Спорт

Құрметсіздік танытқанымыз үшін кешірім сұраймын: «Қайрат» футзал клубы мен Игита ресми мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

instagram.com/afckairat

Желіде Қазақстан құрамасы мен «Қайрат» клубының капитаны Игита бастаған футзалшылар автобусқа дейін жанкүйерлер төсеп қойған қарсылас командалардың эмблемаларын басып өткен видео тараған болатын.

 «Астана» және «Ақтөбе» командаларының эмблемаларын аяқпен басқан «Қайрат» футзал клубы мен Лео Игита ресми мәлімдеме жасап, жанкүйерлерден кешірім сұрады.

 «Кеше Алматыдағы екінші финалдық ойыннан кейін футбол клубтарының атрибуттарына қатысты келеңсіз жағдай болғаны үшін шын жүректен өкініш білдіремін. Барша Қазақстандық футбол және футзал клубтары мен олардың жанкүйерлеріне, атап айтқанда «Ақтөбе» мен «Астана» футбол клубтарына құрметсіздік пен абайсыздық танытқандарымыз үшін кешірім сұраймын.

Біз мұндай оқиғаларға кез келген жағдайда жол беруге болмайтынын және тәрбиеге сыймайтын әрекеттердің болғанын мойындаймыз.

Мен 15 жылға жуық елімізде футзалдың дамығанын және ел футзалында қарсыластарға құрмет пен достық қарым-қатынас әрқашан үстем болғанын қалап келемін.

Өзімнің атымнан және «Қайрат футзал» ұжымының атынан баршаңыздан кешірім сұраймыз!», - деді Лео Игита.

Еске салайық, Қазақстан футбол федерациясы алматылық "Қайрат" футзал командасының және Қазақстан құрамасының капитаны Лео Игитаның қатысуымен болған жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.