Жаңалықтар

Атышулы бағдарламаның кейіпкері болған әйелге пәтер сыйға берілді

instagram.com/oshakbayev

18 жыл бойы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен Гүлмира Шымкент қаласынан Астанаға келіп, «Қорғау» дағдарыс орталығын паналаған.

Хабар арнасындағы дауға айналған «Бірақ» ток-шоуының кейіпкері болған Гүлмира Смаилова Астанадан үш бөлмелі пәтерге ие болды. Бұл туралы журналист Рахым Ошақбаев мәлімдеді.

Журналист жариялаған видеодан алты баланың анасы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен Гүлмира Смайыловаға Астанадан үш бөлмелі пәтердің берілген сәтін, кейіпкердің көзіне жас алғанын көруге болады.

«Қорғау» дағдарыс орталығының мәліметінше, 18 жыл бойы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа шыдаған  Гүлмира Шымкенттен Астанаға келіп, «Қорғау» дағдарыс орталығын паналаған. Сол кезде «Хабар» арнасында енді ашылған «Бірақ» ток-шоуы оны зорлық-зомбылық тақырыбына қонақ ретінде шақырған. Бетіне маска тағып, бағдарламаға аноним қонақ болуға келіскен Гүлмираға телеарна қызметкерлері «тосынсый» жасаған: олар тікелей эфирдегі ток-шоуға Гүлмираны ұрып-соққан күйеуін шақырып, оның қолына гүл ұстатып, екеуін татуластырмақ болады.

Бұндайды күтпеген Гүлмира бетіндегі маскасын шешуге мәжбүр болып, тікелей эфирде ағыл-тегіл жылаған еді. Инцидент Қазақстанда резонанс тудырып, телеарнадағы ток-шоу жабылды.

«Қорғау» дағдарыс орталығы Гүлмира мен алты баласына психологтың көмегін ұйымдастырып, алты балалы анаға пәтер алып беру үшін жылу жинады.

«Бас-аяғы 16 627 475,54 теңге жиналды. Пәтердің құны 16 400 000 теңше. Құжат рәсімдеуге 44 мың теңге жұмсадық, гүлмираның жалдап тұрып жатқан пәтеріне 110 мың теңге төленді. Қалған 73 мың теңгенің 60 мыңын тағы жарты айдың пәтерақысына береміз, өйткені, үй иелері екі апта ішінде көшеді. Қалған ақша гүлмираның көшіп-қонуына жұмсалады», - деп жазды «Қорғау» орталығы.

Әйел қол ұшын созған қазақстандықтарға алғыс білдірді.