Жаңалықтар

Шахматтан Қазақстан құрамасы Олимпиада үздіктерінің қатарына енді

Қазақстан шахмат федерациясы

Олимпиаданың сегізінші раунд қорытындысы бойынша шахматтан Қазақстанның әйелдер құрамасы Францияны жеңіп, үздік үштікке енді.

20 қыркүйек күні түнде Будапеште (Венгрия) өтіп жатқан шахмат Олимпиадасының сегізінші раунды аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақстанның әйелдер құрамасы турнир кестесінде төртінші орында тұрған Францияның ұлттық командасымен кездесті. 8-ші раундта Қазақстан атынан келесі ойыншылар шықты: Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Амина Каирбекова және Алуа Нұрман.

Бірінші партияда Меруерт Камалиденова франциялық Софи Мильемен ойнады. Франция шахматшысы ұтты.

Келесі екі партияда команда капитаны Бибісара Асаубаева Дейманта Даулите-Корнетті, Алуа Нұрман Полина Гишарды жеңді. Осылайша олар құрама қоржынына 2 балл қосты.

Соңғы партияда Амина Каирбекова мен Наташа Бенмесба кездесіп, ойын тең аяқталып, екі командаға жарты балдан берілді.

Төрт партияның қорытындысы бойынша 2,5:1,5 есебімен Қазақстан ұлттық командасы жеңіске жетіп, Үндістан, Польша командаларымен бірге үздіктер қатарына қосылды.

Тоғызыншы раундта Қазақстан құрамасы турнир кестесінде екінші тұрған Польша командасымен кездеседі.