Көп ойдың трансформациясы жинақталған кітап
Мұндағы эсселер мен оймақтай ойлар мемлекет, ел, жер, дәуір, заман айнасына үңіліп, ұлт, қауым, отбасы ұғымдарына бойлап, дін мен діл, тіл мен руханият майданын шарлап, адам, тағдыр, талант, мінез, махаббат әлеміне жетелейді.
«Нүкте философиясын» оқығанда ең әуелі ақынның екі тармақ өлеңінен ұшқындаған сан ойдың қатпарына автордың терең бойлағанын байқадық. Кітап нүктеден өрбіп, қоғамның, біз бастан кешіп жатқан заманның сансыз қырын ақтарып, алуан тақырыпты қамтыпты. Мұндағы эсселер мен оймақтай ойлар мемлекет, ел, жер, дәуір, заман айнасына үңіліп, ұлт, қауым, отбасы ұғымдарына бойлап, дін мен діл, тіл мен руханият майданын шарлап, адам, тағдыр, талант, мінез, махаббат әлеміне жетелейді. Қай тақырыпты жазса да, автор тиянақты, тұшымды ойларын ортаға салады. Бірақ толық кесім, өзгермес шешім айтпайды, керісінше, оқырманын ойландырады, ойдың соңғы нүктесін қоюды оқушының өзіне қалдырады. Болымсыз пікір, болбыр байлам, жеткізер тиянағы түсініксіз сөйлемдер жоқ. Бәрі түсінікті. Бәрі өзіміз күнде көріп, сана сарабында салмақтап жүрген жағдаяттар. Алайда білсек те арғы өзегіне үңілмеген, көрсек те – көлеңке тұсына зер салмаған көп жайтты алдыңызға жайып салғанда, қоғамдағы көп жұртқа елеусіз дүниелердің қаншалықты маңызды екенін біле түсесіз. Кітаптың басты ерекшелігі сол, автор өзі өмір сүріп жатқан ортасы мен әлемдік кеңістіктегі байланыстарды, ұқсастықтарды, тіпті мүлде кереғар ұстындар мен ұғымдарды жіті бақылап, таным таразысына салып екшейтінін аңғарлы оқырман бірден сезеді. Кітаптағы басты ерекшелік – стильдік тиянақтылық дер едік. Мұнда публицистік, ақындық және ғалымдық көзқарастар мен жазу стилі біте қайнасып, бірін-бірі толықтырып тұр. Дархан Қыдырәлі ойын публицистикалық, пәлсапалық иірімдермен, ұғымдармен көмкеруге әбден машыққан. Қысқа да нұсқа ой иірімдерінің көбіне аңыздар кіріктіріп, жеткізбек пікірін түрлендіріп береді. Ежелгі Шығыс пен таяу дәуірдегі Батыс ғұламаларының тұжырымдары мен толғамдарын өзі көтеріп отырған тақырыптың маңызын үстеу үшін дәл қолданады. Шығыс пәлсапасы мен Батыс философиясының синтезі қысқа эсселерге салмақ қосып, тақырыптың маңызын арттыра түседі, ойдан ой туындатады. Бірер эссесін оқыған соң автордың қолтаңбасын бірден айырасыз. Бұл – үнемі ізденісте жүретін қаламгерлік ыждағаттылық. Содан кейін эсселерде ақындық мәнер айшықтары менмұндалап, оқушысын желпіндіріп те, тебірентіп те үлгереді. Қасаң ой, жадағай сөзден қашып, шынайы да қарапайым сөйлемдер арқылы поэтикалық жүлгені нақты нысан еткені байқалады. Мұнда ақынға тән баяндау, сөз қолдану үлгісі бар. Қарапайым журналистік мақаладан өзгешелігі де сол. Дархан Қуандықұлының ғалымға тән тұжырымдары ойдың жүйелілігін арттырған. Жоғарыдағы сан алуан тақырыпты жазар тұста ғылыми байыптылық, сұрыптау тәсілін жақсы пайдаланады. Кей ой-толғамдарында статистикалық мәліметтерді кірістіріп, нақты деректерді қолданып, айтар ойын нығарлай түседі. Автор өзінің «Буырқанған бұла буын» атты эссесінде қазіргі заман жастарының еркіндігі мен бет-бейнесін өте тамаша суреттеген. Жастар – елдің жүрегі. Әр буын өзімен бірге өзіне қажетті құндылықтарды ала келеді. Олар өзінің қақы мен құқын талап етеді. Ескі сүрдекті қаламайды. Қашанда жаңалықтың жаршысы болуға ынта танытады. Олардың ыңғайсыз сұрақтары мен біз үшін тосын көрінетін талаптары – қоғамның тек бір бағытта қозғалуының мүмкін еместігінің көрінісі. Өзгеріс қоғамның сыртқы тұрпатында емес, әуелі ішкі идеясында жүруге тиіс. Жастар – жаңа идеялардың мотиваторы. Біз оларды тыңдап, түсініп, қолдай алсақ, қажет кезде қорғай алсақ қана, ескі мен жаңаның тайталасы емес, идеялық тұтастық қалыптасады, қоғам өз арнасымен өрлейді, мемлекет қуаты мығым болады. «Біз жастарға жол ашып, олардың жан-жақты білім алуына, өмірден, қоғамнан, біз құрғымыз келетін жаңа мемлекеттен өз орнын табуына мүмкіндік беріп, бар күш-қуатын жаңа мемлекетті қалыптастыруына, ерен күшін жасампаздыққа бағыттауына жағдай жасауымыз керек», – дейді автор. Бұл – есті адамның ойы. Мұндай ойды айтып қана қоймай, жүзеге асырып жүргеннің бірі де өзі. Дархан Қыдырәлінің қашанда жастарға жақын екенін білеміз. Ол көптеген жасты айналасына топтап, олардың жаңа идея, жарқын ойларын ұштауға зер салды. Egemen Qazaqstan газетіне республиканың әр түпкірінен талантты жастарды жинап, газеттің бет-бейнесін өзгертті, жаңа леп, жаңа сөз әкелді. Қазір сол ұжымнан түлеген жастар іргелі басылымдарды басқарып, түрлі салада жемісті еңбек етіп жүр. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» принципі – Дархан Қуандықұлының негізгі ұстанымы десек болғандай. Қысқаша айтар болсақ, «Нүкте философиясы» – көп ойдың трансформациясын жинақтаған кітап. Оқырман бүгінгі күнге икемді, қажетті ойларды табады.
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ