Қоғам

Атыраулық зейнеткерге 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды

istockphoto.com

Сотталушының қылмыстық әрекетінен 5 жәбірленушіге 4 млн теңгеден астам шығын келтірілген.

Атыраулық зейнеткер әйел қаржы пирамидасын құрып, 5 жәбірленушіге 4 млн теңге шығын келтірген. Сот үкімімен оның бас бостандығы 3 жылға шектелді.

Атырау қаласының №2 сотында адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен қаржылық пирамиданы құрып және оған басшылық еткені үшін айыпталған (ҚК-тің 217-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы) азаматшаға қатысты қылмыстық іс қаралды.

«Сотталушы адамдар тобының (қылмыстық істің іс жүргізуі бөлектетілген тұлғамен) алдын ала сөз байласуымен қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құрған. Салымшыларды тарту мақсатында кеңсені жалға алып, онда күн сайын үгіт-насихат жүргізіп, жарнамалық баннерлер ілген. Осылайша, кәсіпкерлікке қаражат тартпай, басқалардың жарналары есебінен кейбір қатысушыларды байыту жолымен осы активтерді тартудан мүліктік пайда алу бойынша қызметті ұйымдастырып, басқарғаны анықталды», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Сотталушының қылмыстық әрекетінен 5 жәбірленушіге 4 млн теңгеден астам шығын келтірілген. Сотталушы кінәсін толық мойындап, жәбірленушілермен татуласуына байланысты өзін қылмыстық жауаптылықтан босатуды сұрады. Жәбірленушілер сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатып, қылмыстық істі тоқтатуды ұсынды.

«Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының зейнеткерлік жасы, жәбірленушілерге келтірілген залалды өз еркімен толықтай өтегені ескерілді. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылды. Оған белгілі бір қызметпен айналысу құқығын 3 жыл мерзімге, бас бостандығын 3 жыл мерзімге шектеу түріндегі жаза тағайындалды», - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.