Жаңалықтар

Оралда шенеунік қызметтік пәтерді әйеліне сыйлаған

istockphoto.com

Әкімдік заң бұзушылықты 28 маусымда анықтаған.

Оралда әкімдік қызметкері әйеліне қызметтік пәтерді сыйға тартқан.

Батыс Қазақстан облысының мәлімдеуінше, Орал қаласы әкімі аппаратының бірыңғай мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы қызметін атқаратын Мыңжасаров А-ның қызметтік жағдайын пайдаланып, пәтерді өзімен некеге тұрған А.Қарасаеваға бергенін көрсететін фактілер анықталды. 

Әкімдік заң бұзушылықты 28 маусымда анықтаған. Тексеру қорытындысы лауазымды тұлғаның әрекетіне тиісті құқықтық баға беру үшін Орал қаласының прокуратурасына жолданды.

«Осындай фактілерді анықтау және алдын алу үшін Орал қаласы әкімдігінің мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру заңдылығын тексеру үшін жұмыс тобы құрылды», – делінген хабарламада.

Заңға сәйкес, мүдделер қайшылығы туындаған жағдайда жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлғаларға, лауазымды тұлғаларға қызметтік міндеттерді орындауға тыйым салынады.