T-Newspaper

Бір атаумен жарық көрген 20 кітап

Немесе бір-бірін қайталаған қазақ қаламгерлері

Атау беру, ат қою – адамзат қоғамындағы ең басты нәрсенің бірі. Себебі адам баласы ұғымды, құбылысты атауы арқылы айырады, жанды-жансыздың бәрін атымен айырады. Атаулардың өзі жалқы есім, жалпы есім деп бөлінетіні бар. Біздің өмірімізде жалқы есімнің мәні зор. Ол бір типтегі жанды-жансыз заттарды бір-бірінен айыру үшін қажет, ғылым тілімен айтсақ, «жалқы есім жеке заттың, құбылыстың атауы болатын сөз, сөз тіркесі». Демек, адамның аты-жөні оны өзгелерден айыру үшін, жеке болмыстың иесі екенін тану үшін қажет болса, сол сияқты адам баласы пайдаланатын кейбір заттардың да міндетті түрде жеке атауы болуы тиіс! Мәселен, кітаптар...

Кітаптар екі нәрсемен ерекшеленіп тұра­ды, бірінші авторының аты-жө­нінен, екіншісі – кітаптың атынан. Кітапқа атау берудің түрлі әдісі бар, мәселен бір ғана әдеби кітаптарды алайық: мысалы «Абай шы­ғармалары» деп жалпылама атайтын жағ­дай­лар болады, бұдан автордың түрлі жанрдағы туын­дыларының жинағы екенін білуге болса, ал Мұхтар Әуезов, «Абай жолы» деген атаудан кі­таптың кім туралы екенін тануға болады. Айта берсек, мысал көп, бірақ қалай дегенде де ақын-жазушылардың арасында кең тарал­ған әдіс – кітапқа символикалық (бейнелі), астарлы сипатта ат қою. Демек, әр қаламгер өз кітабына бекерден бекер ат таңдамайды. Ал кітаптың мазмұнына сай әдемі ат қою – үл­кен шеберлік. Адам аттары жайында мәселе түсінікті: ат қою­дың өз шарты, шаблоны бар, сонымен бір­ге әр ұлттың өзіне тән есімдері болады, сол се­бепті кісі аттарында қайталаулардың болуы заң­ды, ал кітап атауын өзгеше етудің жолы көп болғандықтан, бұл тарапта ізденуге мүм­кіндік мол. Бірақ кейде авторлар кітапқа атау беру­де осалдық танытып – тым қарабайыр не­месе бұрын бар аттарды пайдаланып жата­ды. Бұл, әрине, кітап оқитын қауымға жағым­сыз әсер етеді. Оның үстіне мұның плагиаттық сипаты бар. Бірақ оған қарап жатқан қаламгер бар ма?.. Жалпы, қай өнерпаз болсын, арқыраған ақын ба, жарқыраған жазушы ма, күңіренген күй­ші ме – қай-қайсысына да қойылатын ор­тақ талап бар: жасаған туындың ешкімге ор­тағы жоқ ерекше болсын, атымен де, заты­мен де! Өйткені осы үддеден шыққандар ғана жұрттың есінде қалып, шығармаларының ғұ­мыры ұзақ болады. Зерлей қараған адам болса, бізде аты тым қыс­қа – бір әріптен тұратын кітаптан (Серік То­манов, «У» өлеңдер кітабы), атауы тым ұзақ – екі жол өлеңмен аталған («...Қол бастаған Қабыл­ғайсамын, қайқы ғұмырлы Қабанмын», Қабылиса ақынға арналған жыр жинағы) кітаптар табылады. Демек, бұл тарапта сан алуан әдістер бар деген сөз. Солай бола тұра қай­тала-қайталана жұртты мезі еткен кітап аттары да жоқ емес. Мәселен, «Жүректегі жазу­лар»... Былайғы жұртты білмеймін, «Жүректегі жазулар» деген екі-үш кітапты көргенде «е-ее, үлкен ақындарға еліктеп қойған не солай аталатын белгілі ақынның кітабын оқымаған, білмеген шығар» деген де қойғам, бірақ кейінгі кезде осындай аттас кітаптарға жиі кездесе берген соң тексеріп көрсем... әзірге менің қолымда бар мәліметтерге сүйенгенде, 1977 жылдан биылға дейін (47 жыл ішінде) бұл атауды қазақ қаламгерлері өз кітаптарына 20 рет пайдаланыпты! Есепке шақсақ, әр 28 айда шыққан бір кітап «Жүректегі жазулар» деп атанып отырған!.. Сонымен бұл үрдіс қалай басталды?.. Ежелден Орталық Азияның негізгі халықтары қазақ, қарақалпақ, өзбек, түркімен халықтары мекен еткен, тарихи дәуірлерде Бесқала атанған бүгінгі қарақалпақ елінде қандастарымыз көп-ақ. Сонау кіші жүзді Әбілқайыр билеген заманда ханның бұй­рығымен бұл жақтағы қазақтар жайында мәлімет жинағанда, сол тұста Бесқалада 60 мың түтін бар деген дерек әкелген көрінеді. Ал кеңестік дәуірде саны Қарақалпақ АССР-ы тұр­ғындарының үштен бірін иеленген қазақ­тарға бұл елде орта мектепте, кейін ала бір-екі жоғарғы оқу орнында қазақша білім алуға жағдай жасалды. Тек тәуелсіздікке дейінгі ке­зең­де қазақша баспасөзі, театры болған жоқ. Бірақ қазақша кітаптар сатылып, кітап­ха­на­ларға келіп тұратын, Қазақстандағы барлық қа­зақтілді басылымдарды ондағы ел жазды­рып алып оқитын, қазақ теледидарын көруге мүмкіндік болмаса да, қазақ радиосын тыңдай алатын. Мұның бәрі қазақтар шоғырланып отырған елді мекендердегі халыққа әсер етпей тұра ма? Сондықтан ол жақтағы қазақтардың арасынан әнші-күйшілер, жыршы-жыраулар көп шықты, ақын-жазушылары да біраз еді. Міне, сол қаламгерлердің бірі – ақын Қалбай Әбдіраманов болатын. Ол 1965 жылы білім қуып Алматыға кел­ген­мен оқуға түсе алмай, еліне қайтады. Сөй­тіп, 1967 Нөкістегі пединститутқа түсіп, оны бітірген соң баспасөз саласында жұмыс істей жүріп, өзі бала кезінен қызыққан әдебиет жолына өмірін арнайды. Сөйтіп, 1977 жылы ал­ғашқы кітабы, 36 өлеңнен құралған – «Жүрек­тегі жазулар» жарыққа шығады. Одан соң 1981 жылы екінші кітабы – «Келешекке сапар» баспа бетін көреді. Осыдан соң ол шы­ғарған кітаптарын алып Алматыға келіп, рухани ұстазы Мұзафар Әлімбаевқа жолығып, ол бұрын тек хат жазысып отырған шәкіртінің табысына қуанып, кітабын қазақша шығартуға талаптанып, баспаға тапсырады. Бірақ неге екені белгісіз, Қалбайдың кітабына редактор болған Бақыткерей Ысқақовқа қандас ақын кітабының «Жүректегі жазулар» деген аты ұна­май, оны «Әкелердің арқасында» деп өзгер­тіп жіберген көрінеді... Ал сол кезде баспада жатқан, кейін мемлекеттік сыйлық алған атақты ақынымыз Тұманбай Молдағалиевтің 1982 жылы шыққан кітабы «Жүректегі жазу­лар» деген атпен жарыққа шығады. Солайша, атажұртында кітап шығара алмай тауы ша­ғылған қарақалпақстандық жас ақынның кітабының ерекше атауы қазақтың танымал ақынының кітабымен белгілі болып кетті... Сонау тоқсаныншы жылдардың соңында, ол кезде атажұртына әлі жете қоймаған, өлең­дері қазақ тілінде басылмаған кезде Бируни ауданының бір шетінде өзімен-өзі жатқан ақынды белгілі жазушы Бегабат Ұзақов екеуміз іздеп барып, түнімен ұйықтамай әңгімелескен­біз. Сонда ақынның кітаптары туралы бір әң­­­­гімеде, ақын бізге «Әрине, ақынға жақсы өлең жазу қандай міндет болса, кітабының атын ерекше етіп қою да сондай маңызды. Ме­нің алғашқы кітабым – «Жүректегі жазу­лар» екенін өздерің бұрыннан білесіңдер, ал осыны қалай тапты деп ойлайсыңдар? Адамға көп оқудан, оқығаның тоқудан идея келеді. Мен де Дағыстанның ұлы ақын Расул Гамза­тов­тың өлеңдеріндегі «Тастағы жазу», «Шың­дағы жазу» деген атауларға қарап отырып, «Жүректегі жазулар» деген – болашақ кітабыма қоятын атты тапқанымда қуанышым қойныма сыймай жүрдім. Сөйтіп, 30 жасымда алғашқы жыр жинағым «Жүректегі жазулар» басылып шықты!». Көрдіңіз бе, кітап жазу өз алдына бір ең­бек болса, кітаптың атауын табудың өзі – үлкен бір жұмыс, процесс. Сөйтіп, осыдан 47 жыл бұрын алыстағы ағайынның алғашқы кітабы «Жүректегі жазулар» атанса, 42 жыл бұрын әйдік ақынымыздың тамаша кітабы «Жүрек­тегі жазулар» деген атпен танылды. Бірақ қалай да, ол атауды тұңғыш қолданушы, иесі Қалбай Әбдіраманов (1947-2021) болып қала береді. Енді осы «Жүректегі жазулар» атауымен шық­қан кітаптарға шолу жасап көрейік: ІІІ. Қалбай Әбдіраманов пен Тұманбай Мол­дағалиевтен соң бұл атаудағы кітап тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарында Шымкенттен басылып шығыпты. Қазақстан Жазушылар одағының Шым­кент бөлімшесі мен «Аққұс» және «Жібек жо­лы» журналы әзірлеп ұсынған. Баймахан Кәрі­байұлы, «Жүректегі жазулар». Өлеңдер, Шым­кент шаһары, «Қосай» баспа фирмасы, 1994 жыл. Редакторы әрі құрастырушы: Саты­балды Қосалыұлы. Құрастырушының кітапқа  жазған алғысөзіне қарағанда, кітап авторы өлеңді ерте кезден бастап жазған, 1980 жыл­дары Алматыдағы баспаларға ұсынып көріп, шығара алмаған көрінеді. Кітаптың электрон вариантын kazneb.kz сайтынан табуға болады. IV. Садықбек Дулатбекұлы. Кітапта «Жү­рек­тегі жазулар», өлеңдер, 1999 жылы Шонжы деген жазулар бар. Интернеттегі мәліметтер бойын­ша Шонжы ауданының құрметті азама­ты екен. Басқа дерек таппадық, кітабының электрон варианты kazneb.kz сайтында тұр. V. Әкім Ысқақ, ақын, сатирик, эссеист. 15-тен аса кітаптың авторы. Оның «Жүректегі жазу­лар» атты эссе кітабы 2002 жылы «Сенім» баспасынан шыққан, сол баспадан осы кітап­тың орысша нұсқасы да жарық көрген. Атал­ған кітаптың аннотациясындағы «Қаламгер Әкім Ысқақтың 1996 жылы жарық көрген «Аб­залдық әліппесі» атты күнделік-эссесі оқырман қауымының жоғары бағасына ие болғаны, әсіресе жастардың сүйікті кітабына ай­налғаны мәлім. ...Көпшіліктің өтінішімен күн­делік толық күйінде қайта басылып «Жүрек­тегі жазулар» деген атпен жарияланып отыр» деген сөздерге қарап, автор өзінің өзге атау­мен шыққан кітабының қайта басылы­мында оның тақырыбын «Жүректегі жазулар» деп өзгерткенін білуге болады. VI. Мұхтархан Оразбай. Интернеттегі дерек­терде оны Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Түркиядағы белсенді мүшесі, ғалым, ақын, тарих ғылымдарының докторы, профессор екені айтылады. Көптеген кітабы шыққан. Біздің қызығушылығымызды оятқан ол туралы мынадай дерек болды: «Жүректегі жазулар [Мәтін] / М.Оразбай ... – Алматы: Цен­ные бумаги, 2003. - 255 б. – Тұрсынбек Кәкіш­ұлы қоры. – Мәтін қаз., түрік, қытай тілд. – 200 дана» (nabrk.kz сайты). Ғаламтор алдамаса, 2003 жылы бұл кісі де «Жүректегі жазулар» де­ген атпен кітап шығарған. Бірақ кітабы қо­лымызға түспеген соң ол туралы анық ештеңе айта алмаймыз. VIІ. Қайыпназар Шотбасов. (1947-2013), ақын, журналист. Оның «Жүректегі жазулар» атты жыр кітабы Алматыдағы «Өркениет» бас­пасынан 2003 жылы жарық көрген. Көп­те­ген өлең кітаптың авторы, әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін үздік бітірген, журналистік қызметін 1972 жы­лы Бұқара облысы Тамды ауданында бас­тап, 17 жыл «Тамды шаруагері» газетінің бас редакторы болған, Қазақстанға 1999 жылы қоныс аударып, зейнетке шыққанша Жамбыл облысы Байзақ ауданында «Ауыл жаңалығы» – «Сельская новь» газетінде қызмет еткен. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Байзақ ауданының құрметті азаматы. Бір қызығы, бұл кісі Қалбай Әбдіра­мановпен түйдей құрдас және жерлесі. VIII. Қаржаубай Сұлтанғалиұлы, аты­раулық журналист, бірнеше кітаптың авторы. Оның «Жүректегі жазулар» кітабы (очерктер, суреттемелер, репортаждар, фельетондар) Алматыдағы «Өлке» баспасынан 2004 жылы жарық көрген. ІХ. Ербол Шаймерденұлы (1954-2012), ақын, жазушы-публицист, рәмізтанушы. Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қайраткері. Шы­ғармалары бірнеше том болып жарық көрген. Ақынның «Жүректегі жазулар» атты өлеңдер мен поэмалар кітабы «Отырар кітапханасы» сериясымен 2006 жылы «Өлке» баспасынан жа­рық көрген. Кітап «Жанымның жайып жа­пырағын», «Өмірге құштар көңілден», «Тағдырдың тілі» деген үш бөлімнен тұрады. Х. Шанжархан Бекмағамбет, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универси­те­тінің профессоры, филология ғылымдары­ның кандидаты, тіл генетикасын зерттеп жүр­ген білікті ғалым. Ғалымдығымен бірге ақын­дығы да бар. Оның «Жүректегі жазулар» атты жыр жинағы 2010 жылы Қызылорда қа­ла­сындағы «Тұмар» баспасынан жарық көр­ген. ХІ. Дүйсен Аңсабаев. І.Жансүгіров атын­дағы Жетісу университетінің қауымдастырыл­ған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, ақын, ғалым. Жоғары оқу орын­дарына арналған оқулықтардың авторы, бірнеше әннің өлеңін жазған. Оның «Жүрек­тегі жазулар» атты өлеңдер жинағы Алматы­дағы «Ан-Арыс» баспасынан 2011 жылы ба­сы­лып шығыпты. ХІІ. Нағима Сатыбалдина 1932 жылы дү­ниеге келген, батыр ана, «Қазақстан Рес­публикасының еңбек сіңірген мұғалімі». Көп­теген орден-медальмен, түрлі атақпен ма­ра­патталған. Өз өмірі туралы жазған «Жү­рек­тегі жазулар» кітабы 2012 жылы баспадан шық­қан. ХІІІ. «Жүректегі жазулар» деген тағы бір кі­тап 2014 жылы жарық көрген. Кітапқа Мем­­­ле­кет қайраткері Серік Үмбетов ту­ра­лы ма­қа­лалар мен өлеңдер ен­гізілген. Атал­ған кітапты ақын Нү­­сіпбай Әб­діра­хым мен жур­на­лист Күмісжан Бай­жан құрас­тыр­ған. XIV. Ақтөре Ибрагимұлы, ақын, журналист. «Жүректегі жа­зулар» жыр жинағы 2019 жылы басылып шыққан.  XV. Күлшат Есназарқызы­ның «Жүректегі жазулар» кі­табы 2020 жылы шыққан кө­­реді. Ол туралы Facebook же­лі­сін­де ақын, журна­лист Бек­жан Сү­лейменовтің өз парақ­шасында кітаптың суретін сала оты­рып жазған постын оқып қал­дық. Онда аталған кітап туралы бы­лай деген: «Біздің кластың ең көркем, ең ақыл­ды қыздарының бірі – Күлшат Есназар­қызының тұңғыш жинағы «Жүректегі  жазу­лар» деген атпен жарық көрді.  Респуб­ли­ка­ға белгілі баспагер, талантты журналист Мах­мут Қосмамбетов басқаратын «Үш қиян» бас­пасы тағы бір сәтті дүниені оқырманға ұсын­ған екен. Жып-жинақы, қыздың жиған жү­гіндей көркем дүниелер бір деммен оқы­лады. Кітап үш бөлімнен тұрады. «Естелікке тіл бітсе» деп аталатын бірінші бөлім адамның жанын бей­жай қалдырмайтындай әдемі естеліктерден тұрса, «Оқ пен отқа өртенбеген өлеңдер» деп аталатын екінші бөлімге Екінші дүниежілік соғысының ардагері, әкесі Есназар Дошма­нұ­лы­ның еңбектері жинақталған. «Жа­нымның жапырақтары» деп аталатын үшінші бөлім­ге ақын қыздарыңыздың әр жылдарда жазылған өлеңдері жинақталған екен. Ға­ламторда бұл кітап туралы дерек жоқ. XVI. Дүйсенбі Сәнкібайұлының «Жүректегі жазулар» атты кітабы Алматыдағы «Лантар Трейд» баспасынан 2021 жылы шыққан. Кітап 2 500 рубаидан тұрады. 1949 жылы қазіргі Түркістан облысының Созақ ауданында туған құрылысшы ақынның бұдан өзге де жыр жинақтары бар. XVII. Жұмагүл Солтиева – жазушы, Қазақ­станның Еңбек сіңірген қайраткері, халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі журналист-қаламгер. Бірнеше кітаптың авторы. Жазушының «Жүректегі жазулар» кітабы 2024 жылы шыққан. Үш бөлімнен тұра­тын бұл кітаптың алғашқы бөліміне жазу­шы­ның пьесалары, екінші бөлімге хикаяттар мен әңгімелері, ал үшінші бөлімге ел мен жер, өмірі өнегелі адамдар жайлы толғаныстары топ­тастырылған. XVIII. 2022 жылы Әбділда Сәрсенбінің «Үш қиян» баспасынан «Жүректегі жазулар» атты пуб­лицистикалық кітабы жарық көрді. Кітап­қа автордың  публицистикалық туындылары мен мақалалары, ой-толғамдары енгізілген. ХІХ. Жақсылық Бекқожаев (1930-2006) – Қызылорда облысының телерадио коми-тетін бас­қарған белгілі тележурналист. 2023 жыл­дың аяғында оның мұраларының басын қо­сып, бір мұқаба ішіне жинағандар кітаптың атын «Жүректегі жазулар» деп атапты. ХХ. Әзірше біз білетін «Жүректегі жазулар» атты ең соңғы кітап Абзал Бердібайұлы Ба­тыр­ханов атты жас ақынға тиесілі екен. 2024 жылы «Үш қиян» баспасынан шыққан бұл кі­тап­тың Маңғыстау облысы Мұнайлы ауда­нында өткен тұсаукесері жайында 10 наурыз күні өзінің Facebook желісіндегі парақшасына Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Алла­берген Қонарбаев хабарлапты. Басқа жер­ден бұл туралы мәлімет кездестірмедік. Мінеки, 47 жылдан бері бір атаумен шы­ғып келе жатқан кітаптар туралы мәлімет бердік. Орташа есеппен алғанда әр 28 айда «Жүректегі жазулар» атты бір кітап жарық көріп жатыпты. Бұдан нені аңғаруға болады? Біздің қаламгерлер неге біреудің кітабының атын қайталап қоюға құмар? Басқаларды оқымай ма, әлде өзіне ұнаған атаудан айрылғысы келмей ме? Бәлкім, кім біліп жатыр дейтін шығар? Қалайда бұл дұрыс емес. Біреудің он күн ойланып, қырық күн толғанып тапқан атауын оп-оңай иемденіп кету деген ұят емес пе? Мүмкін, кезінде ерте шыққанымен, тағ­дыр­дың теперішінен өз отанына танылмай қалған, Қалбай Әбдірамановтай ақынның тұңғыш  кітабын көп адам білмеген шығар, бірақ Тұманбай Молдағалиев секілді белгілі ақынның кітабының атын, басқасы басқа, қаламгер қауым білмеуі мүмкін бе?.. Біздіңше, бұл да тоқыраудың бір түрі болса керек. Кі­тап­қа редактор болған кісілер немесе кітапты шы­ғарып жатқан баспалар «Жүректегі жазу­ларын» алып жетіп келген авторларға «Мы­на­дай атау бұрыннан бар, кітабыңның атын өз­герткенің дұрыс болар» деп бір ауыз айт­паған ба сонда? Жалпы, кітап атауының қайталануына қатысты қызық көп. Атақты ақынымыз Қадыр Мырза Әлінің 1971 жылы «Домбыра» деген кітабы шықса, дәл сол атпен 1925 жылы Сәкен Сейфуллиннің «Домбыра» деген кітабы жарық көрген!  Белгілі ақын Байбота Қошым-Ноғайдың 1992 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Жа­риям айдай» деген кітабы бар, ал оның за­ман­дасы Аманхан Әлімұлы 2017 жылы шық­қан кітабын «Жариямайдай» деп атапты. Бай­ботаның сондай кітабы барын, марқұм, Аманхан ағамыз білмейді дей алмаймын. Бізде өзге тілде шыққан кітаптардың атын аударып алып, өз кітаптарына пай­даланғандар да табылады. Сондай-ақ біреу­дің кітабының атын өзгерту, түрлендіру ар­қылы да өз кітаптарына атау берушілер бар. Мы­салы, Төлеген Айбергеновтің «Мен саған ғашық едім», Өтежан Нұрғалиевтің «Менің махаббатым» деген кітаптары болса, Фариза Оңғарсынованың «Мен саған ғашық емес ем», «Сенің махаббатың» деген кітаптары бар... Айта берсек, кітаптың атаулары туралы әңгіме көп, тек біз негізінен бір кітап атының қай­талануына шолу жасап көрдік. Дей кел­генде айтарымыз, бүгінде кітап шығарып жүр­ген жастар көп. Солар осындай қайта­лаудан сақ болса екен дейсің. Өйткені қандай атау бірінші рет қолданылғанда әдемі, екінші рет қайталанса, оның мәні кетеді, құны түседі. Жазған кітабымыз мән-мағынасымен де, пі­шінімен де, атауымен қайталанбай, ерек­ше­ле­ніп тұрса, одан асқан не бар?!

Ахмет ӨМІРЗАҚ