T-Newspaper

Адамзатты кітап құтқарады

сурет автордың жеке мұрағатынан

Осы айдың 15-20 қазан аралығында Германияның Франкфурт қаласында Frankfurter Buchmesse 2024 халықаралық кітап көрмесі өтті. Бұл – дүниежүзіндегі кітап индустриясын насихаттайтын, танымал баспалар мен қаламгерлердің басын қосып, өзара кітап алмасатын ең ірі кітап көрмесі.

76-рет өтіп жатқан танымал көрмеге биыл Қазақ елінен 30-дан астам мәдениет және өнер саласының өкілдері барды. Атап айтар болсақ, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рүстем Әли, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, «Ғалымдар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, ғалым, академик Оразалы Сәбден, ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов, Steppe&World Publishing баспа үйінің директоры Раиса Сайран Қадыр қатысты. «Мектеп», «Алматыкітап», «Атамұра», ARMAN-PV, Steppe&World Publishing, ASTANA-KITAP, Аmal Books сынды отандық баспалар өз өнімдерін апарды. Осы шараға қатысқан ақын, жазушы Ырысбек Дәбейден әлемдік шараның мән-маңызы туралы әңгімелескен едік.

– Франкфуртта өткен кітап көрме­сіне барып қайттыңыздар. Жалпы, бұл қандай шара екен? Қандай әсер алдың­ыздар?

– Бұл әлемдегі ең үлкен кітап көрмесі ғой. Бұл көрменің әлемдегі беделі жыл сайын артып келеді. Өйткені осы көрмеге әлемнің 100-ден астам елінен 4 мыңнан ас­там баспа үйі мен әдеби агенттіктері қатысып, көрмені көруге 200 мыңнан астам оқырман-турист барады. Осы шараға арнайы 7 000-нан астам журналист барып, олар мыңдаған мақала жазып, ақ­парат таратады. Олардың ақпаратын жер­ш­­арының 850 миллионнан астам тұрғыны естіп, біледі. Ғаламдағы ең айтулы мәдени шараның бірі десек болады. Биыл да солай болды. Неше бөліктен тұратын кітап павильонын аралап біту мүмкін емес. Әр жерде әлемге танымал жазушылармен сұхбаттар, кездесулер өтіп, баспалар өздерінен шыққан кітаптарды таныс­тырып, әріптестер ара меморандумға қол қойылып, кітап алмасып, өздері қызыққан кітап авторларымен баспалар келісім­шартқа отырып, аудару, шығару ісін де талқыға салып жатты. Осының бәрі әртүрлі тілде ақпараттық платформаларда жария­ланып жатқаны белгілі. Мені осы шараны ұйым­дастырушылардың биылғы үндеуі, кітап көрмесінің мазмұн-идеясы ойлан­дырды.

– Олар қандай мазмұнды негізге алыпты?

– Демократия, адам құқығы, жасанды интеллект, климаттың өзгеруі, т.б. мәселе­лер сөз болған айтулы шарада ортаға тасталған негізгі ой: «Адамзаттың болаша­ғы қандай? Біз қайда бара жатырмыз? Неге либерал-демократиядан бас тартып, қантөгіс пен соғысқа құмар болып бара­мыз? Бұдан шығар қандай жол бар?» деген негізге сүйенді. Бұдан сырт кітаптан экранға, одан жасанды интеллектке ұласқан ғалам­дық өзгерістердің мәні мен мазмұны, адам­зат тағдырына әсері де сөз болды. Жасанды интеллект кезеңіндегі автордың орны, жазушылықтың сыры да сарапқа салынды. Жалпы, әр павильонда неше түрлі тақырып көтеріліп жатты ғой. Қорыта келгенде, «Адам­затты тек кітап құтқарады» деген байлам ортаға тасталды десек болады. Өй­ткені әлемді алаңдатып отырған геосаяси және мәдени жан­жалдардың дені білімсіз­діктен, пара­сатсыздықтан туындап отыр­ған­ын сөз етті. Украинадағы, Таяу Шығыс­тағы қақты­ғыстың шығу себебін іздеді. Шараға әлемге танымал Ювал Ноа Харари, Элиф Шафак, Энн Апплбаум, Джон Стрелеки, Патрисия Евангелиста қатарлы жазушы-журналистер, бестселлер автор­лары қатысып, оқыр­мандармен жүздесті. Олар әртүрлі тақырып­та мазмұнды ойлар айтты. Айталық, әйгілі жазушы Элиф Шафак өз сөзінде: «Біз мейірімнен жырақтап, жазу­ды тоқтатқан сәтте, бүгін Газада, Украинада, Суданда не болып жатқаны туралы айтуды, ойлануды тоқтатқан сәтте философ Ханна Арендт ескерткен ауыр жағдайға аяқ баса­мыз. Әрине, жазушылар соғысты тоқтатып, өшпенділікті жоя алмайды. Бірақ біздің қолымыздан келетін дүние – бейбітшілік, бірге өмір сүру, жанашырлық пен адамдық қадір-қасиеттің алауын өшірмеу», – деді. Шынымен де, адамзатты кітап, одан алған білім құтқарады. «Кітап – білім бұлағы» де­ген сөзді де тегін айтпаймыз ғой.

– Биыл Қазақстан да осы көрмеге қатысты ғой. Қазақстан қандай кітап­тарды апарды? Қандай іс-шараларға қатыстыңыздар?

– Бұл көрмеге Қазақстанның қатысуы еліміздің мәдениет, өнер саласындағы әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қазақ халқының мәдени, әдеби мұрасын әлемге таныту, халықаралық мәдени және шы­ғармашылық ынтымақтастықты кеңей­тудегі нақты жол екені анық. Биылғы көрмеде Қазақстанның Ұлттық стенді құрылып, 250-ге жуық кітап қойылды. Ауқымды шарада отандық кітаптар мен баспа ісін әлемге көрсетуге ұйытқы болған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, министр Аида Балаеваның еңбегін ай­рықша атап өткен жөн. Шара барысында Steppe&World Publishing баспа үйінің ди- р­екторы Раиса Сайран Қадыр, әдебиет­танушы Лаура Бердіқожа, мәдениеттанушы Әсия Бағдәулетқызы, Аmal Books баспа үйінің директоры Бақытжан Бұқарбай ARTS+ Stage мінберіне көтеріліп,  Қазақ­стандағы баспа индустриясы, қазақ әде­биетінің бүгінгі жай-күйі, тіл, болмыс – деколонизация жайында және оның әдебиетке ықпалы туралы айтты.  Қазақстан Республикасының Майн-Франкфурт қаласындағы Бас консулы  Т.Үмбетбаев халқымыздың рухани кұңды­лығын әлем назарына ұсынған Ұлттық стендке арнайы келіп, Қазақстан жазушы­лары, баспагерлерімен кездесті. Делегация мүшелерін Бас консулдыққа шақырып, кездесу өткізді. Кездесуде «Алматыкітап» баспасы «Менің Қазақстаным» сериясының кітаптарын, «Мектеп» және «Атамұра» баспасы, ARMAN-PV баспасы жаңа кітап­тарын таныстырды. Steppe & World Publishing баспа үйі жақында неміс тілінен аудар­ылған немістің әйгілі жазушысы Михаел Энденің «Аяқталмас хикая», «Момо» кіта­бын таныстырып, аталмыш екі шығарма­ның бүгінгі қоғам үшін өзекті тұстарын атап өтті. Т.Үмбетбаев мәдениет және әде­биет саласының өкілдерімен әңгімелесіп, бұл бағытты одан әрі дамытудың маңызына тоқталды.  Биылғы, Frankfurter Buchmesse 2024-тің құрметті қонағы Италия елі болса, келесі – Frankfurter Buchmesse 2025-тің құрметті қонағы болу бақыты Филиппин респуб­ликасына бұйырыпты. «Бұл көрмеге Қазақ елі де қатысушы ғана емес, құрметті қонақ болса ғой» деген арзу арманымыз да  бар.

– Өзіңнің «Қоңыз» («The Beetle») романың ағылшынша аударылып, осы көрмеге қойылыпты. Шетелдік баспа­лардан қызығушылық танытқандар болды ма?

– Әр елден келіп, баспадағы кітаптарды көріп, қандай мазмұнда, не жайында деп сұрағандар болды. «Қоңызды» қолына алып, байланыс ақпаратымен алмасып, кітаппен танысқан соң, хабарласамыз деген баспалар да бар. Осы сапарға қол­даушы, демеуші болған Гете институтына және Раиса Сайран Қадыр ханым мен Нидерландыдан арнайы келген Лаура Берді­қожаға алғыс айтамын. «Қоңыз» жарық көрген уақытта сонау Нидерландтан алдырып оқып, кейін әлемде болып жатқан оқиғалар мен мәселелерге беделді акаде­миктердің, журналистер мен саясаткер­лердің жаңалықтары мен пікірлерін жариялайтын веб-сайт – openDemocracy-ға (Ұлыбританияда) сұхбат шығуға себепкер болған Лаура Бердіқожа қарындасымыз осы жолы да Франкфуртке арнайы келіп, менің романым туралы сөйледі. Алдағы уақытта қазақ жазушыларының шығарма­лары әлемді шарлауы үшін осындай игі шараға тұрақты қатысу аса маңызды екені­не көзіміз жете түсті. Шын мәнінде, әлемде конференция, жиналыс, форум көп қой өтіп жатқан. Солардың ішінде кітап көр­месі – ізігіліктің жаршысы сияқты сезіледі. Өзімізбен өзіміз тұйықталмай, қазақ қаламгерлерінің жақсы туындыларын өзге тілдерге көбірек аударуымыз керек екенін түсіне түскендей болдық. Өзге елдер өздерінің стендтерінде шетел тіліне аударылған кітаптарын тізіп қойғанын көрдік. Бізге де көркем әдебиетті аудару ісін қолға алғанымыз жөн.

– Аударма демекші, бізде де кітап нарығы қалыптасып келеді ғой. Шете­лдің үздік туындылары мен аты жыр­ақ­қа кеткен кітаптарын аудара­тын баспалар қалыптасып келеді. Ен­дігі ме­же қазақ жазушыларының үздік шығармаларын шетел тіліне аудару ісін қолға алсақ дейсіз ғой? 

– Бұл өте күрделі мәселе, меніңше. Біріншіден, кәсіби аудармашылар мектебі керек. Өзге тілге қазақ тілінен төте аударма жасайтын тұтас буын қалыптаспай, бұл салада жақсы нәтижеге жету оңай емес. Екіншіден, біздің әдебиетшілер де заманауи әлем әдебиетінің бағытын, бағдарын, жаңалығын дер уақытында сезіп, оқып, содан үлгі алуы керек. Біздің әлем әдебиетінен үйренеріміз көп. Бізде жыл сайын «Букер» мен Нобель сыйлығын алған авторлардың шығармаларын дер уақы­тында қазақ тіліне аударумен айналысатын баспа  жоқ. Көп автор аударылмайды, аударылса да кешігіп, біраз жыл өткен соң оқырманға жетеді. Күні кеше Нобель сыйлығын алған кореялық жазушы Хан Гаңның романдарын ел орысшадан оқып жатыр. Ал біздің әдебиетшілердің көбі оның атын енді естіп жатыр. 2016 жылы «Букер» сыйлығын алғанда-ақ аударуға тиіс ек. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жазушылар одағы бірігіп, осы мәселені шешуге тиіс деп ойлаймын. Үшіншіден, жастар өз кітаптарын өзге тілде аудартуға, шетелдің мықты баспаларымен жұмыс істеуге ерте бастан құлшынса дейсің. Сондай-ақ әдеби агенттік жұмысын жетілдірген жөн. Біздегі «әдеби агенттіктер» авторды орынсыз мақтау, кез келген жерде жарнамалау деп түсінеді. Оның да мәдение­ті, орны, даму үрдісі болады. Жас әдебиет­шілер шетелге шығып оқыса, тіл үйренсе, білім қуса деп те армандайсың. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Т.ӨСКЕНБАЙ