Жаңалықтар

«Лауазымды тұлғалар арқылы шешіп беремін»: Қызылордада алаяқтық жасаған адвокат пен оның әйелі сотталды

Қызылорда соттары ФБ парақшасы

Ерлі-зайыпты алдымен 5 млн теңгені алып, сосын қалған 3 млн теңгені алу үшін қайта-қайта хабарласып, Департаменттің лауазымды тұлғалары сұрап жатқанын жалған айтқан.

Қызылорда қалалық №2 сотында алаяқтық жасаған адвокат пен оның әйеліне қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

«Адвокаттық қызмет көрсетіп жүрген А-ның әйелі Г. танысы М-ны қылмыстық іс бойынша жауаптылықтан босатып беремін деп алдаған. Танысының сенімін теріс пайдаланып, оған қатысты тексеруді тоқтататынын айтқан. Ол үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастамау үшін аталған мәселені департаменттің лауазымды адамдары арқылы шешіп беремін деп уәде еткен. Бұл үшін 8 млн теңге пара беру керек айтып сендірген», –делінген Қызылорда қаласының №2 сотының хабарламасында.

Ерлі-зайыптының арам пиғылдарынан бейхабар болған жәбірленуші М. олардың алдауына көніп, тексеруді тоқтату үшін айтқан соманың 5 000 000 теңгесін қолма-қол берген.

«Содан соң ерлі-зайыпты қалған 3 000 000 теңге ақша қаражатын алу үшін қайта-қайта хабарласып, Департаменттің лауазымды тұлғалары параның қалған бөлігін сұрап жатқанын жалған айтып, қалған 3 000 000 теңгені қолма-қол алып, соңғыға қатысты тексеруді тоқтатылатынын айтып, алған ақша қаражаттарды Департаменттің лауазымды тұлғаларына бергендігін айтып сендірген. Нәтижесінде жәбірленуші М.-ға 8000 000 теңге ақша қаражатын алаяқтық жолмен иемденіп алып, ірі мүліктік залал келтірген», – делінген хабарламада.

Сот талқылауында жәбірленуші М. өзіне келтірілген мүліктік шығын қайтарылғанын, сотталушыларға кешірім беретінін, талап арызынан бас тартуына байланысты қараусыз қалдыруды сұрайтынын, сотталушыларға жаза мәселесі жөнінде соттың құзырына қалдыратын айтты.

«Сотталушылар ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 1)-тармағымен, ҚК-нің 28-бабы 4-бөлігі арқылы 367-бабы 3-бөлігі 1)-тармағымен кінәлі деп танылып, ҚК-нің 58-бабы 3-бөлігінің талабына сай онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы, әрқайсысына түпкілікті мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазаларын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеуге белгіленді», – делінген хабарламада.