ғана сырын ақтарар жанына айналады. Оны іздеп мұңлық-зарлықтар келеді, өмірден жолы болмағандар жиналады, тіпті төрт түлігі сай адамдар да оның қасына келсе жандары жадырап, кеңіп сала береді. Ал балалар... осында ғана, Момоның қасында ғана өздерін еркін сезініп, түрлі ойын ойнайды. Бір ойыннан жалықса, жаңа ойындар ойлап табады. Амфитеатр ересектер мен балалар шүйіркелесетін, бір-бірімен сырласып, көңілді күн өткізетін алаңға айналады. Күндердің күнінде сұр костюм киген, сұр гал- стук таққан, сұр қалпақ киіп, сұр портфель ұстаған, сұр сигар шегіп, сұр машина мінген Сұр мырзалар қалаға келе бастайды. Олар Момоның достарын – қала тұрғындарын бір-бірлеп шақырып, өздерінің өмірлерінің тым мәнсіз екеніне көзін жеткізеді. Есептері тастай. 24 сағат уақыттарын қалай жұмсап жүргендерін есептейді. Минут, секундтарға шағып көрсетсе, бұлардың бүкіл уақыты бос жүріспен, мәнсіз әңгімемен, ойсыз істермен өтіп жатыр екен. Бұлай еткенше, сендер әр минуттарыңды үнемдеп жұмсаңдар, талмай еңбек етіңдер, өзгелермен көп араласып, шашылмаңдар, уақыттан қадірлі ештеңе жоқ, соны дұрыс пайдаланыңдар дейді. Адамдар бір-бірлеп солай ете бастайды. Бәрі шеттерінен қарбалас тірлікке күмп етіп кіріп кетеді. Бірімен-бірі араласпайтын болады. Шынымен байиды. Дамиды. Қала шетінен зәулім үйлер тұрғызады. Кешегі орташа өмір сүретіндер енді үлкен сарайға қол жеткізеді. Машина мініп, таңның атысынан кештің батысына дейін қапылып тірлік етеді. Тіпті, өз балаларымен сөйлесетін, олармен сырласатын, оларды қыдыртып, ойнататын уақыт таппайды. Қаладағы бала біткенді әртүрлі жекеменшік оқу ордасы мен балабақшаға береді. Балалар онда бірсыдырғы оқу мен ойындардан бас алмайтын болады. Бүгінгі тілмен айтқанда, компьютер мен ұялы телефондағы түрлі заманауи ойынға бас қояды. Мінездері өзгеріп, өздерін жалғыз сезінетін, әке-шешесін ұнатпайтын, өзгелермен, достарымен араласпайтын «тұңғиық» жандарға айналады. Момоға барғысы келсе де, ата-анасының оған апаратын уақыты жоқ, ол аз десеңіз, Момоға баруға шектеу қойып, уақытыңды мәнсіз өткізбе, үйрен, оқы, ізден, ойынды ұмыт, уақыттан қадірлі ештеңе жоқ деп миларына құюмен болады. Момо жалғыз қалады. Ақыр соңында Сұр мырзалардың айла-шарғысынан адамдарды Момо әзер құтқарады. Олар қалыпты тірлігіне көшіп, бірін-бірін сыйлап, балалар амфитеатрға жиналып, өз өмірлерін сүре бастайды. Біз көлемді шығарманың негізгі идеялық тізбегін ғана айтып отырмыз. Мұндағы оқиғалар, сюжеттік қабаттар, пәлсапалық иірімдер жеке зерттеуді, әлеумет боп ойлануды қажет етеді. Осы кітапты оқыған соң Еуропаның танымал тұлғаларының бірі: «Бәрімізге бір Момо керек» депті. Шығарманы кейбір елдер мектеп балалары мен ата-аналар оқуға тиісті кітаптардың тізіміне енгізген деседі. Егер құрметті ата-ана, уақытыңыз болса, оқып шығуға кеңес берер едім. Әрине, уақытты үнемдеген, босқа өткізбеген орынды. Дегенмен адам өмірінің мәні жан-жағыңа қарамай, арпалысып, жақыныңмен жаттай араласып, керек болса, балаңа да көңіл бөлмейтіндей халде өтсе ғана мағынаға толады деген бос қиял. Адам уақытының жоқтығынан емес, сол уақытты мағынасыз өткізуден зардап шегеді. Мұндағы мағынасыздық дегеніміз – мейірімсіздік, жатбауырлық, туысқа, досқа, айналаңа көңіл бөлмеу. Сәулетті сарайда, ірі қызметте, бизнес-пирамиданың ұшар басында жүріп те, бақытсыз күн кешкен талайды мысалға келтіруге болады. Олар айналамызда толып жүр. Кезінде елімізге аты мәшһүр бір актердің сұхбатын оқыған едім. Балалары ерте ажал құшты. Елдің қаңқу сөзіне қарағанда, екі ұлы нашақор болыпты. Актер: «Бізде жас кезімізде уақыт болмады. Балаларымызға қарай алмадық. Оларға ақша берсек, арнайы тәрбиеші жалдасақ, жақсы мектепте оқытсақ болды деп ойладық. Өзіміздің атымыз дүркіреп, елге мәлім тұлға болғанымызға мастандық. Енді қарап отырсам, балаларыма қиянат жасаппын. Оларға көңіл бөлмеппін. Олар біздің мейіріммен емес, көшенің тәрбиесімен өсіпті», – деп аһ ұрады. Уақыт сынаптай сырғиды екен деп онымен жарыссаңыз, ештеңеге жете алмайсыз. Уақыт ешқашан жалын сипатпасы анық. Ол бұрын да болған, қазір де бар, кейін де болады. Мәңгілік өзені секілді күркіреп ағып жатады. Тек Сіздің осы сәтіңіз, дәл қазіргі уақытыңыз қайта айналып соқпайды. Балаңызға мейірлі жүзбен қарап, оның былдырлаған тілін, шалықтаған жымиысын, тәй-тәй басқан сәтін кейін көре алмайсыз. Кейбір коучтар мен псевдопсихологтер: «Осы сәтпен өмір сүріңіз!» деп жатады. Олардың айтуынша, «осы сәт» – өзіңіз үшін, тек өзіңізді ойлап, өзгенің көңіліне, түсінігіне, талғамына қарамай, қарақан басыңызды күйттеңіз дегенге саяды. Біздіңше, осы сәт – тура осы сәттің бақыт екенін, байлық екенін, әкеңіздің, анаңыздың, балаңыздың, туысыңыздың риясыз күлкісі, шынайы қуанышы, жүрекжарды лебізі екенін сезіну һәм бағалау. «Бүгінмен өмір сүру» – бүгінге, заманға күйлеу емес, бүгініңді қуанышқа толтыру, қажет кезінде айналаңа уақыт бөліп, олардың жан жарасын түсінуге, сол арқылы өзіңді бір сәт бақытты сезінуге мүмкіндік жарату. Қаладағы өмір осылай болуы керек, адамдар бір-бірімен сирек араласады. Ол – заңдылық. Осылай дейтіндер көп. Әйткенмен, еуропалық қалаларды араласаңыз, дәл біздей жанығып, мұрнынан шаншылып жатқан адамдарды көрмейсіз. Салыстыруым сәл ыңғайсыз шығар, олардың әлеуметтік деңгейі жақсы, біздегідей шаш етектен проблемалары жоқ дерсіз, әйткенмен, олар да адам ғой, оларда да толып жатқан қиындық бар, бірақ сол елдердің ғалымдарын оқысаңыз, біздегі коучтар мен инфосығандар айтатын әңгімелердің бәрін теріске шығарады. Өмірдің мәні – тек өзімшіл жаратылыспен гүлдемейтінін, керісінше, адамдар арасындағы коммуникацияның тиімді жолдарын қалыптастыру маңыздылығын үйретеді. Біз бүгін бетпе-бет келген көптеген жайттан олар сабақ алған, енді түйдектелген түйткілдерді шешуді ғылыми негізде қарастырып, тығырықтан шығар жолды іздеп бағуда. Бізде болса: «Сен!», «Өзің ғанасың!», «Тек өзіңді ойла!», «Бүгінмен, тек өзің үшін өмір сүр!» деп ұрандатып, курс өткізіп, оны миллиондаған қаржыға сатып, сол ақшамен зәулім сарай тұрғызып, шетел аралап жүр. Ал балалар ше? Балалар арасында қылмыс неге көбейді? Суицид неге асқынып тұр? Бүгінгі балаңыздың жалғыздығы, мейірімге зәрулігі ертең қартайғанда өз басыңызға түсуі әбден мүмкін. Себебі «Бүгінмен өмір сүрген» Сіз үшін ертең «өзі үшін өмір сүретін» ұрпақ уақыт таппайды. Бұл да қаперде ұстар жайт. Айтыңызшы, Сіз үшін уақыттың мәні не? Уақытты үнемдеп, секунд, минут санап, бай-бағлан болу үшін тыпырлап күн кешу ме? Адам солай бақытты бола ала ма? Балаңызға зер салыңызшы, ол кіммен сырлас, кіммен мұңдас?.. Балаңыздың бетінен сүйіңіз, иіскеңіз, еркелетіңіз, бәлкім, бірге отырып «Момоны» оқырсыз. Әр балаға Момо керек. Ұғыныңыз, оның Момосы – өзіңізсіз. Күніне 20 минут, тым құрыса 20 минут уақыт бөліңізші!.. Байлық келер, балалық қайтып келмейді! Соны қаперде ұстағайсыз.
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ