Қоғам

Биыл Астанада кезекте тұрған 3,3 мыңнан астам отбасыға пәтер беріледі

www.gov.kz

Қазірге дейін елордада әлеуметтік тұрғын үй алуға кезекте 40 878 азамат тұр.

Биыл Астанада тұрғын үй алуға кезекте тұрған тұрғындарға 3 382 пәтердің кілті табыс етіледі, деп хабарлайды turkystan.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазірге дейін елордада әлеуметтік тұрғын үй алуға кезекте 40 878 азамат тұр. Соның ішінде жетім балалар, яғни ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар бар. Сонымен қатар ол тізімде халықтың әлеуметтік осал топтары әрі мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілері мен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар да тұрғын үй алуға кезекте тұр.

Биыл елорданың тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы 3 382 пәтер, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасылар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы, жұмыс істейтін жастар үшін кредиттік тұрғын үй, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй, "Елорда жастары" өңірлік бағдарламасы шеңберінде беруді жоспарлап отыр.

Бүгінде аталған пәтерлердің 1 342-сінің кілті табысталды. 

Еске сала кетейік, елордада ескі тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасы аясында апатты үйлерді бұзу және елорда тұрғындарын жаңа тұрғын үйге көшіру қарастырылған. 2024 жылы 60 апатты үйдің тұрғындары 1400 пәтерге көшіріледі, яғни елорданың 4200-ге жуық тұрғыны жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Астанада 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жаңарту жобасы шеңберінде жалпы саны 206 апатты үйдің тұрғындары 4 710 пәтерге көшіріледі деп қарастырылған.