Жаңалықтар

Астанада Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы қамауға алынды

фото: ҚМА

Ұрланған қаражаттың көлемі 1 млрд теңгеден асып отыр

Қаржылық мониторинг агенттігі Астана қаласының мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы мен мердігер ұйым өкілдеріне қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. 

2016 жылы Астана күні мерекесіне орай салынған «Күн» (Есіл өзеніндегі жарық-иллюминациялық және от шоуы) субұрқағының құрылысы кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімі жүргізілмей тікелей келісімшарт жасалған. 

Субұрқақ жобалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей салынған.

Құрылыс барысында техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін сапасыз материалдар қолданылған.

Нәтижесінде аталған нысан 2017 жылдан бастап жұмыс істемей, қазіргі таңда апатты жағдайда тұр.

Ұрланған қаражаттың көлемі 1 млрд теңгеден асып отыр. 

Күдікті, Астана қаласының мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу аясында оның мүлкіне тыйым салынды.

Оның ішінде 3 коммерциялық нысан, 2 автотұрақ орны және Астана қаласындағы премиум санаттағы пәтер бар.

Аталған іс бойынша күдіктілерге тиесілі 572 миллион теңгенің мүлкіне шектеу қойылды. 

ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жарияланбайды.