Қоғам

Астаналық ер адам әйелді дүкеннің ішінде ұрып-соққан (ВИДЕО)

instagram/pro_prikorm_kz

Видеодан ер адамның әйелді арқасынан дөрекі итеріп, бетінен ұрғанын көруге болады.

Елордадағы азық-түлік дүкенінде белгісіз ер адамның әйелді ұрып-соғып жатқан сәті видеоға түсіп қалған.

Жәбірленуші видеоны әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Оның айтуынша, 7 шілде күні әйел дүкенде жүріп, абайсызда біреудің баласын қағып кеткен.

«Баланың әкесі менімен дауласа бастады, мен кешірім сұрадым. Өйткені балаға зиян келтіру ойым болған жоқ. Осыдан кейін жанжал басталып, ол мені балағаттай бастады. Баласын қолында ұстап тұрып, мені бір-екі рет итеріп жіберді, ол баламен тұрғандықтан мен ешқандай жауап бермедім. Сосын ол кетіп қалып, баласыз қайтып келді, барлығын видеодан көруге болады», — дейді жәбірленуші.

Видеодан ер адамның әйелді арқасынан дөрекі итеріп, бетінен ұрғанын көруге болады.

Аталмыш оқиғаға қатысты Астана қалалық полиция департаменті мәлімдеме жасады.

«Әдепсіз сөздер айтқаны үшін ер адам сот шешімен 5 тәулікке қамауға алынды. «Денсаулыққа қасақана зиян келтіру» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалды, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – делінген полиция хабарламасында.