T-Newspaper

Қазақ күресінен чемпион болғаныма қуаныштымын – италиялық дзюдошы

Достарым «Сен қазақ күресінен жеңімпаз бола аласың» деп айтқан еді. Айтқаны дәл келді.

Италиядан келген дзюдошы Бетти Вук Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы атанды. 77 келіде бақ сынаған ол қазақ күресінен өткен сайыстың финалында отандасымыз Зәмзәгүл Файзолановадан басым түсті.

– Мен Италияның Болонья қаласында тұрамын. Негізі, дзюдо спор­тымен шұғылданамын. Қазақ күресінің шебері емеспін. Алайда бірнеше досым қазақ күресімен бұрыннан айналысып жүргендіктен, олар бұл спорттың менің оң жамбасыма сай келетінін айтты. Әлі есім­де, олар сол кезде «Сен қазақ күресінен жеңімпаз бола аласың» деп айтқан еді. Айтқаны дәл келді. Бүгінде қазақ күресінен Көш­пенділер ойындарының чемпионы деген атағым бар. Осы тұрғанда қазақ күресінен алтын жүлде иеленгеніме қатты қуанып тұрмын!, – дейді Бэтти қуанышын жасыра алмай.

Көшпенділер ойыны – Бэттидің қазақ күресінен қатысып тұрған алғашқы жа­рысы екен.

– Алғашқы жарыста бірден алтын жүлде иелену – екінің бірі­не бұйырмаған бақ. Финалда Қазақстанда мықты саналатын қазақ қы­зына қарсы күрестім. Жарыс соңында оның көңілі түсіп қалғанын бәрі көрді. Бозкілемнен түскісі келмеді. Мен оны жұбатуға тырыстым. Әрі залдағы көпшілікті ол қызды қолдауға шақырдым. Коман­да­лас­тарым мені залда отырған қазақ жанкүйерлері де қолдағанын айтады. Алайда бозкілемде бапкерімнің нұсқауынан басқа ештеңе естімеймін. Әрі қазақша түсінбеймін. Әлбетте, жарыс болғасын тек жеңу үшін келе­сің. Алайда мен мұнда жеңіске жетемін деп еш ойламадым. Кемі фи­налға шығып, күміс жүлде иеленермін деген ой болды. Қазақ қызы бұл күреспен ес білгелі айналысып келе жатыр. Ал менің бұл спортқа қы­зыға бастағаным күні кеше ғана. Алайда жеңісті құрдан-құр бере сал­ғым келген жоқ, финалда барымды салдым. Жеңімпаз деп та­нылған соң, бірден қазақ қызын қолдауға тырыстым. Бозкілемнен түс­кен соң камераның алдында ол қыздың көтеріп, мықты екенін ай­ту­мен болдым. Расымен, өте мықты қарсылас. Оны да түсінуге бо­ла­ды. Өз елінде жеңілген оңай емес. Сондықтан залдан шыққанша оған «Сен мықтысың. Сен күшті балуансың» деп айтып, арқасынан қақ­тым, – дейді ол.

Бэтти Көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында ойнаған музыка қатты ұнағанын айтады.

– Жалпы, бұл жарыс бұған дейін мен қатысқан басқа сайыстарға еш ұқсамайды. Мен мұның бәрінен өзгеше болатынын ашылу сал­та­наты кезінде байқадым. Дұрыс сөз таңдай алмаспын, бірақ біз ста­дион­да отырып, көшпенділер ұрпағы бірден сезетін атмосфераны біз де сезгендей болдық. Маған бәрінен бұрын ашылу салтанатында ой­нал­ған музыка айрықша ұнады. Біз Италиядан күрес түрлерінен сегіз балуан келдік. Садақ атудан да жарыс­қа түсіп жатқан отандастарымыз бар. Бәріміз қонақүйде күн сайын жиналғанда алған әсерімізді ортаға саламыз. Әсіресе, Астананы мақ­тай жөнелеміз. Астана – өте әдемі қала. Өте таза қала. Жап-жасыл. Уақыт жетсе, қала ішін аралағымыз келеді. Әрі басқа ойындарды да көруі­міз керек. Мен алыш күресінен өтетін сайыстарды көргім келеді. Өзім де қатысқым келген еді, алайда салмағым сәйкес келмей қатыса ал­­­майтын болдым. Содан соң ипподромға барып, көп атлет аузының суы таусылғанша айтып жүрген көкпар мен көкбөрі сайыстарын та­ма­шалағым келеді, – дейді ол сөз соңында.