Қоғам

«1 сағатым 500 мың теңге»: Белгілі баспагер кездесулерден шаршағанын айтты

Шыңғыс Мұқанның жеке парақшасынан алынған

Баспагер Шыңғыс Мұқан алдағы уақытта жиындарға тегін бармайтынын мәлімдеді.

Шыңғыс Мұқан іс-шаралар мен кездесулерге қатысатын уақыты жоғын айтты, деп жазды turkystan.kz.

«Өткенде бір кісі Фейсбукте Талдықорғанға кездесуге шақырып, бірақ ешкім келмегенін, соңында әкімдік қызметкері немесе тендрді жеңіп алған бір қыз қаламақысын салып жібергенін айтып еді. Соған қарағанда әлеуметтік тапсырысты жабу науқаны басталды. Бөлінген ақшаны игеру үшін бір нәрсе өткізу керек», – деп жазды ол.

Сондай-ақ ол бұған дейін кездесу немесе сөйлеп беруге шақырған жерге бара бергенін және ақша да сұрамағанын атап өтті. 

«Осы жылы қоғамдық бастамамен өткен бір конференцияға танымал бір адам қатысқаны үшін 1 миллион теңге алды дегенде таңғалдым және оған деген құрметім артты. Өзін де, уақытын да бағалайтын жігіт екен.Бұдан былай, мен де бір млн болмағанымен, кемі 500 мың сұрайын деп шештім. Ұшып барып келетін жер болса, тек қана бизнес-класс, себебі кемі бір тәулік уақытың кетеді, шаршайсың. Шақырушылар күрт азаяды деген үмітім бар. Уақытымның көп бөлігін шығармашылыққа арнамақпын. Осы 10 айдың өзінде 150 жаңа кітап шығарыппыз. Бұл — оңай шаруа емес, шыны керек бір минут та уақытым жоқ. Бәрін құрбан еттім. Достарыммен бас қосып тұрмаймын. Ағайынмен де араласудан қалдым, той-садақаға сирек барамын. Түнімен кино көріп, түске дейін ұйықтамаймын. Түскі астың өзін баспаханаға кетіп бара жатқан кітаптарды оқып отырып ішемін. Жетістік, міне осындай құрбандықты талап етеді», –деді Ш. Мұқан әлеуметтік желіде.