Шалғай ауылдарда мектеп салып жүрген компания
Бұдан бөлек, былтыр кәсіпкерлермен кездескен сәтінде Президент қайырымдылық ретінде облыстарда, қалаларда мектеп салу керектігі жөнінде әңгіме қозғаған болатын. Әсіресе, ауылдардағы мектептерді сақтап қалу керектігі былтырғы педагогтер съезінде де айтылды. «Мектебі бар ауылда тіршілік бар» деп бекер айтылмаған. Мектеп бірнеше әлеуметтік нысанның рөлін атқарады. Онда қоғамдық жиындар, мәдени іс-шаралар, спорт сайыстары өтеді. Ауыл мектебі жергілікті жұртты ортақ іске жұмылдырады. Осы орайда кәсіпкерлер қауымына да зор міндет жүктеледі. Қазір мемлекет пен бизнестің серіктестігі арқасында ауыл мектебін жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Осы тәсілмен үш жылдың ішінде кем дегенде бір мың ауыл мектебін керек-жарақпен толық жабдықтау қажет» – деген болатын Мемлекет басшысы.
Расында да, Қазақстанда өз қаржысымен мектеп салып, оны мемлекетке өткізіп жүрген кәсіпкерлер бар. Біздің кейіпкеріміз «Евротехстрой – 2003» ЖШС директоры һәм құрылтайшысы Айдын Садықов қазір үшінші мектепті пайдалануға бергелі отыр. Ол және кіл қиян шеттегі ауылдарға білім ошағын салып жүр. Кәсіпкердің өз қаржысымен мектеп салуының бірнеше ұтымды тұсы бар. Мысалы, мемлекет салса, әуелі оның жобасына тапсырыс береді. Жоба авторы авторлық бақылау жасайды. Әрине, тегін емес. Одан кейін техникалық бақылауға жүгінесіз. Оған да қаржы керек. Уақыт та созыла береді. Ал бір қолдан шыққасын ол неғұрлым қысқа мерзімде әрі арзанға түседі. Мысалы, «Евротехстрой – 2003» ЖШС бірінші мектепті Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданы Жыланды ауылында салған. Сол тұста Абай облысы құрылып, Шығыс Қазақстанда басталған жұмыс жаңа облыста аяқталған. Жыландыдағы мектеп апаттық жағдайда болған. Сондықтан кәсіпкер облыс, аудан әкімдіктерімен келісе отырып, жаңа білім ошағын салуға кірісіпті. Сол тұста мұнда 85 оқушы болған. Даярлық сыныбындағыларды қосқанда 100-ге жуықтайды. Демек, 100 орындық мектеп салуы керек. Кәсіпкер аудан әкіміне жоба жасап ұсынады. Ол облыс әкіміне кіріп, келісіп шыққасын «Евротехстрой – 2003» ЖШС іске кіріседі. 2022 жылдың мамыр айында басталған құрылыс қараша айында бітіп, пайдалануға беріледі. Яғни, балалар екінші тоқсанды су жаңа мектепте оқиды. Ауыл тұрғындары қатты риза болыпты. Мұғалімдер мен балалардың қуанышында шек жоқ. Ал енді осы жобаның ұтымды жағын есептеп көрейік. Мысалы, осы мектепті мемлекет салатын болса, жобасын жасаудың өзіне жарты жыл кетер еді. Одан кейін тендерге түсуі керек. Одан жеңімпаз анықталып, іске кіріскенше тағы біраз уақыт өтері хақ. Жеңіп алған компанияның да кейде созып алып жүретіні бар. Оның үстіне тендердің айналасында да «әңгіме» көп екені баршаға аян. Дәл осы 100 орындық мектеп Үкіметтің «қалтасына» 1 миллиард теңгеге жуық қаржыға түсер еді. Ал «Евротехстрой – 2003» ЖШС мұны 6 айда бітіріп отыр. Бір деңіз. Екіншіден, 450 миллион теңге жұмсаған. Екі есе арзан! Үшіншіден, тендердің маңайындағы сыбайлас жемқорлықтың да жолын кесіп отыр. Төртіншіден, кәсіпкер өз ақшасына салғасын ертең ұятқа қалмау жағын қатты ойлайды. Оның үстіне мемлекет қабылдамай қоюы мүмкін. Сондықтан құрылыс сапасы жоғары болуына компанияның өзі мүдделі. Бесіншіден, жоғарыда айтылған тендерге қатысу үшін кез келген компанияның ұнамды имиджі болуы керек: «Пәлен жылдан бері құрылыс саласында жүр. Түген ғимаратты салған» деген сықылды. Демек, жаңадан құрылған компаниялар мұндайда назардан тыс қалады. Ол компаниялар үшін мына жоба – тамаша мүмкіндік. Ақшаңды сал, өзіңді көрсет. Ұнамды имидж қалыптастыр. «Тендерде ұту» үшін біреуге «орамал» ұсынғанша, сол қаржыны мектепке сал. Ертең-ақ жақсы атың дүркіреп шығады. Қаржы өзі іздеп келеді. Мысалы, Абай облысының атқамінерлері қазір «Евротехстрой – 2003» ЖШС-ына бірнеше ұсыныс жасап отыр. Айдын Садықов басқаратын ЖШС екінші мектепті 2023 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданы Ақсан округіне қарасты Қаражар ауылында салған. Бұл да алыс ауыл. Мұнда да апаттық жағдайдағы мектеп бар екен. Екі қабатты, 100 орындық жаңа білім ошағының құрылысы сәуір айында басталып, қараша айында аяқталған. Бұл құрылыс нысанының қас беті өзгерген. Бірінші құрылыстағы кейбір ескерілмеген дүниелерге назар аударылыпты. «Мектепті пайдалануға берер алдында жуып-тазалап үлгере алмай жаттық. Сол кезде бізге оқушылар көмекке келді. Өздері мәз, ықыластана жұмыс істеп жүр. Ерлі-зайыпты мұғалімдер бар екен, 6 баласы осы мектепте оқиды, солардың бәрі жүгіріп жүргенін көргенде қатты толқыдым...», – дейді Айдын Жұматайұлы. Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлы Ахметжанов, міне, осы Қаражарға арнайы комиссия жіберіп, құрылыс барысымен танысқан. Көңілінен шыққан болуы керек, кейін Ақмола облысында да мектеп салу жөніндегі ұсыныс жасаған. Өкінішке қарай, бірнеше облыста қатар құрылыс жүргізетіндей, «Евротехстрой – 2003» ЖШС-ының экономикалық әлеуеті аса үлкен емес. Сондықтан әзірге бас тартыпты. Қаражардағы жұмысты абыроймен аяқтағасын, үшінші мектептің құрылысына кірісіп кетті. Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданы Бұқтырма ауылында салынып жатқан 200 орындық мектеп, Құдай қаласа, 16-желтоқсан, Тәуелсіздік мерекесі күні пайдалануға берілмек. Бұқтырмада бұған дейін қазақ мектебі болмаған екен. Жаңа білім ошағы сол олқылықтың орнын толтырғалы отыр. Былтыр күзде басталған құрылыстың бір жылдан астам уақытқа созылуының бірнеше себебі бар. Мектеп 200 орындық, яғни үлкен, оның үстіне Алтайда қыс ерте түсіп, көктем кеш шығады. Оның үстіне алтайлықтар серпантин деп атайтын иір-иір жолдармен құрылыс материалдарын жеткізу де оңай емес. Мысалы, Жыландыға бір көлікпен 20 тонна материал апарсаңыз, мұнда 12 тонна ғана апарасыз. Соған қарамастан қазір құрылыс нысанының 90 пайызы бітіп тұр. Президент ауыл мектептерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді тапсырғаны мәлім. Қала мектебінде бар дүние ауыл мектебінде де болуға тиіс. «Евротехстрой – 2003» ЖШС мұны қаперде ұстайды. Жыландыдағы мектепті өздері қажетті құрал-жабдықпен толық қамтыған болатын. Ал Баянауылда ERG компаниясы көмекке келді. 250 миллионға осы замандағы мектепке не керек, бәрін алып, жайнатып жіберді. Кірсең, шыққысыз. Қала мектебінен бір кем емес. Көріп отырғаныңыздай, «Евротехстрой – 2003» ЖШС тек шалғай ауылдарда мектеп салып жатыр. Бұл елді мекендерден адамдардың көшпеуіне әсер етеді. Ауылдың іргесі беки түседі. Ал ауыл түлесе, байтақ Қазақстанның да еңсесі тіктеледі. Жұмыс орны сақталады. Кейде тіпті көбейеді. Оның үстіне, жаңа, соңғы үлгімен салынған мектептерде жаныңа керектің бәрі бар. Тек оқы. Компанияның бұл ісі өзгелерге үлгі болуға тиіс. Бұл жоба жоғарыда айтқандай, жаңадан құрылған компаниялар үшін тамаша мүмкіндік туғызып отыр. Оның үстіне Мемлекет басшысы биыл 1-шілдеде «Мемлекеттік сатып алу» жөніндегі заңға қол қойды. Заңда «толық дайын түрінде берілетін құрылыс туралы шарт жасасу мүмкіндігі, яғни жобалаудан бастап, объектіні пайдалануға беруге дейінгі жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңі, сондай-ақ көрсетілген жұмыстарға ілеспе тауарлар жеткізу және қызметтер көрсету үшін жауапкершілікті бір өнім берушіге жүктеу мүмкіндігі берілген». Бұл туралы Президент бұрын да бірнеше рет айтқан болатын. Енді заңмен тиянақтап отыр. Расында да, алыс ауылда шағын мектеп салу үшін «Күлтөбеде күнде жиын өткізудің», процедураларды қолдан көбейтудің қажеті қанша? 2025 жылдың 1-қаңтарынан бастап күшіне енетін заң «Евротехстрой – 2003» ЖШС секілді компаниялардың жұмысын заңдастырып берді. Бұрын меморандум жасалып, соның аясында мектепті мемлекетке өткізетін болса, енді жұмыс біршама жеңілдеді. Жаңа заң сыбайлас жемқорлықтың жолын кеседі. Ақшаң жете ме, тендерсіз-ақ мектеп салып, халық игілігіне ұсын. Құзырлы органдардың да сізбен жұмысы болмайды. Өйткені мұнда мемлекет қаржысы жоқ. Ал ешкім өз ақшасын ұрламаса керек. Ендеше, қаржысы бар, бірақ тендерсіз аттап баса алмайтын компаниялар үшін бұл іздегенге сұраған емес пе? Қазір «Евротехстрой – 2003» ЖШС-ына Ақмола, Көкшетау облыстарынан бірнеше ұсыныс түсіп отыр. Өйтпегенде ше? Әрі арзан әрі сапалы, әрі тез арада бітетін мектептен кім бас тартсын?! «Евротехстрой – 2003» ЖШС секілді компаниялар республиканың түпкір-түпкірінен дүр ете қалса, еліміздегі мектеп тапшылығы санаулы жылдарда-ақ жойылмай ма? Лайым, солай болғай!
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ