Сан соғып қалмау үшін сақтық қажет
Ресми мәліметтерге сүйенсек, биылғы қаңтар-наурыз аралығында 4 ай ішінде елімізде 6,5 мыңнан астам интернет-алаяқтық тіркеліпті. Киберқылмыстан келген шығын 11 миллиард теңгеден асып жығылады.
Егер сізге бәзбіреу еш қиындықсыз, артық қимылсыз екі еседен астам пайда табуға мүмкіндік беретін жол нұсқаса, алдыңызда тұрған алаяқ екеніне күмәніңіз болмасын. Немесе аяқ астынан өкілетті мемлекеттік органдары мен банк қызметкерлері қоңырау шала қалса, тіпті, «құжатын» көрсетіп тұрса да, бірден айтқанын орындауға асықпағаныңыз абзал. Жақыныңыз хабарлама жазып, тіпті бейнеқоңырау арқылы хабарласып, қыруар ақша сұрауы мүмкін, ақша аудармас бұрын, жақыныңызға хабарласып, мән-жайды анықтап алған артық болмайды.
Бұл айтылғандар – қазір алаяқтар қолданып жүрген схемалардың бір парасы ғана. Бір өкініштісі, ескертулерге қарамастан, алаяқтардың құрған торына түсіп қалғандар саны артып барады. Биылғы 4 айда елімізде 6,5 мыңнан астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Мұның бір себебі оңай олжа тапқысы келетіндердің айла-шарғысының түрленуі болып отыр. Өміріміздің түрлі аспектісіне сыналап еніп келе жатқан жасанды интеллект технологияларын алаяқтар қазірдің өзінде игеріп, пайдасына жаратып отыр.
Алаяқтардың айласы түрленіп барады
Елімізде интернет-алаяқтық азаймай тұр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, биылғы қаңтар-наурыз аралығында 4 ай ішінде елімізде 6,5 мыңнан астам интернет-алаяқтық тіркеліпті. Киберқылмыстан келген шығын 11 миллиард теңгеден асып жығылады. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінде биыл 3 мыңнан астам заңсыз ақпаратқа қол жеткізетін сілтемелер бұғатталғаны айтылған. – Кейінгі 6 айда интернетте 36 қаржы пирамидасы анықталды. Олар бойынша WhatsApp, Telegram және Instagram-да 200 чат ашылған, бүгінде олардың 182-сі жабылды. Бұл шара 126 мың азаматты алданып қалудан сақтады, – деп мәлімдеді агенттік. Азаматтар, негізінен, онлайн сауда, инвестиция және банк, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің атын жамылған алаяқтарға алданатын көрінеді. Алаяқтар электронды үкімет порталына кіріп, жеке мәліметтерді ұрлайтын деңгейге де жеткен. Сондықтан Ішкі істер министрлігі азаматтарға телефонына Egov порталынан келген құпия кодты ешкімге айтпауға кеңес береді. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің атын жамылып, немесе қызмет көрсететін компаниялардың өкілі ретінде хабарласып, халықты, әсіресе зейнеткерлерді құрығына түсірген алаяқтар туралы да жиі естиміз. Мәселен, жақында ғана Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі алаяқтар өздерін ұялы байланыс операторының қызметкерлері ретінде таныстыра бастағанын хабарлап, елді сақ болуға шақырды. Ақтөбелік зейнеткер «SIM-картасы одан әрі қызмет көрсетуі үшін» алаяқтарға 2 млн теңге берген. 63 жастағы зейнеткердің атынан алдымен 500 мың теңге несие алып, кейін оның банктегі есепшотынан 1,5 миллион теңге шешіп алған. Ал Қарағанды облысында полиция мен банк қызметкерлері зейнеткердің алаяқтарға ақша аударуына жол бермеуге тырысқан, бірақ қолдарынан келмеген. Киберполицияға банктің қауіпсіздік қызметкерлері қоңырау шалған, бірақ, өкінішке қарай, зейнеткер тәртіп сақшыларына сенбеген. Бірақ алаяқтарға иланып, 750 мың теңге аударыпты. Дегенмен оқиғаның мән-жайын толық түсінген кезде қайтадан полицияға арыз жазыпты. Сондай-ақ қайырымдылық қорларының атын жамылып, ақша жинайтын алаяқтар да көбейген. Бұл мәселені өткен аптадағы Мәжіліс отырысында депутат Динара Наумова көтеріп, Үкіметке бірақатар ұсыныс айтып, депутаттық сауал жолдаған болатын. Одан бөлек, әлеуметтік желілерде азаматтардың атынан жалған аккаунт ашып, оның достары мен туыстарынан қомақты қаражат сұрайтын жағдай да жиілеген. Қазіргі дипфейк технологиялардың көмегімен, тіпті бейнеқоңырау арқылы хабарласуы да мүмкін, бұл технологиялар адамның суреті мен дауысын «меңгеріп алып», суретті қалағанынша «сөйлететін» қабілетке ие. Тек елімізде ғана емес, бүкіл әлем бойынша алпауыт компаниялар deepfake-терге алданып, миллиондаған доллар қаражатын жоғалтқан. Әлем бойынша киберқауіпсіздік сарапшылары қылмыскерлер генеративті жасанды интеллектті алаяқтық үшін пайдалануы уақыт өткен сайын ахуалды нашарлатуы мүмкін екенін айтып дабыл қағып отыр. Яғни, қазір қай жерде, қай платформа, қай салада болмасын алаяқтардан аяқ алып жүру қиындап барады десек, артық айтқанымыз емес. Интернет пен жаңа технологиялардың дамуы олардың «өрісін кеңейтуге» мүмкіндік беріп отыр. Сол себепті сыни ойлау мен ақпаратты тексеру қазіргі ең маңызды дағдының біріне айналып отыр. Ал жауапты мекемелер қандай шара қабылдап жатыр? Нендей жаңалық бар?
Күреске күш біріктіру қажет
Осы аптада «Қаржы пирамидаларын қалай тануға болады, «дропперлер» деген кімдер және заңды бұзбауға қатысты басқа да кеңестер» тақырыбында Қаржы мониторингі агенттігі үлкен форум өткізді. Жиында сөз сөйлеген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова мемлекет қаржы пирамидаларынан төнген қауіпті төмендетуге, халықтың хабардар болуына және азаматтардың қаржылық жағдайын қорғауды күшейтуге мүмкіндік берген жүйелі және ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. – Қаржы алаяқтарына қарсы күрестің ең маңызды бағыты – азаматтардың қаржылық сауатын көтеру. Білімді азаматтар өздерінің қаржылық мүдделерін қорғауға және төнуі мүмкін қауіп-қатерді танып-білуге қабілетті, – деді агенттік Төрағасы. Ал ҚНРДА Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов қаржы пирамидалары мен қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша бірлесіп жұмыс істеудің маңызды екенін айтты. Ол ҚНРДА міндеттерінің бірі – қаржы қызметтерін тұтынушылардың мүддесін қорғау, сондай-ақ қаржы жүйесіне деген сенім мен қаржылық сауат деңгейін көтеру екенін жеткізді. Осыған байланысты Агенттіктің жұмысы бірнеше негізгі бағытқа жіктеліпті. Ең алдымен, қаржы секторындағы қаржы пирамидаларына қарсы күрес аясында заңнамалық және нормативтік реттеу, сондай-ақ қаржы нарығының субъектілерін тексеру жүргізілетіні айтылды. Соның нәтижесінде, 4,6 мың субъектінің ішінен Агенттіктің назарына шамамен 1 110 ұйым іліккен. Заңнама талаптарын орындамаған 3,5 мың кредит беру субъектілері таратылған немесе қайта құрылған. Қазір 970 субъектінің микроқаржылық қызметке лицензиясы бар. – Жедел өзара іс-қимыл жасау және қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл бойынша келісілген шаралар қабылдау үшін 2020 жылы ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды, оның құрамына Бас Прокуратура, ҚМА, ІІМ, АҚДМ және Ұлттық Банктің өкілдері кірді, – деді Нұрлан Әбдірахманов. Сонымен қатар қаржы пирамидаларының қызметін анықтау және жолын кесу бойынша мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимыл алгоритмін көздейтін іс-шаралар жоспары бекітіліпті. Бұл жоспар аясында 39 белгіден тұратын қаржы пирамидалары белгілерінің тізбесі әзірленген. Бекітілген белгілердің негізінде халықты алдын ала ескерту үшін Агенттіктің ресми сайтында 2021 жылдан бастап олардың іс-әрекеттеріне азаматтардан шағымдар келіп түскен, кепілді кіріс алуға уәде берілетін, ақша тарту қызметінің белгілері бар ұйымдардың тізімі жарияланып тұрады. Қазір аталған тізімге 282 субъект енгізілді. Екінші негізгі бағыт – қаржы алаяқтығына қарсы күрес, оның шеңберінде Агенттік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп кредиттік және интернет алаяқтық сын-қатерін төмендетуге және қауіптің алдын алуға бағытталған шаралар кешенін іске асырған. Заңнамалық деңгейде кредиттер беру жөніндегі нормалар жетілдірілді. Олардың ішінде кредиттер алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу, нақты уақыт режимінде кредиттік өтінімдер бойынша мәліметтерді кредиттік бюроға беру жөніндегі банктер мен МҚҰ-ның міндеті, клиентті биометриялық идентификаттауды жүргізбей электрондық қарыздар беруге тыйым салу сияқты шаралар бар. Қосымша нормативтік деңгейде 2023 жылы банктер мен МҚҰ-ның мобильді қосымшаларының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар күшейтілген. Бұдан басқа, электрондық банк қызметін көрсету кезінде банктерге қойылатын талаптарды күшейтуге қатысты шаралар қабылданған. Агенттік қазір интернетте заңсыз контентті іздеуді және бұғаттауды автоматтандырған. Қазірдің өзінде 10 мыңға жуық сайт пен қаржы пирамидаларының белгілері бар аккаунт бұғатталған. Бұдан бөлек, арнайы жұмыс жүргізу үшін әлеуметтік желілер арқылы алаяқтық схемаларға тартылған салымшыларды ерте анықтау жүйесі жасақталыпты. – Алаяқтыққа, қаржы пирамидаларына және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес әрбір азамат үшін маңызды міндет саналады және біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана оның тиімді іске асыра аламыз, – деді Нұрлан Әбдірахманов. Расымен де, күн сайын түрленген алаяқтардың айла-шарғысына күш біріктіру арқылы ғана тосқауыл қойып, алдын алуға болады. Мәселенің себебін бір ғана халықтың қаржылық сауатына сілтей салу немесе жауапты мекемелердің жұмыс атқармауынан іздеу біржақты көзқарас болары анық.
Антифрод-орталық құрылмақ, ол қандай тетік?
Жақында Ұлттық Банк Антифрод орталықтың іске қосылатыны туралы мәлімдеді. Ол қандай тетік, қалай жұмыс жұмыс істейді? Антифрод орталық – қаржы ұйымдары, құқық қорғау органдары, сондай-ақ ұялы байланыс операторлары қосылатын технологиялық платформа. Ол алаяқтық белгілері бар транзакцияларды жедел анықтап, жедел әрекет ету мақсатында әзірленіп жатыр. Ал оның қалай жұмыс істейтініне келер болсақ, алаяқтардың шотына жіберілген аударымдар алты жұмыс күні ішінде бұғатталады немесе қайтарылады. Қаржы ұйымдары, яғни банктер, микроқаржы ұйымдары клиенттерден алаяқтық операциялар туралы өтініштерді қабылдауға және оларды антифрод-орталыққа беруге міндетті болады. Егер күдік расталса, ұйым антифрод орталығына және қылмыстық қудалау органдарына алаяқтық әрекеті туралы хабарлама жібереді, ал ақша аударған азамат үш жұмыс күні ішінде аударымын немесе төлемін қайтарып ала алады. Ресми мәліметке сүйенсек, орталық 22 шілдеде толық іске қосылмақ, ал қазір сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Қазір жүйе сынақтан өтіп, сондай-ақ оның жұмыс істеуіне қажет заңнамалық өзгерістер қарастырылып жатыр. «Алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша деректермен алмасу орталығының қызметін және оның қызметіне қатысатын тұлғалармен өзара іс-қимылын жүзеге асыру тәртібіне қойылатын талаптарды бекіту туралы» ҚҰБ Басқарма қаулысының жобасы әзірленді. Жоба Антифрод-орталық қызметін жүзеге асыру және оның қатысушыларымен өзара іс-қимыл жасау тәртібін, сондай-ақ алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясын жүзеге асырудың бірыңғай дерекқорын қалыптастыру және жүргізу тәртібін айқындайды. Құжатқа сүйенсек, Антифрод-орталықтың тізімінен шығу үшін құқықтық органдардың шешімі қажет. Егер төлем алушы базаға қате енгізілсе, онда оны қара тізімнен тек қаржы ұйымының өтініші бойынша алып тастау мүмкін болады. Ол үшін шот иесі қаржы ұйымына өтініш жазуы керек. – Антифрод-орталық – қаржы ұйымдары, құқық қорғау органдары, сондай-ақ ұялы байланыс операторлары қосылатын технологиялық платформа. Платформа күдікті операцияларды қоса алғанда, алаяқтық операциялар бойынша нақты уақыт режимінде қаржы нарығының субъектілері арасында деректер алмасуды қамтиды. Антифрод-орталықтың міндеті – азаматтардың қаражатын алаяқтық операциялардан қорғауды қамтамасыз ету, алаяқтық операцияларға жедел шара қабылдау және оларды уақытында бұғаттау. Толық функционалы бар өнеркәсіптік енгізу биыл 22 шілдеде – цифрландыру мәселелері жөніндегі тиісті заң қолданысқа енгізілген сәттен бастап жоспарлануда, – деп мәлімдеді Ұлттық Банк. Демек, бұл тетік күдікті, күмәнді шоттарды бұғаттап, оған түскен қаражатты алданып қалған азаматтарға қайтарып бере алады. Алаяқтықтың қай түрі болмасын, көбінесе банк картасы арқылы жүзеге асыратынын ескерсек, бұл бастаманың берері мол болады деген үміт бар. Сондай-ақ қылмыстың мұндай түрін ашу қиын болғандықтан, қаражаты қолды болған азаматтар ақшасын қайтарып алуы екіталай болып келді. Мәселен, алдыңғы жылы жәбірленушілердің тек 2,5 пайызы ақшасын қайтарып ала алған.
Алаяқтарды қалай анықтаймыз?
Сөз басында айтып өткеніміздей, алаяқтардың айласы уақыт өткен сайын түрленіп барады. Бүгін қарапайым көрінген схема ертең күрделеніп, сезікті емес, сенімді көрінуі әбден мүмкін. Сондықтан алаяқтарды жазбай танудың нақты алгоритімі жоқ десек те болады. Дегенмен басты белгілер арқылы сезіктеніп, тексеру арқылы өзіңізді қорғап қала аласыз. Сонымен, алаяқтарды қалай анықтау керек? Ең алдымен, олар ақша немесе жеке ақпарат сұрайды. Алаяқтар түрлі әдістерді пайдаланып, қаржыңызды немесе жеке ақпаратыңызды ұрлауға тырысады. Егер сізден белгісіз біреу немесе ұйым ақша жіберуді, банк шотының деректерін немесе жеке ақпаратыңызды сұраса, бұл алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда күмәнданып, барлығын бүге-шігесіне дейін тексеру қажет. Екіншіден, жылдам әрекет етуді сұрайды. Алаяқтар көбінесе сізді асықтырғысы келеді. Олар «шұғыл» немесе «қазір, әйтпесе тым кеш» деген сияқты сөздермен сізді тез әрекет етуге мәжбүрлеуге тырысады. Егер сізге бір нәрсені шұғыл түрде істеуге мәжбүрлесе, бұл алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін. Үшіншіден, өте тиімді ұсыныс. Яғни, шындыққа жанаспайтындай жақсы ұсыныстар айту мүмкін. Мысалы, өте төмен бағаға қымбат заттарды ұсыну немесе үлкен жеңілдіктер беру, нарықтағыдан екі есе жоғары пайда табуға жол сілтеу және тағы да басқа. Алаяқтар осындай әдістерді қолданып, сізді өзіне тартуға тырысады. Сондай-ақ жалған веб-сайттар мен электрондық пошталардан да абай болыңыз, жалған веб-сайттар мен фишингтік электрондық пошталар шынайы сайттарға ұқсас келеді, бірақ олардың доменіне немесе дизайнына назар аударыңыз. Мұндай сайттарға кіру немесе электрондық пошталардағы сілтемелерді басу қауіпті болуы мүмкін. Мұндай сілтемелер зиянды бағдарламаларды жүктеп алуға немесе фишингтік сайттарға бағыттауы мүмкін. Сондықтан күмәнді сілтемелерден аулақ болу керек. «Техникалық қызмет көрсететін» алаяқтар да бар. Компьютеріңізде бір кілтипан бар деп хабарлайтын және қоңырау шалып, бағдарламаны жаңарту керек екенін айтатын жалған техникалық қызмет хабарламаларына сенбеңіз. Мұндай алаяқтар сіздің ақшаңызды немесе жеке мәліметтеріңізді ұрлауға тырысады. Одан соң әлеуметтік желілердегі хабарламалар. Әлеуметтік желілерде сізге достық жіберген, күмәнді сілтемелер жолдаған адамдарды тексеруге тырысыңыз. Алаяқтар жалған аккаунттарды пайдаланып, сенімге кіруге тырысуы мүмкін. Антивирус және қауіпсіздік бағдарламаларын жаңартып отыру – аса маңызды. Компьютеріңізде және басқа құрылғыларыңызда антивирус бағдарламаларын орнатыңыз және жаңартып отырыңыз. Бұл зиянды бағдарламаларды анықтауға және жоюға көмектеседі. Сондай-ақ қауіпсіздік параметрлерін тексеріп, мүмкіндігінше қос факторлы аутентификацияны пайдаланыңыз. Құпиясөзге де абай болу қажет. Әртүрлі сайтқа немесе әлеуметтік желіге әртүрлі құпиясөз қолданған абзал. Сондай-ақ оларды тұрақты түрде өзгертіп отыру қажет. Құпиясөздерді басқару бағдарламаларын қолдану да тиімді. Мұндай бағдарламалар қазір қолданысқа кеңінен ене бастады. Бұл сіздің аккаунттарыңызды қорғауға көмектеседі. Ең маңыздысы, алаяққа тап болдым деп күмәндансаңыз, бұл туралы жауапты органдарға хабарлағаныңыз жөн. Мәселен, ІІМ-нің киберқылмысқа қарсы күрес департаментіне жүгінуге болады. Олар сізге қажетті көмек көрсетіп, алаяқтарды табуға тырысады. Кибералаяқтардан сақтану үшін осы белгілер мен әдістерге мұқият болу қажет. Сақтық шараларын сақтау және күмәнді көрінген ақпаратты тексеру алаяқтықтың құрбаны болудан сақтанудың ең тиімді жолы екенін естен шығармаған жөн.