Ислам қаржыландыруы елімізде неге кең тарамай отыр?
Сауалнамаға қатысқан жеке тұлғалардың 85 пайызы ешқашан да ислам қаржыландыруы өнімдерін пайдаланып көрмепті. Ислам қаржы құралдарына кедергі келтіретін себеп ретінде оның қол жетімсіз екенін, арнайы ақпарат пен ұсынымның аздығын, ислам қаржыландыруы бойынша жаңылысу мен сенім мәселелері де көрсетілген.
Ислам қаржыландыруы бойынша несие алдым немесе депозит аштым, ия болмаса, мүлкімді сақтандырдым дейтін кісіні айналаңыздан жиі кездестіре бермеуіңіз мүмкін. Алайда бұндай қаржыландыру түрінің бар екенінен хабарыңыз бары анық.
Мұсылман елдері ғана емес, Еуропа елдеріндегі аса танымал қаржыландыру көзі неге Қазақстанда кең тарала алмай отыр? Ислам қаржыландыруы біздің елде сұранысқа ие ме деген сұрақ қаржы ұйымдарының өзін де қызықтырады. Жақында «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) қазақстандықтар арасында зерттеу жүргізіп, соның нәтижелерін бөлісті. Қазақстандағы жеке және корпоративті клиенттердің арасында ислам қаржылық өнімдерінің сұранысын білу мақсатында жүргізілген зерттеудің жұмысына Ислам Даму Банкі қолдау көрсеткен. Қазақстанның барлық қалалары мен аймақтарынан зерттеуге қатысқан 13 мың респондент (оның 350-і – заңды тұлға, 12 мыңы – жеке тұлға), осы қаржылық құралға қатысты қоғам пікірінен хабардар етсе керек. Қорытындыға сенсек, олар ислам депозиті мен ислам ипотекасына қызығады екен. Зерттеу аясында діни сенімдеріне байланысты өздерін депозиттік жүйеден тысқары ұстайтын, яғни, депозит ашпаған респонденттер исламдық депозитті ашуға дайын екенін жеткізген. Зерттеу нәтижесі «Жаңа исламдық депозиттердің жалпы сомасы 1,9 трлн теңгеге жетуі мүмкін» дейді. Әрі дәстүрлі депозиттерден исламдық депозиттерге көшу 924 млрд теңгеге бағаланыпты. Қысқаша түсіндіріп өтейік, діни сенімі дегенімізді мақаланың ішінде тарқатып жазатын боламыз, маңыздысы сол – ислам принциптерін қатаң ұстанатын клиенттер біз білетін классикалық банктердің ақшаны көбейтетін қызметін пайдалана алмауы мүмкін. Себебі ислам қаржыландыру банкі пайыздық үстемемен пайда таба алмайды, исламда бұған тыйым салынған. Зерттеушілер ислам ипотекасының көлемі 1,6 трлн теңгеге жетуі мүмкін деп бағалап отыр. Ал тұтынушылық қаржыландыру, автоқаржыландыруы және бөліп төлеу қаржыландыруы (рассрочка) несиелерінің болжамдық көрсеткіші 2,3 трлн теңгеден астам сомаға бағаланған. АХҚО зерттеуінің ұйымдастырушылары «Ислам қаржыландыруы инструменттеріне деген сұраныс жоғары, елдегі мұсылмандар саны артқан сайын осы саладағы қаржыландыру қызметіне деген сұраныс та артады» деген байлам жасапты. Сонымен қатар респонденттерді ислам қаржыландыруы туралы ақпараттан құралақан екені де аңдатқан. Мәселен, сауалнамаға қатысқан жеке тұлғалардың 85 пайызы ешқашан да ислам қаржыландыруы өнімдерін пайдаланып көрмепті. Ислам қаржы құралдарына кедергі келтіретін себеп ретінде оның қол жетімсіз екенін, арнайы ақпарат пен ұсынымның аздығын, ислам қаржыландыруы бойынша жаңылысу мен сенім мәселелері де көрсетілген.
Қаржы алатын адам мұсылман болуы тиіс пе?
Ислам қаржыландыруы деген атпен белгілі қаржыландыру бағытымен алғаш еліміз 90-жылдары таныса бастаған. Мемлекетіміздің әртүрлі халықаралық ұйымдармен байланыс орната бастағаны да сол жылдар ғой. 2009 жылы Ұлттық банк пен Қаржы министірлігінің бастамасымен осынау қаржылық бағытты дамытудың нормативтік-құқықтық құжаттары заңдастырылды, яки, арнайы заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, ислам қаржыландыруының жұмыс істеуіне толық негіз жасалды. Сол кезде Қазақстанда Парсы шығанағы елдерінің банкі Al Hilal банкі ашылған. Қазақстандық кәдуілгі банк Заман Банктің ислам банкіне айналуы да сол кезеңге сай келген. Онан кейінгі нақты қадам ретінде Қазақстан Даму Банкінің алғашқы ислам құнды қағаздарын Қор биржасына шығаруын айтуға болады. Сукук құнды қағаздары малайзиялық Қор биржасына шығарылып, оның негізгі бөлігін малайзиялық инвесторлар, ал үштен бір бөлігін қазақстандық инвесторлар алған. Неге Малайзия десек, жалпы Ислам қаржыландыруының даму бағытына қарасақ, әр аймақта осы қаржыландыруды аса қарқынды немесе орнықты дамытып отырған елдер бар. Таяу Шығыстағы Араб елдері, Оңтүстік Азиядағы Пәкістан, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Малайзия мен Индонезия, Еуропадағы Люксембург, Бельгия, Ұлыбритания, Орталық Азиядағы түркітілдес елдер мен Тәжікстан, Ресейдің Татарстаны және Түркия. Африкадағы бірнеше ел, мұсылман елдерін былай қойғанда, оның ішінде, мәселен халқының басым бөлігі христиан дінін ұстанатын Эфиопия. Бұлардың ішінде Малайзия мен Таяу Шығыстағы ислам қаржы институттарымен Қазақстанның байланысы әу бастан-ақ жақсы дамыған, сондықтан Қазақстан Даму банкінің алғашқы сукуктарын осы елде шығару себебі де – осында. Ислам қаржыландыруының ерекшелігі сол – онда өсімқорлыққа тыйым салынған. Ал кәдуілгі банктер болса, негізінен қаржыға өсім қою арқылы пайда табады. Ислам діні бойынша, тек рұқсат етілген сала бойынша тауар мен қызметті өндіріп соны сату арасындағы маржаны ғана пайда ретінде көруге болады. Ислам қаржыландыруы саласы бойынша сарапшы Ерлан Байдәулет «Ислам қаржыландыруы тек мұсылман үшін деген сөз емес. Ашық бизнес жасайтын кез келген жан ислам қаржы институттарынан қаржы тарта алады» дейді. Ислам қаржыландыруы туралы деген түсінік туралы да сарапшының айтары бар. – Мен қаншама жылдан бері осы ислам жарғысы мен нормаларына негізделген институтты зайырлы қоғамда ислам деген атпен атамауды ұсынып жүрмін. Индустрияны ребрендинг жасаған дұрыс деп ойлаймын. Мәселен, Түркияда мұндай институттар (katylim) қатысушы банктер деп аталады. АҚШ-та non-usury (non-Riba) өсімқор емес банктер дейді, Ұлыбританияда баламалы қаржы десе, Ресейде серіктестік қаржыландыру дейді, Мароккода әлеуметтік немесе өсімқор емес банк деп аталады. Малайзиядағы жергілікті ислам банктерінің ірі клиенттері жергілікті қытайлар екен. Ағылшындар баламалы қаржы институттардан ипотека рәсімдейді. Ал Қазақстандағы ислам банкингінің ең сәтті клиенті ретінде белгілі астық өндірушінің ұлты орыс болғаны есімде қалыпты, – дейді ол.
Тең жағдай жасалынбаған
Қандай да бір қаржы бағыты дамуы үшін арнайы алғышарттар болуға тиіс, ол – сол өнімге сұраныс, оның заңдық негізі және реттелуі. Қазақстандағы ислам қаржыландыруы заңдық негізі мен реттелуі тұрғысынан еш қиындықсыз дамуға жол алды. Жоғарыда айтқанымыздай, заңдық негізі 2009 жылы реттеліп, арнайы заңға өзгеріс енгізіліп, заңдастырылды. Реттеу тұрғысынан да ұпайы түгел. Қазақстан юрисдикциясында және «Астана» халықаралық қаржы орталығы аумағында реттеледі. Естеріңізге салсақ, Қазақстанда қаржы қызметтерін реттеудің екі юрисдикциясы бар. Біріншісі – өзіміз білетін қазақстандық нарық. Өзіміз күнде қызметін пайдаланып жүрген банктер мен қаржылық ұйымдардың қызметін Қазақстанның Ұлттық банкі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және Қаржы мониторингі агенттігі қадағалайды. Мұнан өзге «Астана» Халықаралық қаржы ұйымы юрисдикциясы бар, ол қазақстандық заңдардың емес, өзінің ережелері шеңберінде жұмыс істейді. Ал ережелері ағылшын құқығы мен қазақстандық заңдардан құралған синтез десек болады. Қазақстандық қаржы реттеушілері де, АХҚО қаржы реттеушісі де ислам қаржыландыру бағытына арнайы жағдай жасап, жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Алайда елдегі ислам қаржыландыруының жалпы ауқымы Қазақстанның юрисдикциясындағы 2 банк пен қаржы ұйымының және АХҚО аймағындағы 2 банк пен бірнеше қаржы компаниясының ауқымымен ғана өлшенеді. Оның өзі 30 млрд теңгенің о жақ, бұ жағы. Нақты сомасын екі юрисдикция да беруге асықпайды. Ал Қазақстанның банк секторының ауқымы былтыр 49 трлн теңгеден асып жығылғанын ескерсек, ислам қаржыландыруының үлесі тіпті түк емес екенін көресіз. Бұл арада қалыптасқан тағы бір парадокс туралы да айтпау мүмкін емес. Мәселен, АХҚО 2018 жылы өз жұмысын бастады, бірақ оның юрисдикциясындағы исламдық қаржы компаниялары Қазақстан аумағы тұрғындарына қызмет көрсетуге арнайы рұқсатқа тек 2021 жылдың желтоқсанында ғана ие болды. Дәл сол уақытта қазақстандық реттеушілер мен АХҚО арасында арнайы Валюталық Акт деген атқа ие құжатқа қол қойылды. Бірақ ол рұқсат да толыққанды болмады, өйткені, ислам қаржы ұйымдары қызметін тек АҚШ доллары ретінде ғана көрсете алатын. Мейлі, ол валютамен қызметті АХҚО-да тіркелген өзге шетелдік компаниялар пайдалана алады делік, ал қарапайым қазақстандықтарға ондай қызметтің қажеттілігі шамалы болуы мүмкін. Биыл ақпан айында ғана ислам қаржы ұйымдарына теңгемен жұмыс істеуі мүмкіндігі берілді. Қазақстандық қаржы реттеушілері мен АХҚО Валюталық Актінің екінші бөліміне қол қойды. Біз әңгімелескен келесі сарапшымыз Азат Өтепбай OD Consulting компаниясының негізін қалаушы және басқарушы директоры. Оның компаниясы АХҚО аймағындағы қаржы компанияларын тіркеуге маманданған. – Ислам қаржы ұйымдарының өз қызметін кеңірек тарата алмай отыруының себебі қазақстандық қаржы ұйымдары мен ислам қаржыландыру ұйымдарына теңдей жағдай жасалынбағанынан деп түсініңіз, – дейді Азат Өтепбай. Оның айтуынша, ислам қаржыландыруы бойынша компаниялар үшін Қазақстан нарығына кіру құны кәдімгідей қымбат. Қазақстанда жұмыс істейтін кәдуілгі банктер мен исламдық қаржыландыру саласындағы компаниялар үшін шарттар бірдей емес. Жалпы, кәдуілгі банк пен Ислам банкі арасындағы негізгі айырмашылық – Ислам банкі пайыздық үстемемен пайда таба алмайды, исламда бұған тыйым салынған. Сондықтан да исламдық қаржыландыруды «этикалық қаржыландыру» деп сипаттау кең тараған. Ал қазақстандық дәстүрлі банктердің барлығы қаржының үстінен үстеме салу арқылы пайда табады. Енді салыстырып қараңыз, егер Ислам банкі қызметін пайдаланғыңыз келетін Қазақстанның азаматы болсаңыз, сіз еліміздегі банктердің қай-қайсысына барсаңыз да, ол жерден ислам қаржы құралдарын пайдалана алмайсыз. Ол үшін сіз АХҚО банкіне келуіңіз керек. АХҚО банкіне келгеніңізбен, ол банк сіз қалаған қызметті көрсете алмауы мүмкін. Өйткені, ол күні кешеге дейін тек доллармен жұмыс істеуге құқылы болды. Ал қарапайым қазақстандыққа доллармен жұмыс істеу тиімді емес, ол депозитін теңге түрінде салғысы келеді, несиені теңге бойынша алуға мұқтаж, көлігін теңгемен сақтандыруды қалайды, түптің түбінде үйінің коммуналдық төлемін теңгемен төлеуге тиіс. Бірақ бұл қызметтердің қай-қайсысын да АХҚО банкі жүргізе алмайды. Сондықтан қазақстандық азамат кәдуілгі банкке барып, өзіне қажетті қызметті алуды жалғастыра бермек. – Ислам банкінің дамуына негізгі кедергілердің бірі ислам «терезесінің» ашылуына тыйым. Қазақстандық банктер өздерінің бар инфрақұрылымы негізінде ислам құралдарын пилоттық режимде тестілей алмайды. Ал инвесторлар келіп, осы рынокті ашу жолындағы әр этапта қиындықтарға кезігіп тұрады. Нарыққа кіру құны қымбат. Осы күні кешеге дейін АХҚО-да ислам банкингі лицензиясын алу үшін пруденциалдық талап 10 млн АҚШ долларынан, ал ислам қаржыландыруы ұйымы үшін 2 млн АҚШ долларынан басталатын еді. Қазір бұл талаптар сәл оңтайландырылды. Енді исламдық банкингті бастау үшін 5 млн АҚШ доллары, ал исламдық қаржылық ұйымдарын ашу үшін 100 мың АҚШ доллары (тек өз қаржыңмен жұмыс істеген жағдайда), 500 мың АҚШ доллары (егер өзге тараптың қаржысын пайдалансаң) болып жеңілдетілді, – дейді ол. Азат Өтепбайдың айтуынша, қазақстандық микронесиелік ұйымдар мен исламдық ұйымдарды салыстырсақ, қазақстандық компанияның минималды жарналық капиталы 200 млн теңге, бұл дегеніңіз, 500 мың АҚШ долларынан да аз. Әрі олар бұл қаржыны қаржыландыруға жұмсай алады. Ал исламдық қаржы ұйымдарының күні кешеге дейін пруденциалдық норматив бойынша 2 млн доллар жарнасы болуға тиіс еді, әрі жарнасын «қатырып» қояды, тиісуге тыйым салынған. Бұған қоса, Азат Өтепбай лизингтік, акция шығару (сукук), бөліп төлеу құралдары (рассрочка) бойынша тең емес жағдайдың қалыптасқанын айтады. – Лизинг қызметін алайық, Қазақстандағы кез келген жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) компаниясы ескертпе беріп, лизинг қызметін бастап кете алады, оған жарналық капитал бойынша талап болмайды. Ал ислам лизингі Иджарамен айналысатын компания өз қызметін бастар кезде одан ең алдымен Акционерлік Қоғам (АҚ) құруды талап етеді, жарғылық капиталы болуы шарт, корпоративтік басқару бойынша міндеттемесі болады десек, Директорлар Кеңесін құруға, әрі қарай есебін жариялауға тиіс. Қазақстан Қор биржасында Сукук, яғни, биржада облигация шығаруға қатысты талаптары да қазақстандық компаниямен салыстырғанда, тең емес. «Ал енді бөліп төлеу (рассрочка) құралын алайық, егер исламдық компания осы құрал бойынша жұмыс істейтін болса, оған Ислам банкінің лицензиясы қажет, өйткені, кез келген сауда іс-шарасынан қосымша құн салығы алынады. Бұған қоса, Ислам банкін құру дегеніміз оның жарнасына миллондаған доллар салу деген сөз, оның несиелік портфелі үшін жұмсалатын қаржысы бар. Сондықтан да Buy Now Pay Later (BNPL) қолма-қол қаржыландыру құралдарын іске қосу қиын болды. Қазір ғана оған мүмкіндік беріле бастады. Ол Валюталық Актінің аясында ғана мүмкін болып отыр», дейді сарапшы. Бірақ Азат Өтепбайдың айтуынша, бөліп төлеу құралы халық арасында көбірек сұранысқа ие мүмкіндігі болғанымен, оның сыртында тәуекел де тұр. – Біздің елде осы құралмен алынатын қарыздың қайтарылмау көрсеткішінің жоғарғы екенін ескерсек, бұл тиімді қаржылық құрал емес. Бәлкім, біз шағын және микробизнесті қаржыландыруымыз қажет шығар, өйткені, бұл кәсіпкерлікті қолдап, қоғамға пайдалы құрал болар ма еді? – дейді Азат Өтепбай.
Екі лицензия бар
Қазақстандағы ислам қаржыландыруы «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) реттелетінін жоғарыда жаздық. АХҚО аумағында исламдық қаржылық қызметке мүмкіндік беретін екі лицензия бар. Біріншісі – исламдық банкинг, яғни, депозит ашып, шот жүргізу қызметтері. Екіншісі – ислам қаржыландыруы. Осы ұйымның Қаржы реттеушісі Astana Financial Services Authority (AFSA) мәліметтеріне сүйенсек, ислам қаржылық компаниялары, активтерді басқару компаниялары, ислам брокерлік-дилерлік компаниялар және ислам сақтандыру компаниялары АХҚО қатысушысы атана алады. «Ислам қаржыландыруы құрылыс, сауда, туризм салаларын қамтиды, 3.3 млрд теңгені құрайды. АХҚО юрисдикциясында Ұлыбритания, АҚШ, Малайзия, Бахрейн, Катар, Ресей (Татарстан) және Қазақстанның компаниялары тіркелген. Жергілікті Al Saqr Islamic Bank Ltd., Kazakhstan Islamic Finance Company, Alif Islamic Bank ұйымдары АХҚО реттеу лицензиясына ие» делінген AFSA баспасөз қызметінің мәліметінде.
Маман керек!
Бұл саланың әрі қарай дамуына қажетті шарттар туралы сарапшылардың пікіріне тағы бір мәрте құлақ астық. Сарапшы Ерлан Байдәулеттің айтуынша, билік, әсіресе, орталық реттеушілер ислам қаржыландыруының негізгі бағытын, яғни, экономиканың қаржылық механизмінің ажырамас бөлігі екенін түйсініп, бүкіл экожүйенің құрылымдалып бітуі үшін қолдаулары қажет. – Бұл саланы жүйелі түрде қолдаудың тағы бір мысалы, ислам қаржыландыруы өзге де кәдуілгі банк қаржылық механизмдері секілді мемлекеттік қолдауға ие болуын мойындау қажет, мәселен, салықтық бейтараптық, бұл тұрғыда Британ Достастығы елдері арасында ислам қаржыландыруын енгізудегі ағылшын құқығы пайдалы болуы мүмкін, – дейді ол. Салықтық жоспарлау мен құрылымдауды қайта қарастырған жөн. 2010-2011 жылдары біз салық комитетін ислам қаржыландыруындағы саудалық мәмілелерден салық алмау бойынша көндіре алмадық. Ислам институттары онсыз да нағыз сауда құралдары, егер оларға салық төлетсек, ол екі есе салыққа айналады. Демек, қызмет құны қымбаттайды. Сондықтан Экономика және Қаржы министрліктері ислам қаржыландыруына салықтық бейтараптықты ұстанғысы келсе, практикалық және техникалық көмек үшін бұл арада АХҚО-ның ағылшын заңы бойынша тәжірибесін пайдалануға болар еді, – деген пікірін де қосты. Сарапшы Азат Өтепбайдың айтуынша, ислам қаржы ұйымдарының мәселелерін шешу үшін реттеушілер біртіндеп келісімге келіп, ислам қаржы компаниялардың бір-бірінің юрисдикциясына көрсететін қызметтерін өзара жеңілдету, оңтайландыруды жүргізіп келеді. – Дәстүрлі банктердегі «ислам терезесінің» ашылуы осы бағыттағы қызметтің кеңеюіне әкелер еді, – дейді ол. Сарапшы «қазір шариғат бойынша консультанттардың аздығы да көзге көрінеді» дейді. – Ондай мамандар кәдімгі қаржылық қызметті де білуге тиіс, ислам нормалары бойынша қаржылық қызметті реттеуден де хабардар болуы қажет. Бұған қоса, ондай консультанттар ағылшын тілін де меңгеруі керек. Өйткені, АХҚО аймағындағы қаржы ұйымдарына қызмет ағылшын тілінде ғана көрсетіледі. Осындай мамандарды тек кейбір араб елдерінен ғана тарта аласыз, бірақ қызметі қымбат, жылына 30-50 мың АҚШ доллары көлемінде. Ресейдің Татарстанында қаржы саласын да, шариғаттың қаржыға байланысты талаптарын да меңгерген мамандар бар, бірақ олардың ағылшыншасы жетпей жатады, – дейді ол.
Гүлнәр Мұқанова, журналист