"Нанды 140 теңгеден алып, 354 теңгеден сатқан": Кәсіпкер Алматы облысындағы балалар үйіне азық-түлікті қымбат бағаға сатқан
Наннан бөлек, қарақұмық жармасын 281 тг/кг алып, 687 тг/кг сатқан.
Алматы облысының Қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығында жоғары бағамен сатып алу фактілері анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазір орталықта 120-дан астам кәмелетке толмаған бала тәрбиеленіп жатыр.
Белгілі болғандай, жеткізуші нанды 140 теңгеден сатып алып, оны балалар үйіне 354 теңгеден (153% үстемақымен) өткізген.
Сондай–ақ, ол қарақұмық жармасын – 145% (281 тг/кг алып, 687 тг/кг сатқан), күнбағыс майы - 63% (600 тг/л алып, 977 тг/л сатқан), қант – 38% (350 тг/кг алып, 480 тг/кг сатқан) үстемеақымен жеткізген.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ӘМАТ-қа шекті сауда үстемесінің мөлшері 15%-дан аспауға тиіс.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жеткізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал Орталықпен жасалған ӘМАТ-ты жеткізу шарты 1,3 млн теңгеге төмендету бағытында қайта қаралды.
Сондай-ақ, Агенттік қабылдаған шаралар нәтижесінде өңірдің бірқатар балабақшалары жеткізушілермен сатып алу бағасын 3,9 млн теңгеге төмендете отырып, қосымша келісімдер жасасты.