Ауыл балалары Абай өлеңдерін жатқа оқиды
Бір таңғалатының, ауылдағы қай баланы тоқтатып сұрасаңыз, ұлы ақынның өлеңдерін жатқа айтады.
Аттан түспеген ардагерлер
Облыс орталығынан 90 шақырым, Хромтау қаласынан 14 шақырым жерде орналасқан Абай ауылының жалпы аумағы – 99 230 гектар. Қазір бұл ауылда 105 түтін бар. Тұрғындар ауылға тұрақтанған. Себебі бұл ауылдың элеуметтік-экономикалық көрсеткіші жоғары, электр желісімен, көгілдір отынмен, ауызсумен және барлық ұялы байланыс желісімен толық қамтылған. – Округке қарасты Абай және Тассай ауылдарында алты көше бар. Соның бесеуі Абай ауылына тиесілі. Көше жолдарының ұзындығы – 11,7 шақырым. Жолдың дені асфальтталды, – дейді Абай ауылдық округінің әкімі Махамбет Сүйіналин. Жергілікті тұрғындардың сапалы өмір сүруі үшін барлық әлеуметтік нысан жұмыс істейді. Іргетасы 1985 жылы қаланған Абай негізгі мектебі, шағын орталық, медициналық пункт, кітапхана, учаскелік полиция инспекциясы ветеринариялық пункттер жұмыс істеп тұр. – Ауылымызда төрт түлігін өргізіп, өнімін қорек етіп отырған жандардың қатары көп. Округ тұрғындарының дені – жұмысқа қабілетті. Олардың қатарында өзін-өзі жұмыспен қамтушылар да бар. Бір қуанарлығы, округте тіркелген 55 зейнеткердің 30-ы – еңбекке қабілетті. Осындай жандардың жұмысқа деген күш-қуаты, өмірлік тәжірибесі кейінгі буынға үлгі, – дейді округ әкімі. Қонаевтың ізі қалған
Ауыл тарихына қатысты қызықты мәліметтер бар. Кезінде бұл ауылға Дінмұхамед Қонаевтың келгенін бүгінгі жұрт зор мақтанышпен айтып, еске алады. 1927-1930 жылдары жүргізілген жаппай ұжымдастыру нәтижесінде осы жерде үш ұжымшар құрылған. Олар – Октябрь, Қызыл еңбек және Ворошилов. Ал 1950-1952 жылдары кіші ұжымшарлар біріктіріліп, Ворошилов атындағы үлкен ұжымшар болған. Бұл ауылда алғашқы балабақша 1980 жылы ашылыпты. Тарихи деректерде 1981 жылы егіннен мол астық жиналып, Абай ауылына Дінмұхамед Қонаев келген. Егін шаруашылығымен әлі де айналысатын қожалықтар жыл сайын мол өнім алып, бұл дәстүрді әлі де жалғастырып жүр. Кейін, яғни 1989-1990 жылдары бұл ұжымжарға Абай атауы беріліпті. 1995 жылы елді мекенде Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай «Белгісіз жауынгер» ескерткіші, ал ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 150 жылдығына орай ақынның еңселі ескерткіші ашылған.
Табиғи ландшафттар туризм индустриясын дамытуға мүмкіндік береді...
Қазір бұл округте 35 шаруа қожалығы тіркелген. Мал, егін шаруашылығымен айналысатын қожалықтардан бөлек, дүкен ашып, жеке кәсіпкерлікпен айналысушылар қатары да жыл өткен сайын артуда. Абай ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуын көтеру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша былтыр 8 адам 48 миллион теңге көлемінде несие алып, өз кәсіптерін бастапты. Осылайша, бұл ауылда мемлекеттік бағдарлама негізінде 8 жоба іске асырылған. Атап айтсақ, құс шаруашылығын дамытып, ешкі сүтін пайдаланып, жылыжай ашқан тұрғындар қазір өз өнімдерін сатып, нәпақасын тауып отыр. – Ауылымыздың республикалық маңызға ие Самара-Шымкент тас жолының бойында орналасуы, ауылдың оң дамуына септігін тігізіп отыр. Сондай-ақ жергілікті табиғи ландшафттар туризм индустриясын дамытуға үлкен мүмкіндіктер береді. Дегенмен өсудің оң динамикасына және барлық қажетті әлеуметтік инфрақұрылымдардың болуына қарамастан, ауылдағы өмір сүру жағдайлары инженерлік инфрақұрылымды кешенді және егжей-тегжейлі дамытуды талап етеді, – деді Абай ауылдық округінің әкімі Махамбет Сүйіналин.
«Абай аманаты» немесе эксперименттік алаң
Келер жылы қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 180 жыл толмақ. Осы мерейлі датаға Абай ауылы тұрғындары дайындықты бүгіннен бастап кеткен. Абай негізгі мектебі директорының міндетін атқарушы Совет Жұмабаевтың айтуынша, мектеп оқушылары Абай өлеңдерін жатқа оқиды. – Мектебімізде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай дана, Абай дара қазақта» тақырыбында көлемді іс-шара жоспарланып жатыр. Осы мақсатта апталықтар ұйымдастырылып, жас мамандар арасында «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» атты Абай өлеңдерінен мәнерлеп оқу сайысын өткізуді де жоспарлап жатырмыз. «Табиғат, таң қаламын тамашаңа!» Абай шығармалары бойынша сурет байқауы, ақынның мерейтойына арналған ашық сынып сағаттары, оқушылардың Абай ескерткішіне саяхаты, Абай ауылдық кітапханасы қызметкерімен «Абай үні, Абай лебі» оқушылар арасында Абай өлеңдерінен мәнерлеп оқу жұмыстары да ұйымдастырылатын болады. Мұндай іс-шараларды өткізудегі мақсат – білім алушылардың бойына Ұлы ақынның баға жетпес мол мұрасын сіңіру, өскелең ұрпақтың ұлттық рухы мен патриоттық сезімдерін ояту. Мұндай жұмыстарды біз Абай күнінде ғана ұйымдастырмаймыз. Ақынның мол мұраларын жыл бойы дәріптеп келе жатырмыз, – дейді Совет Жұмабаев. Оның айтуынша, Абай арнайы белгіленген бір күнгі мерекеде ғана аты аталып қалатын тұлға емес. «Ол – тұтас қазақтың жаны. Сондықтан да біз жыл бойы Абай шығармаларын дәріптеу мақсатында мектебімізде «Абай аманаты» тақырыбындағы эксперименттік алаң ашқан болатынбыз. Соңғы үш жылдан бері осы эксперименттік алаң іске асырылып жүр. Мұндағы мақсатымыз – балаларға қазақ тілін меңгертудің тиімді жолын анықтау, қазақ тілі арқылы ұлттық құндылықтарды дамыту, әрі Абай шығармашылығы арқылы балалардың таза, анық, тартымды сөйлеу дағдысын қалыптастыру. Біз мұндай іс-шара арқылы балалардың ғана емес, олардың ата-аналарының да Абай шығармашылығына деген қызығушылығын арттырып отырмыз», – дейді Абай атындағы мектептің өкілі.
Аржинттің үлесі
Ұлты молдаван Иван Аржинт – Абай ауылының тұрғыны. Ол – «Хромтау су» шаруашылық жүргізу құқықығындағы округке қарасты мекеменің маманы. Бір кездері ауылдағы Абай ескерткішінің бой көтеруіне мұрындық болған Иванды көпшілік қоғам белсендісі ретінде жақсы таниды. 1957 жылы Талдықорған облысының Қаратал ауданы Красный Восток ауылында дүниеге келген Иван Аржинттің отбасы тың игеру жылдарында Ақтөбеге, оның ішінде Хромтау өлкесіне қоныс тепкен. Осы жерде білім алып, еңбекке ерте араласқан Иванның қазақтармен қарым-қатынасы нығая түседі. Өйткені 1974 жылы ол сыныптас құрбысы, қазақ қызы Базаргүлмен бас қосады. Сөйтіп, Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері, Қазақ КСР еңбек сіңірген қызметкері Берден Ташановтың күйеу баласы атанған Иванға қайын атасы ерекше құрметпен қарайды. Себебі ол жастайынан қазақтармен араласып-құраласып жүріп өскендіктен, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жақсы сақтаған. Тіпті, қазақ тіліне деген құрметі де зор. Иван Аржинт үлгілі ұстазы Мәриям Жұмағалиеваның арқасында қазақ тілін жетік меңгергенін айтады. – 1976-1978 жылдары Семей өлкесінде Отан алдындағы борышымды өтеп келдім. Әскерге дейін үйленіп, еңбекке ерте араластым. Мектепті тәмамдағаннан соң ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, кейін заң мамандығы бойынша білімімді жетілдірдім. Содан Хромтау өлкесінің ауыл шаруашылығы саласын дамыту жолында табан аудармастан еңбек еттім. Қазір зейнет жасына шықсам да, ауданды ауызсумен қамтамасыз ететін «Хромтау су» кәсіпорнында вахталық әдіспен жұмыс жасаймын, – дейді Иван Аржинт. Ауданда еңбек еткен жылдары оның бригадасы астық дайындауда республика бойынша көш бастаған кездер де болыпты. Иван Аржинттің бұл еңбегі ескерусіз қалмаған. Сол кездері облыс тарапынан көрінгеннің қолы жете бермейтін «Жигули» автокөлігін еншілейді. Бүгінде Аржинттер отбасы көпке үлгі. Иван мен Базаргүлдің шаңырағында төрт перзент дүниеге келді. Кезінде ол – ауылға ұлы ақынның ескерткішін орнатуда сүбелі үлес қосқан жандардың бірі. Себебі ұзақ жыл қайта жөндеуден өтпеген ескерткішті жаңарту үшін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жергілікті билікке хат жолдайды. Хатында: «1997 жылы белгілі ақын Амантай Өтегеновпен таныстым. Ол кезде мен – «Абай» ұжымшарының төрағасымын. Жағдай былай болды. 1997 жылы күзде кино және театр майталмандары Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова Хромтау ауданына келді. Біз осы сәтті пайдаланып, Абай ауылында тұрғындармен кездесу ұйымдастырдық. Осы кездесуге Амантай Өтегенов те Ақтөбеден арнайы келді. Бұл күн Абай ауылы тұрғындары үшін нағыз мерекеге айналды. Амантай Өтегенов Абайдың өлеңдерімен қоса өз туындыларын да оқыды. Шығармашылық кештен соң Хромтау ауданының басшылығы ауылдың еңбек озаттарын марапаттады. Хромтау жұрты Құман Тастанбековті қазақы ою-өрнекпен өрнектелген ер-тоқымы бар сәйгүлікке мінгізді. Осы жерде Абай ауылы тұрғындарының көз алдына «Қыз Жібек» фильміндегі салтанаты асқан көрініс тұрды. Сыйлы қонақтар аттанып бара жатқанда, Құман Тастанбеков маған «Абай жолы» кітабын сыйға тартты. Біз екеуміз жерлес болып шықтық. Мен Талдықорған облысы Қаратал ауданының «Красный Восток» ұжымшарында тусам, ол біздің ауылға көрші Григорьевкадан екен. Қонақтар көлікке мініп жатқанда Амантай Өтегенов маған: «Бауырым, ауылда ақын ескерткіші тұрса, жақсы болар еді», – деді. Көп кешікпей бұл ауылда еңселі Абай ескерткіші бой көтерді...
Айару СЕРІК, Ақтөбе облысы